Фк "Тараз" қарызынан құтылды

1395

Жамбылдық клуб директоры Жандос Ахметов осылай деп хабарлады.

Фк "Тараз" қарызынан құтылды

Өткен жылы Фк "Тараз" басшысы болып қызметке келген Жандос Ахметов бұрынғы басшылықтың былықтырып кеткен қарыздарын қайтарып әлек. Ол осыған дейін де бірнеше мәрте сұқбат беріп, болып жатқан жағдайдың мән-жағдайын ашып берген еді. Көптеген ойыншы 2020 жылы қалып кеткен жалақыларын ала алмай, Лозаннадағы арбитражды сотқа шағым жазған. Олардың ішінде Эривалдо секілді ойыншылар бар. Алаңға 2-3 рет шығып, 60 миллион теңге көлемінде жалақы алған легионерлер клубты құрдымға батырып жіберді. Соның салдарынан клуб биыл өздігінен Премьер-лигадан бас тартты. Себебі, жоғарғы лигада ойнап жүретіндей шамасы жоқ. Артында қыруар қарызы бар. Жалғыз қисынға келетін шешім осы болды. Бұл жағынан клуб басшылығы стратегиялық дұрыс бағытты таңдады.

Армениялық бапкерлер штабы жалақыларын қолма-қол алмағандықтан, шағым түсірген. Заң бойынша клуб оның барлығын өтеуі тиіс. Енді міне, биылдан бастап клубтың оларға еш қарызы жоқ. Команда ендігі қалған азын-аулақ қарыздарын жапса, түбегейлі тазарып қалады. Осыны ойластырып жатқандықтан команда биыл Түркиядағы оқу-жаттығу жиындарына да бармады. Шымкент қаласындағы жаттығу жұмыстарын жүргізіп, Бірінші лигаға дайындалып жатыр. Жергілікті талантты жастарға мүмкіндік беріп, олардың да бағын сынап көрмек. Жылма-жыл бір талантты ойыншыны шығаратын жамбылдық ұжымнан биыл тағы да осындай мықты футболшы көзге түсуі тиіс.

Сонымен қатар, клуб жаңа демеушілер тартып, маркетинг бойынша да жұмыстар істеп жатыр. Команданың өзінің фан-дүкені ашылып, жанкүйерлермен жұмыс қарқынды жүрді. Клубтың баспасөз қызметі еліміздегі клубтардың ішінде алдыңғы қатарға шықты. Биыл Қазақстан кубогы мен Бірінші лигасында өнер көрсететін бұл клуб көпшілік мамандардың назарында болары анық. Биылғы жылға қойылған мақсат "Тараз" футбол клубының балансын қарыздан түгелімен тазарту. Егер осы мақсат жүзеге асса, онда келесі жылдан бастап қазақ футболының ұстаханасы жаңа өмірге қадам басады. Қазір діттелген меженің тең жартысына келіп қалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу