Fly Arystan неге халықтың сынына ұшырады?

2715

Авиакомпанияның қандай әрекеттері жолаушыларға ұнамайтыны анықталды, деп жазады Inbusiness.kz

Fly Arystan неге халықтың сынына ұшырады?

Бүкіл әлемде лоукостер ұғымы – қызметтің жоғарғы сапасын білдірмейді. Ондағы басты мақсат – көздеген жерге ұшып бару. Мысалы, ресейлік төмен бюджетті әуе тасымалдаушысы "Победа" өз жоспарын жүзеге асырса, оның жолаушылары тік тұрған күйде ұша бастауы ықтимал. Қазіргі кезде әлемде жолаушыларды құлап қалмауы үшін осы күйде бекітуге мүмкіндік беретін креслолар енгізілуде. 

"Победа" арзан билеттердің санын көбейтіп, тиімділікті арттыруға ықпал ететін әртүрлі ұсыныстар мен нұсқаларды зерделеуде. Соның ішінде егер қауіпсіздігі дәлелденіп, сертификатталса, жолаушылар тік тұрып орналасатын креслоларды сатып алу қарастырылуда", – деп хабарлады лоукостер. Мұндай креслоларды италиялық Aviainteriors өндіреді. Ол ұшақ салонына мейлінше көп жолаушыны сидырып, бір рейсте көбірек адам тасуға жол ашады.

Дегенмен, арзанқол қызмет деген сыпайылық пен әдептілікке жат болмаса керек. Сондықтан қазақстандықтар еліміздегі тұңғыш әрі жалғыз отандық лоукостерден сый-қошемет көрсетпегенімен, ең құрығанда клиенттерге құрметпен қарауды талап етуде.

Саясаттанушы, "Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры" Талғат Қалиев пікір білдірді.

"FlyArystan рейсіне тіркелдік. Дөрекілік шектен шығады. Бір жолаушыға қызмет көрсету 15–20 минутқа дейін созылды. Оның үстіне кезекте ұзақ тұруың керек. Тіркеуші агенттер қол жүгін алып өту нормаларын ұзақ түсіндіретінге ұқсайды. Бұл процесті әлдебір жолмен тездетуді сұрап, супервайзеріне жүгіндік. Ол мұндай өтінішке ашуланып: "Меня это не касается", – деді. Билетті сатып алу кезінде "басымдықты отырғызуға" жеке ақы төледік, бірақ оның тіркеуге түк қатысы жоқ болып шықты. Салдарынан, бір рейске ұзын-сонар кезек жиналып қалды. Мұндай қалың топ тіпті көптеген бағытқа бір мезгілде тіркеу жүргізетін "Эйр Астанада" да жоқ шығар. Өзі ұлттық лоукостер аталады, бірақ ұлтқа қызметі байқалмайды", – деп бас шайқайды Талғат Қалиев.

Ол уәкілетті меморганға – Индустрия және инфрақұрылымдық даму комитетіне аталған әуекомпания тарифтерінің қаншалықты негізді екенін бағалап, оның жолаушыларға қызмет көрсетуіне қатысты дау-жанжалдарға талдау жүргізуге кеңес берді.

Әлеуметтік желіде "Бакенти Астана" бүркеншік атымен белгілі қоғам белсендісі Бақытжан С. осы әуе тасымалдаушысымен ұшамын деп, қандай оқиғаға жолыққанын әңгімеледі.

"Бұл оқиға елорданың Н.Назарбаев атындағы әуежайында орын алды. Әріптесім екеуіміз алғаш рет Fly Arystan-мен Нұр-Сұлтан қаласынан Алматыға ұшуға ұйғардық. Отырғызу билетін кеш алдық. Тіркеу орнына келдік. Ондағы қыз біреуіміздің фамилиямызда бір әріп қате басылғанын жеткізді және рейске тіркеуге рұқсат ете алмайтынын мәлімдеді. Көптеген авиакомпаниялар аты-жөнде 3 әріпке дейін қате болса, ұшақ салонына жібере береді. Біз адамгершілік танытуды өтіндік, әртүрлі дәйек келтірдік, сапардың маңызын түсіндірдік, былқ етпеді", – дейді ол.

Жолаушы компанияның байланыс орталығына қоңырау шалады. Алайда 20 минут бойы ар жақтан ешкім телефон көтермеген. Уақыт болса, уыстан сусып барады.

"Содан аға менеджеріне жүгіндік, фамилияда жалғыз ғана қате кеткенін көрсеттік. Байланыс телефонына шыға алмағанымызды айттық. Бірақ дәйектемелерді ол да қабылдамады. Онымен қоймай, тіркеу уақыты аяқталғанын, енді жолаушыларды рейске қабылдамайтынын, ал ұшаққа отырғызу аяқталып қалғанын айтып салды. Жазған құлда жазық бар ма, контакт орталығына қоңыраулатуды жалғастырдық, ақыры ар жақтан бір қыз "әу" деді. Алайда ол қыз қайта рәсімдеп үлгірмейтінін мойындады. Біз керемет өкпелеген күйі теріс айналып кете бастаған едік, кенет "енді адам қабылдамаймын" деп табандаған жігіт кері шақырмасы бар ма? "Жарайды, құжаттарыңызды беріңіздер!" деп, отырғызу билетін ұсынды. Әріптесіміз екеуіміз, қатты абыржыған күйі "гейтке" бет алдық. Әлгі жігіт әлденені дәметіп, ұзаққа созды ма деп болжадық", – дейді ол.

Келесі көрініс естен тандыра жаздапты.

"Ұшаққа отырғызатын жерге келіп, сыртқа көз тастағанда сілейіп тұрып қалдық: біздің ұшағымыз таяуда ғана қонып, алдыңғы рейстің жолаушыларын енді ғана шығарып жатыр! Алматыға бет қойған бірде бір адам салонға отырып үлгірмеген. Әлденені шатастырып алған шығармыз деп, адамдардан сұрастырдық. Жоқ. Дәл өзі, біздің рейс! Не күлерімізді, не жыларымызды білмедік. Осы күйде ұшаққа отыра бастадық. Кенет артқы жақтан бір әйел атып тұрып, айғайға басып, қарсы жүрген адамдарды итере-митере сыртқа ұмтылды. Сөйтсе, бұл оның ұшағы емес екен, себебі оған Шымкентке ұшатын рейс керек! Бір әріп қатесі үшін ішке кіргізбей қоя жаздаған "майталман мамандар" бөтен рейске отырғызу талоны бар жолаушыны өткізе салған ба? Әріптесім екеуміз қосыла қарқ-қарқ күлдік", – деді Бакенти.

Азат Ғалеев осыған ұқсас оқиғаны бастан өткергенін растады: "Бұлар аты-жөндегі қате әріпті өзгерту үшін тіпті ақша алуға талаптанды".

Әрине, әуекомпаниясын біржақты жамандауға болмайды. Бұл жерде мәселенің туындауына жолаушылардың тәртіп танытпауы да түрткі болуы мүмкін. Біріншіден, билетті брондағанда дербес деректердің дұрыс толтырылуына абай болған жөн. Екіншіден, рейске ең болмаса, бір-екі сағат ерте келген жөн. Үшіншіден, нақты дәйектемелер ұсынылмай, қызметкерлердің ешқайсысын жемқорлыққа айыптауға болмайды. Қайта көмек қолын созғанына алғыс білдірген жөн.

"Аты-жөнді жаңылыс жазу менің де басымнан өтті. Смартфондағы Т9-дың әлегі. Жете зер салмаған өзім де кінәлімін. Билетті "Авиатадан" сатып алғанмын. Қалған сомаға ваучер жасауды ұсынды, сонда оны болашақта пайдалануға болатын көрінеді. Ақыры не болды? Ваучер билетке ұқсас шығарылыпты, яғни фамилиямда жіберілген қатені қайталаған. Салдарынан билет те жарамсыз болып қалды, ваучерді де енді пайдалана алмаймын. Бұдан қандай сабақ алуға болады? Билет сатып алғанда деректердің дұрыс енгізілуін 100 рет қайталап тексеріңіз", – деп ақыл қосты елорда тұрғыны Жандос Рақымжанов.

Әйткенмен, қызмет көрсету саласында мәселе жоқ емес, бар. Әуекомпаниялардың тірлігіне қатысты шағым қордалануда. Ұшақтардың кешігуі де жолаушыларды ашындырады.

Елорда тұрғыны Берік Ыбраев Fly Arystan қызметкерлерінің әмиян-барсеткаларды, немесе әйелдердің кішкене қол сөмкесін не себепті өлшеуге тапсыруға мәжбүрлейтінін түсінбейтінін айтады. Таяуда ғана елорда әуежайында өзінің және әйелінің қол жүгін лоукостерге қатар алып өтпек болған азаматқа қатысты дау-жанжал мен "жағажыртыс" болды. Әр тарап өзінікі дұрыс екенін дәлелдеуге тырысты. Таласқа тәртіп сақшылары араласты.

Әлеуметтік желіде, форумдарда пікір білдірген азаматтар ұлттық лоукостердің жағымды жақтарына да назар аударуда. Ұшақтары жаңа. Артық қол жүгіне алдын ала төлем жасаса, проблема туындай қоймайды. Стюардессалары сыпайы, ақжарқын, достық пейілді. Сонымен бірге компания өңірлеріміз арасында арзандау бағамен ұшуға мүмкіндік береді. Яғни, қарапайым халыққа арналған әуе тасымалдаушы.

Ендігі мәселе – барға тоқмейілсімей, жеткенге мақтана бермей, сынды дұрыс қабылдап, қызмет сапасын арттыра беруде. Сонда Fly Arystan ел мақтанышына айналуы ғажап емес.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу