FlyArystan-ды қаржыландыру тәсілі жария етілді

2856

Ел көп күткен бюджеттік жаңа әуе компания билетінің құны тіпті де арзан болмайын деп тұр.

FlyArystan-ды қаржыландыру тәсілі жария етілді

Қазақстан тарихындағы бірінші лоукостер FlyArystan тарифтерінің алдын ала орташа бағасы белгілі болды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев тұңғыш отандық арзанқол әуе тасымалдаушы FlyArystan-ның ел ішіндегі рейстеріне арналған билеттің базалық бағасын атады: ол бойынша облыстарымыз арасындағы сапар орташа есеппен 45 долларға түседі деп күтілуде.

Бұл шамамен 17 мың теңгедей қаражат. Бұл ретте сарапшылар қолданыстағы әуе компанияларының кейбірі бұрыннан 10-12 мың теңгенің айналасындағы бағада-ақ өңіраралық жолаушылар тасымалын жүзеге асырып жатқанына назар аудартады. 

"Бұл алдын ала баға. Рейстерге билет сату басталғанда, нақты сандар жарияланады. Әзірше бізге FlyArystan әуекомпаниясынан келіп түскен, қолымызда бар мәлімдемелерге жүгінсек, орташа тариф шамамен 45 АҚШ долларын құрайтын болады. Мұның өзі классикалық тасымалдаушылармен, мәселен, Air Astana-мен салыстырғанда, 2-2,5 есеге арзан", – деді Талғат Ластаев.

Бірақ осы 45 доллар бекіп қалғанның өзінде, оның құны кейбір жолаушылар үшін одан әрі қымбаттамақ. Өйткені өзге тасымалдаушыларда билет құнына кіретін көптеген тегін қызметтер "ұшатын Арыстанда" ақылы болады.

Айта кету керек, таяудағы үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев отандық бірінші лоукостердің еліміз бойынша рейстерін ашу жұмысын бастау туралы қайталай тапсырма берген болатын.

Өйткені қазіргі күрделі шақта әуе сапарлары қазақстандықтардың қалтасын қағуда: жедел сапарлау қажет болғанда, темір жол көлігіне кейбір бағыттарда билет табу қиын. Сондықтан азаматтар амалсыз, ел ішінде ұшатын әуе компанияларына жүгінуге мәжбүр.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, FlyArystan өз қызметін 2019 жылғы мамыр айында бастайды деп күтілуде. Жаңа лоукостер ұлттық әуе тасымалдаушысының құрамына кіреді, сондықтан оған "Air Astana" алғашқы кезеңде Airbus 320 маркалы 4 ұшақты беретіні мәлім болды.

"Екі ұшақ дайын, олар Қазақстанда. Жалпы алғанда, төрт борт болады, бұлар А320-лар, су-жаңа ұшақтар. Бүгінде біз жаңа әуекомпания жұмысын заңдастыру үшін қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізудеміз", – дейді Жеңіс Қасымбек.

Өз кезегінде азаматтық авиация комитетінің төрағасы лоукостердің қандай бағыттарда ұшатынын хабарлады.

"Бірінші кезекте, FlyArystan "Астана – Алматы" бағыты бойынша ұшуды бастайды деп жоспарлануда. Себебі, бұл ең көп сұранысқа ие бағыт. Бұдан бөлек, ары қарай әуе компаниясы Павлодарға, Таразға және Қарағандыға жолаушылардың әуе тасымалын жолға қоймақ. Тек осыдан кейін бағыттарының желісі кеңейтілетін болады", – деді Талғат Тілеубекұлы.

Ол FlyArystan-нан жайлылық тұрғысынан көп нәрсе күтпеу керектігін меңзеді: классикалық лоукостерлердің басты мақсаты жанға жайлы ұшуды қамтамасыз ету емес, ол үшін бірінші орында жолаушыны мейлінше арзан бағаға діттеген жеріне жеткізу тұрады.

"Флай Арыстан классикалық лоукостер үлгісінде жұмыс жасайды. Тиісінше, оның билетінің құны жолаушының ұшу барысында қызметтерді қанша көлемде және бағада алғысы келетініне қарай құбылатын болады. Тамақтандыру, сусын-ішімдіктер, құлақша-наушниктер және басқа да қызметтер билет құнына кірмейді, ақылы болады. Осы қызметтерді пайдалануды қалағандар жеке төлейді. Ал барынша аз қаржыға жетуді көздегендер тек жол ақысын ғана төлейді. Әйтпесе, басқа әуе тасымалдаушыларында сіз бұл қызметтерді тұтынсаңыз да, тұтынбасаңыз да, қасыңызда жүк болса да, болмаса да, олардың құны билет бағасына кіреді. Яғни, сіз өзіңіз сұратпаған қызметке төлейсіз. Лоукостер басқаша жұмыс жасайды: егер артық қолжүгіңіз болмаса, өзімен бірге 20 келі заттар мен сыйлықтар әкеле жатқан көршіңізге қарағанда, арзанға ұшасыз", – деп түсіндірді комитет басшысы.

Осы орайда Fly Arystan 5 келі жүкті тегін алып жүруге ұлықсат ететіні анықталды. Салмағы одан асатын жүк үшін қосымша төлеу керек болады. Бұл жерде багаж үшін тариф 15, 20 және 35 келі болып бөлінеді.

Осының алдында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі бағаларға қатысты салыстырма ұсынған болатын. Оның дерегінше, "Эйр Астананың" Қазақстан бойынша билеттерінің орташа құны шамамен 100 доллар тұрады. Ал Fly Arystan-да тариф 40-45 доллар айналасында болады деп болжануда.

"Демек, баға шынында екі еседен астамға төмен болып отыр. Әрине, біз "Эйр Астанаға" қарағанда, Bek Air мен Scat-та баға әлдеқайда арзан екенін де білеміз. Әйткенмен, Fly Arystan бұл компаниядағылардан да төмен бағаны ұсына алады деп санаймыз. Қазір оның барлығы есептелу үстінде", – дейді министр.

Ол барлығы ойлағандағыдай болса, тұңғыш лоукостердің мамыр айындағы рейстеріне наурыз-сәуір айларында алғашқы билеттерді сату басталуы мүмкін екендігін жеткізді.

"Лоукостердің жұмысы үшін бюджеттен не басқа көздерден қосымша ешқандай қаржы бөлу жоспарланып отырған жоқ. Бұл компания "Эйр Астана" қаражатына жұмыс жасайтын болады", – деп сендірді Жеңіс Қасымбек.

Сарапшылар лоукостер жұмысы осыдан бірнеше жыл бұрын шығынды болып, табыс әкелмеуі ықтималдығын, ал қазір жағдай басқаша екенін атап өтеді. Өйткені қазіргі кезде Қазақстанның өз ішінде шетелдік туристер жиі саяхаттай бастады. Олардың арасында әсіресе, қытайлық және үндістандық туристер саны артқан.

Айталық, 2010 жылы небары 20 мың ғана транзиттік әуе жолаушысы тасымалданса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 620 мыңға, ал өткен 2018 жылдың қорытындысында 900 мың адамға дейін жетті. 2020 жылы әуе компаниялары ел ішінде 1,6 миллион транзиттік жолаушыны тасиды деп болжануда.

Айтқандай, Air Astana бюджеттік еншілес кәсіпорнын қаржыландыру схемасын жария етті. "Эйр Астана" президенті Питер Фостер "Флай Арыстанның" бизнес үлгісіне Easyjet Airline Company Limited, IndiGo, Cebu Pacific Air және AirAsia секілді лоукостерлердің үлгісі негізге алынғанын, соларға сәйкес, жұмыс жасайтынын айтады.

Эйр Астана FlyArystan үшін халықаралық қаржы институттарынан, шетелдік банктерден қарыз алу ниеті жоқтығын мәлім етті. Сондай-ақ ұлттық әуе тасымалдаушысы өз акционерлерінің, "Самұрық-Қазынаның" қаражатын да, мемлекеттік субсидияларды да тартпайды. 

Питер Фостердің айтуынша, ортамерзімді келешекте, яғни алдағы жылдары "Флай Арыстан" таяу шетелге, көрші елдерге ұшу бағыттарын да игеруі керек.

Алғашқы кезеңде лоукостер небары 4 ұшақпен шектеледі. Ал 2022 жылға қарай оның паркі 15 ұшаққа дейін артуға тиіс.

"Эйр Астана" сендіруінше, жаңа әуекомпанияның іске кірісуі бірқатар қалаларымыздың әуежайларындағы жолаушылар ағынынын екі есеге арттыруға мүмкіндік береді. Бюджеттік әуе компаниясының "нысаналы аудиториясы" ретінде "өте сирек ұшатын адамдар" белгіленіп отыр. 

"Эйр Астана" мәліметінше, Қазақстанда халықтың 10%-ы ғана ұшақтармен ұшады. Егер лоукостер жақсы баға ұсына алса, бұл үлес артуға тиіс.

FlyArystan-ның басшылығы, топ-менеджменті "Эйр Астананың" жергілікті аға менеджерлері қатарынан қалыптастырылыпты. Бірақ компанияны Тим Джордан басқаратын болады. Ол бұған дейін Cebu Pacific және Virgin Blue-де жұмыс жасаған.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу