Fokker-100 жолаушысы: Экипаж мүшелері ешқандай дыбыстық хабарландыру берген жоқ

Алматы түбіндегі ұшақ апатынан аман қалған Асылан Назаралиев Inbusiness тілшісіне оқиғаның қалай өрбігенін айтып берді. 

Fokker-100 жолаушысы: Экипаж мүшелері ешқандай дыбыстық хабарландыру берген жоқ

Елордаға жолға шыққан Fokker-100 ұшағының бортында болған жолаушы Асылан Назаралиевтің сөзінше, жолға шығар алдында күмән тудырарлық жайт болмаған. Барлығы уақытылы ұшаққа отырып, әуеге көтеріле бастаған.

"Ұшаққа әдеттегідей отырдық. Кейін ақырындап көкке көтеріле бастадық. Кенет ұшақтың сол жақ қанаты шайқалды. Сәлден соң, оң қанаты қатты шайқалды. Ұшақ кеме сияқты қатты тербеле бастады. Осы жылдамдықпен әуеге көтеріліп бара жаттық", – деп еске алды ұшақ бортында болған Аслан Назаралиев.

Жолаушының сөзінше, кейін бортта отырғандар үрейленіп, байбалам сала бастаған.

"Сол сәтте ұшақтың істен шыққаннын білдік. Ұшақ құлай бастады. Кейін ғимаратқа соғылғанын түсіндік. Ұшақтың ішінде жарық жанып тұрды. Экипаж мүшелері ешқандай дауыстық хабарландыру айтқан жоқ. Оларды мүлде көрмедік", – дейді Асылан Назаралиев.

Сонымен қатар ол 15- қатарда отырғанын айтты, ал қаза тапқандардың басым бөлігі 15- қатарға дейін отырған. Оның алдында отырған адамды ұшақтың төбесі қысып қалған екен.

"14-қатарда отырған адамды ұшақтың төбесі қысып қалғанын көрдім. Одан ары қарай ештеңе көрінбеді. Ұшақтың алдыңғы бөлігі қирап қалғандай болды. Оған екі қабатты ғимарат құлаған сияқты", – дейді жолаушы.

Апатта аман қалған адамдар оң жақтағы апаттық есікті ашып, ұшақтың қанатынан шыққан.

"Барлығымыз ұялы телефондарымыздың шамдарын жағып, сыртқа шыға алмай жатқан, ауыр жағдайда қалған жолаушыларды ұшақтан шығара бастадық. Мен екі-үш адамға көмектестім. Оның бірі өте ауыр халде болды",– деп еске алды Асылан Назаралин.

Жолаушының сөзінше, құтқарушылар мен өрт сөндірушілер апат болғаннан кейін, 12-20 минуттан соң келіп,  бірден құтқару жұмыстары басталған.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу