Форель мен бекіре импорты 45 мың тоннадан 25 мың тоннаға төмендейді

8483

Министр Мағзұм Мырзағалиев осылай деді. 

Форель мен бекіре импорты 45 мың тоннадан 25 мың тоннаға төмендейді

Оның айтуынша, балық шаруашылығы әлемде де, Қазақстанда да қарқынды дамып келе жатыр.

"Мамандардың пікірінше, біздің елде 600 мың тоннаға дейін балық өсіруге болады. Қазірдің өзінде өсірілген балық көлемі бойынша оң динамика байқалуда. Оның өндірісі соңғы үш жылда 1,7 есе артты", – деді ол.

Оның сөзінше, үкімет министрлік әзірлеген балық шаруашылығын дамыту бағдарламасын бекітті.

"Бағдарламаға сәйкес 2030 жылға қарай балық өсіру көлемін жылына 9 мың тоннадан 270 мың тоннаға дейін, яғни 30 есе арттыру жоспарлануда. 545 жаңа балық өсіру шаруашылығы құрылып, жұмыс істеп тұрған 323 шаруашылық толық жобалық қуатқа ауысады. Оларды іске асыру үшін 10 жыл ішінде 345 млрд теңге жеке инвестиция тарту көзделіп отыр", – деді Мағзұм Мырзағалиев.

Министрдің мәлімдеуінше, былтыр  заңнама жетілдіріліп, балық ресурстарын пайдалану үшін жылдық төлемнің орнына тоқсандық төлем енгізілді. Сонымен қатар балық өсіру үшін 49 жыл мерзімге шарт жасасу мүмкіндігін бере отырып, балық шаруашылығына арналған су қоймаларын балық аулаудан балық өсіруге беру қағидасы бекітілді. Бұған қоса балық өсіру шаруашылықтарын су қорғау белдеуіне орналастыру бойынша шектеулерді алып тастау, сондай-ақ бизнесті ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде балық өсіру шаруашылықтарын салу кезіндегі шығындарды өтеуден босату жөнінде норма қабылданды.

"Министрлік заңнаманы жетілдіру, сапалы балық өсіру материалдарымен, жеммен, бұдан басқа, кадрлық және ғылыми қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр. Субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шараларын көрсету, оның ішінде балық шаруашылығына жеке нысаналы қаражат бөлу арқылы жұмыс жүргізіледі. Жоспарланған шараларды жүзеге асыру 10 жылда құны 2,2 трлн теңгені құрайтын 1,1 млн тонна балық өсіруге мүмкіндік береді. Екіншіден, балық өнімдерін ішкі тұтынуды жылына 134 мың тоннаға дейін ұлғайтуға болады. Үшіншіден, экспорттық түсімді 430 млн АҚШ долларына дейін өсіре аламыз. Төртіншіден, форель және бекіре тұқымдас балық өндірісін ұлғайту есебінен импорт көлемін 45 мың тоннадан 25 мың тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік береді", – деді министр.

Қанат Махамбет
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу