Forte Challenger 100 турнирінде Кукушкин америкалық теннисшіден жеңілді

2421

Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан Forte Challenger 100 турнирінде бүгін барлығы 5 қазақстандық теннисші сынға түседі.

Forte Challenger 100 турнирінде Кукушкин америкалық теннисшіден жеңілді

Турнирдің алғашқы айналымында бірінші нөмірмен өнер көрсетіп жатқан қазақстандық Михаил Кукушкин ATP рейтингінде 139-орында тұрған америкалық Маккензи Макдональдтан 5:7, 5: 7 есебімен жеңіліп қалды.

Кукушкиннің бірінші сетте жеңіске жетуге мүмкіндігі болды. Дегенмен 5:5 есебімен ол өзінің геймінде жеңіліп, содан кейін партияда қарсыласына жол берді. Екінші сетте ойын тең өтті. Алайда 11-ші геймде қазақстандық допты жоғалтып, матчта жеңілді. 1 сағат 59 минутқа созылған жекпе-жекте 33 жастағы Кукушкин екі рет екі еселенген қате жіберіп, бір брейк жасады. Ал 25 жастағы Маккензи үш эйс орындап, жеті брейк-пойнттың екеуін орындады. Бұл теннисшілердің алғашқы ресми кездесуі болды.

Сонымен қатар тағы бір қазақстандық Александр Недовесов турнирдің негізгі кезеңіне өте алмады. Ол Владислав Манафовтан 3:6, 6:3, 3:6 жеңіліп, жарыс жолын аяқтады. Ойын 1 сағат 56 минутқа созылды. Осы уақыт аралығында Недовесов бес брейктің екеуін орындап, тоғыз мәрте эйс жасады және доп беру кезеңінде екі қатеге бой алдырды.

"Матч жақсы өтті, бірақ жеңісті тойлау мүмкін болған жоқ. Ойын мен күткендей өтпеді. Енді жұптық сындағы матчтарға дайындаламын, бар мүмкіндігімді көрсетіп, турнир кестесінде мейлінше алға жылжыуға тырысамын", - деді Александр Недовесов матчтан кейін ҚТФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Негізгі кезеңге тағы үш теннисші жолдама алды. Ресейлік Иван Недельконы жеңген британдық Райан Пенистон - 6:3, 6:4. Ресей өкілі Павел Котов командалас досы Алексей Захаровтан басым болды - 7:5, 1:6, 6:3. Сонымен қатар, келесі кезеңге өткен үшінші теннисші эквадорлық Роберто Киросты тізе бүктірген Богдан Бобров (Ресей) - 6:4, 5:7, 6:4.

Сондай-ақ Тимофей Скатов Forte Challenger 100 турниріндегі жарыс жолын аяқтады. Бірінші айналымда 20 жастағы жерлесіміз үш сағаттық драмаға толы ойында турнирдің жетінші ракеткасы словакиялық Мартин Клижанға есе жіберді – 4:6, 6:4, 6:7.

Словак теннисшісі бірінші сеттен тізгінді қолына алды. Бірақ қазақстандық келесі партияда қайсарлық танытып, оңайлықпен жеңіле қоймайтынын байқатты: екінші сеттің бірінші геймінде Клижан допты ойынға қосқан қарсыласының соққысына жауап беріп, алға шықты. Алайда сегізінші геймде Скатов брейк-пойнтты іске асырып, таразы басын теңестірді. Ойын өрнегін уысынан шығарып алған словак теннисшісі келесі сеттерде қателікке бой алдыра бастаған еді. Тимофей оны өз пайдасына сәтті қолдана білді. Партия жерлесіміздің пайдасына шешілді – 6:4. Кездесудің үшінші бөлігінің басында Скатов допты ойынға қосуда ұпай жоғалтты. Бірақ алтыншы геймде жинақылық танытып, ребрейк жасады. Осыдан кейін екі ойыншының да жеңіске ұмтылысы күшейе түсті. Бір геймнен кейін екінші геймді алма кезек ұтқан спортшылардың ойыны тай-брейкпен аяқталды. Допты ойынға қосуы сәтті шыққан Клижан алға шықты. Ал есеп 4:3 есебімен жерлесіміздің пайдасына шешіліп тұрған кезде Скатовтың допты ойынға қосуы көңілден шықпады. Ал брейк орындаған Мартиннің қимылы жандана түсті. Келесі әрекеттерінде сауатты қимылдап 7:6 есебімен жеңіске жетті. 

Ойын 3 сағат 16 минутқа созылды, қазақстандық теннисші жеті эйс орындады, бір қате жіберіп, 19 брейк-пойнттың 5-ін іске асырды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу