Forte Challenger 100 турнирінің жартылай финалистері анықталды

2363

Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан Forte Challenger 100 теннис турнирінде жекелей сында екінші айналым аяқталды. Ал  жұптық сында ширек финалистер анықталды.

Forte Challenger 100 турнирінің жартылай финалистері анықталды

Қазақстандық Денис Евсеев өзбекстандық Денис Истоминмен бірге ¼ финалда канадалықтар Питер Полански мен Брейден Шнур дуэтімен кездесті. Бастапқы күтпеген жерден екі Денис үш брейк-пойнттың үшеуін де сәтті пайдаланып, жеңіске жетті. Екінші ойында канадалық теннисшілер қателіктерге бой алдырмауға тырысып, нәтижелі өнер көрсетуге тырысты. Бірақ Евсеев/Истомин жұбы олардан мықты болып шықты. Нәтижесінде кездесу 6: 0, 6: 3 есебімен аяқталды. Енді екі Денис жұбы ертең, 26-ақпанда америкалықтар Натан Паша мен Макс Шнурға қарсы кортқа шығады.

Сонымен қатар жарыста бірінші нөмірмен өнер көрсетіп жатқан қазақстандық Александр Недовесов пен украиналық Денис Молчанов Forte Challenger 100 турнирінде жұптық сында  жекпе-жексіз жартылай финалға шықты. Турнирдің ресми өкілінің айтуынша Тайпейден келген Тунг-Лин Ву сол жақ білегінің жарақатына байланысты жарысқа қатысудан бас тартты. Осылайша, жарыстың ең мықты жұбы Недовесов/Молчанов жартылай финалда Юлиан Ленц (Германия)/Роберто Кирос (Эквадор) пен Уго Гренье (Франция)/Александр Мюллер (Франция) арасында өтетін кездесудің жеңімпаздарымен ойнайды.

Сонымен қатар Дмитрий Попко/Александр Метревели жұбы бірінші айналымда Ян Бондаревский (Ресей)/Доминик Палан (Чехия) жұбынан 6:3, 6:4 есебімен басым түскен болатын. Матч жеңімпаздары допты ойынға қосуда қос бірдей қателікке жол беріп, бес брейк-пойнттың төртеуін жүзеге асырды. Ал бүгін ширек финалда қазақстандық-грузиялық тандем АҚШ өкілдері Натан Паша/Макс Шнур жұбымен кездесті. Кездесу америкалық теннисшілердің пайдасына 7:5, 7:6(7:5) есебімен аяқталды. Олар ертең қазақстандық Денис Евсеев пен өзбекстандық Денис Истомин жұбына қарсы кортқа шығады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу