Forte Challenger 125 турнирінде америкалық теннисшілер жеңіске жетті

1839

Нұр-Сұлтанда өткен Forte Challenger 125 турнирінің финалында АҚШ өкілдері, жарыстың бірінші және екінші нөмірлі ойыншылары - Натаниэль Лэммонс/Джексон Уитроу және Макс Шнур/Натан Паша жұптары өзара сынға түсті.

Forte Challenger 125 турнирінде америкалық теннисшілер жеңіске жетті

Бірінші сетте сәті орындалған брейк-пойнттың арқасында жеңіс Лэммонс пен Джексонға бұйырды - 6:4. Екінші ойында Forte Challenger 100 турнирінің финалистері Шнур/Паша жұбы барынша белсенді ойнауға тырысты. Бірақ қарсыластарын түзе бүктіре алмады. Кездесу нәтижесі Натаниэль Лэммонстың/Джексон Уитроудың пайдасына 6: 4, 6: 2 есебімен аяқталды.

Кездесу 1 сағат 1 минутқа созылды. Лэммонс пен Уитроу төрт эйс жасап, бір рет екі еселенген қателікке жол берді және сегіз брейк-пойнттың үшеуін жүзеге асырды. Ал олардың қарсыластары екі рет екі еселенген қателік жіберіп алды.

Тартысты жекпе-жектен кейін турнирдің чемпионы Джексон Уитроу ойынға қатысты өзінің пікірімен бөлісті.

"Бұл біз үшін жұптық сында иеленген алғашқы бірлескен титул. Финалда жеңіске жеткеніміздің өзі болашақта бізге өзімізге деген сенімділігімізді арттырады деп ойлаймын. Маусымның тамаша бастамасы болды. Турнирде біз жақсы ойын көрсеттік. Әр бір ойынды жоғары деңгейде өткіздік және одан тамаша әсер алдық", - деді Джексон Уитроу.

Естеріңізге сала кетсек, қазақстандық Александр Недовесов пен серб Виктор Троицки жұбы Нұр-Сұлтанда Forte Challenger 125 аясындағы турнирдің жұптық сынында финалға шыға алмады. Жартылай финалда қазақстандық-сербиялық дуэт америкалық жұп Натан Паша мен Макс Шнур жұбымен кездесіп, екі сетте жеңілді – 6:7 (5), 2:6. Матч 1 сағат 13 минутқа созылды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу