Fortuner-мен қоштастық

31782

2016 жылдың соңында Қостанайда өндірісі тоқтаған соңғы Toyota Fortuner автокөлігі бойынша келісімшарт жасалды.

Fortuner-мен қоштастық

Toyota Fortuner маркалы автокөлігін Қостанайда құрастыру жөніндегі жоба – Қостанай облысының индустрияландыру картасының алғашқы бес жылдығына кірген жобалардың бірі. "СарыарқаАвтоПром" ЖШС базасында жапонның бұл көлігінің өндірісі жолға қойылған болатын.

Жергілікті атқарушы органдардың сайтында жарияланған ресми ақпаратқа сүйенсек, жобаның құны 1,4 млрд теңге болған, жылына үш мың автокөлікке дейін шығарады. Нәтижесінде бұл бағыт 2014 жылдан 2016 жылға дейін жұмыс істеді. "Тойота Мотор Қазақстан" ЖШС-ның ақпаратына сүйенсек, бүгінгі күні цехтің құрал-жабдығы пайдаланылмай, тоқтатылды.

"Toyota Fortuner маркасының сәйкестік сертификаты 2017 жылдың наурызында аяқталады. Сондықтан бізге сертификаттың мерзімі біткенге дейін өндірісімізді аяқтау қажет болды", – дейді компанияның баспасөз қызметі.

Барлық жұмыс кезеңінде Қостанайда бар-жоғы 1100 Toyota Fortuner көлігі құрастырылды. Жоба бойынша бұл модельдің екі жиынтығын жасау көзделді. Бұлар "Элеганс", құны 10,3 млн теңгеден бастап (шамамен 30,8 мың доллар), сондай-ақ "Элеганс TRD", құны 10,5 млн теңгеден (шамамен 31,4 мың доллар) басталды. Нарықта бағасы сәл арзандау модель сұранысқа ие. Өндірістің бірінші жылында 286 автокөлік сатылса, 2015 жылы 600-ге жуық, 2016 жылы 200-ден сәл артық көлік сатылды.

"Тойота Мотор Қазақстан" ЖШС-ның аймақтардағы филиалдарының кеңес берушілерінің айтуынша, бүгінгі күні бұл көлік сатылымда жоқ. "Тойота Мотор Қазақстан" ЖШС маркетинг бөлімінің ақпаратына сүйенсек, 2016 жылдың желтоқсан айында құрастырылған автокөліктер өз иесін тауып үлгерді.

"Қазіргі кезде келісімшарт жасалған автокөлік саны шектеулі. Яғни барлық автокөлік осы айда тапсырылып, сатылады", – дейді "Тойота Мотор Қазақстан" ЖШС маркетинг бөлімінің мамандары.

Toyota Fortuner автокөлігін құрастыру жобасы бойынша жұмыс қайта жандана ма, немесе Қостанай автокөлік зауытында Toyota-ның басқа модельдерін құрастыру жолға қойыла ма деген сұрақтарға "Тойота Мотор Қазақстан" ЖШС ешқандай жауап қатпайды.

Toyota Fortuner автокөлігін құрастыруға қатысқан қызметкерлер жұмыстың басқа салаларына ауыстырылды, бұл жоба бойынша олар 50 адам деп баса айтады "Сарыарқа Авто Пром" ЖШС-і өкілдері. Қазіргі кезде компанияның цехтарында JAC және Peugeot автокөліктерін құрастыруды бастау жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі кезде "Сарыарқа Авто Пром" ЖШС-ның Қостанай автокөлік зауытында әлемнің жеті автокөлік брендінің 54 моделін құрастыру жұмысы қолға алынды. Бұл – жеңіл машиналар мен коммерциялық техника. Сондай-ақ жолаушылар автокөлігі де бар.

Айта кету керек, 2015 жылдың тамызында Toyota Владивосток (Ресей) қаласындағы "Соллерс-Буссан" зауытында Land Cruiser Prado жол талғамайтын көліктерін құрастыру келісімін бұзған болатын. Toyota брендінің басшылығы мұндай шешім шығаруын жобаның экономикалық тиімсіздігімен түсіндірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу