Франция билігі Павел Дуровқа бұрыннан тісін қайрап жүрген

3604

Сарапшылар қазақстандықтарды миллиардердің "өтінішіне" құлақ аспауға шақырды.

Франция билігі Павел Дуровқа бұрыннан тісін қайрап жүрген Фото: rus.team

Дуров алдағы сәрсенбіде онсыз да бостандыққа шығуы мүмкін.  

Алаяқтар Францияда Павел Дуровтың тұтқындалуын да пайдаға жаратып, азаматтардан "жылу" жинауға кірісті.

ТМД елдерінің тұрғындарына – тек Telegram-ды ғана емес, WhatsApp мессенджерін пайдаланушыларға келесі мазмұнда хабарламалар түсе бастады: "Сәлем, бұл мен Павел Дуров, мені француз түрмесіне отырғызып қойғысы келеді, маған адвокатқа және СИЗО-дан қашуға ақша қажет, криптоботқа ақша аударыңыз" (түпнұсқасында: "Привет это я Павел Дуров, меня хотят посадить в французскую тюрьму, мне нужны деньги на адвоката и побег из СИЗО отправь денег на криптобот", орфография мен пунктуациясы сақталған).

Шынында, бұл – алаяқтардың құрған тозағы және ондай қулыққа бой алдырмаған жөн. Bloomberg-тің миллиардерлер индексі Telegram негізін қалаушының байлығы 2024 жылы 9 миллиард доллардан асты деп бағалайды. Демек, ол адвокат жалдау үшін жылу жинауға тіпті де зәру емес. Оның үстіне егер біреу абақтыдан қашу үшін қаржы сұраса, ондай қылмысты жүзеге асыруға қолғабыс етпеген орынды.

Өзбек басылымдары да Францияда қамауда отырған Павел Дуровтың тыныш отырмай, өзбекстандықтарға жаппай хат жазып жатқанын хабарлады. Бірақ Дуров Қазақстанда немесе Орталық Азияда мұндай зымияндықтың жүзеге асырылып жатқанын білмейді, тиісінше, "ол – мен емес!" деп жоққа шығара алмайды. Білсе де, оған мойын бұра алмаса керек. "Байтал түгіл бас қайғы" жағдайда.

Франция билігі Павел Дуровқа бұрыннан тісін қайрап жүрген. Le Monde мәліметінше, 2024 жылы, дәл Париж Олимпиадасы қарсаңында және ол өтіп жатқанда әлдебір сыртқы күштер Telegram арқылы шерулер, наразылық шараларын, бүлік пен бейберекетсіздікті ұйымдастырып, үйлестіріп отырған. Сол арқылы жаһандық жарысты өткізуге кедергі келтіруді, Францияның беделін түсіруді көздегенге ұқсайды. Жергілікті билік бұл былықты доғару үшін Дуровтан көмек сұрады. Ол ынтымақтасудан бас тартқан-мыс.

Сарапшылар бір салыстыру келтірді: 2024 жылғы наурызда Мәскеудегі "Крокус Сити Холда" жантүршігерлік теракт болғанда, ресейлік арнайы құрылымдар лаңкестердің телеграм-арналарына тез-ақ кіре алды. Ол кезде "сөз бостандығы, жиналыс еркіндігі" туралы еш сөз болған жоқ. Олардың байланыс арналарын мұқият сүзу қорытындысында РФ Тергеу комитеті Crocus City Hall лаңкестік актісін жасағандардың іс-қимылы Telegram арқылы үйлестірілгенін жариялады. Ресейлік ақпарат құралдары тіпті осы телеграм-арналар арқылы жиналған "жылудың" ізінше қандай банктердің есепшоттарына түскеніне дейін жариялады.

Ресейлік РБК Дуровтың командасы ресейлік арнайы қызметтермен 2018 жылдан бері ынтымақтасып келе жатқанын жазды. Сонда Telegram ресейлік арнайы органдарға өзінің пайдаланушыларының деректерін беруге келіскен.

Сондықтан француз күш құрылымдарымен ынтымақтаспағаны, сондай-ақ өз мессенджері арқылы есірткінің заңсыз айналымына және басқа қылмыстарды жүзеге асыруға ықпал еткені үшін Павел Дуровты тұтқындау туралы ордер берілген. Кейбір деректер бойынша 24 тамыз күні авиакеросин құйып алу үшін ұшағы Франция астанасына қонғанда, бизнесмен сол ордер негізінде тұтқындалған.  

Дуров Францияның азаматы болып табылады, оған 20 жылға дейін бас бостандығынан айрылу қаупі төніп тұр. Оның ісі бойынша тергеуші өз мәлімдемесінде Павелдің міндетті түрде темір торға қамалатынын, өйткені оның Telegram-ы "қылмыстық контенттің ұясына" айналып кеткенін айтты. Егер әлдебір адам өз ауласын криминал әлемі өкілдеріне қылмыс жасауға арналған алаң ретінде ұсынса, ол соңынан "сөз және жиналыс бостандығын" алға тарта алмас еді.

Мысалы, Дуровтың ұсталуы аясында ресейлік депутаттар Telegram-ды "арнайы әскери операцияның басты мессенджері" деп атады.  

"Telegram іс жүзінде "СВО"-ның басты мессенджері болып табылады. Дуровтың Парижде тұтқындалуының Ресейге ауыр тиіп, халық арасында кең резонанс тудыруының себебі сол. Telegram – майдан даласында тапшы жабық әскери байланысқа балама. Сондықтан Ресей армиясына арналған әскери мессенджерді құру – енді өмірлік маңызды мәселеге айналады", – деді Мәскеу қалалық Думасының депутаты Андрей Медведев.

Оның пікірінше, РФ үшін Телеграмның болашағы белгісіз, ол ресейліктер үшін қолжетімсіз болып қалуы мүмкін.

Ресейлік әскери шолушы, блогер Кирилл Фёдоров НТВ арнасындағы сөзінде РФ армиясындағы Телеграм мессенджерінің рөлін атап өтті.

"Күні кеше ғана біз Украинаға соққы берген "Искандер" зымырандарын Telegram арқылы нысаналадық. Ресейлік артиллерия да, авиация да Telegram бойынша жұмыс істейді. Алғы шептегі жауынгерлер де сол арқылы көздейді. Бұл – өмір шындығы! Біз интернет арқылы соғысып жатырмыз. Бізде дрондардың тікелей видеотрансляциясы Discord арқылы жүреді, нысаналау Telegram арқылы жүзеге асырылады. Біздің жау тылындағы дереккөздерімізбен ақпарат алмасу жұмыстары да Telegram бойынша жүреді. Біреуге ұнасын, ұнамасын, бұл солай!", – деді Кирилл Фёдоров.

Мәскеудің соғысты Telegram көмегімен іске асырып жатқанын Киев 2022 жылы әшкереледі. Украинаның Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі жанындағы Дезинформацияға қарсы тұру орталығы сол жылы украиналықтарға қайрылып, мұндай телеграм-арналарға тап болса, дереу хабарлауды өтінді.

Орталықтың мәлімдеуінше, "Телеграм-арналар арқылы РФ ақпарат жинайды, Украина Қарулы күштерінің техникасының қозғалысын анықтайды, сондай-ақ зымырандарының, артиллериясының украиналық объектілерге соққысын нысаналайды және түзетіп отырады".

Сондықтан солтүстік көршінің жұртшылығы Дуровтың НАТО мүшесінің қолына түсуін ауыр қабылдады. "РФ әлеуметтік желілерді және мессенджерлерді кәсіби пайдаланушылар қауымдастығы" деген оғаш атауы бар ұйымның директоры Владимир Зыков Мәскеуді Дуровты құтқарып алу үшін оған айырбастайтын французды табуға шақырды.

"Telegram басшысының ұсталуы кездейсоқ емес. Павел Дуров батыс елдерінің арнайы қызметтерімен ынтымақтасудан белсенді түрде бас  тартып келді. Франция оған қысым көрсетіп, тек Францияның емес, оның одақтастарының мемлекеттік ұйымдарымен мәмілеге келуге мәжбүрлеуге тырысатыны сөзсіз. Сол себепті, Дуровты босатып алу үшін Ресей Францияның жоғары лауазымды азаматтарының қатарынан айырбас қорын толтыруы қажет. Онсыз бұған қол жеткізу күрделі болады", – деген Владимир Зыковтың сөзін RTVI келтірді.

Оның байламынша, Дуровты тұтқыннан босатып алу үшін Мәскеу саланың беделді өкілдерінің қарсылығы толқынын туғызуы керек. Ресей сонда стартаптар мен инвесторлардың Францияға, бүкіл Еуроодаққа деген сеніміне нұқсан келтіреді.

Айтқандай, Дуровты босатуды Илон Маск талап етті. Тіпті Қазақстанның жаңа Цифрлық даму министрі Жасұлан Мәдиев басқа проблема құрып қалғандай, тыныш отырмай, Павел Дуровқа қолдау көрсетті. Оның азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ынтымақтастыққа әрдайым дайын екенін жеткізді. Шын солай ма, белгісіз, Мәдиев Дуровтың Қазақстанға көмектесуінің нақты мысалын келтірмеді.   

Франция құқық қорғау органдары Дуровты париждік Ле Бурже әуежайында 24 тамыздың кешінде джетінен түсіп жатқан кезде ұстап алды. Ол Франция астанасына оққағары мен белгісіз бір әйелді ертіп, Әзербайжаннан жеке ұшағымен ұшып келген болатын. Оған төл мессенджері арқылы жүзеге асырылған – есірткінің заңсыз айналымы, балалар порнографиясы және алаяқтық сияқты қылмыстарға "сыбайлас қатысушы" болды деген айып тағылды. Бұған қоса, ол осы істерді ашуда француз полициясымен ынтымақтасудан бас тартып келген.

Ресей немесе басқа күштер құтқарып қалмаса, ресейлік "ВКонтакте" әлеуметтік желісінің және Telegram-ның негізін қалаушы Дуров 20 жылға дейін сотталып кетуі мүмкін. Егер француз күш құрылымдарымен ықпалдастыққа барса, айыппұлмен еркіндікке шыға алады.

Павел Дуровтың тұтқындалуына қатысты Франция Президенті Эммануэль Макрон түсініктеме берді. Оның мәлімдеуінше, Telegram басшысының ұсталуында саяси астар жоқ.

"Дуровтың тұтқындалуынан кейін Франция туралы жалған ақпараттар таратылып жатқанын айтқым келеді. Telegram негізін қалаушының француз жерінде тұтқынға алынуы жалғасып жатқан сот тергеуінің аясында жүзеге асырылды. Бұл ешқандай да саяси шешім емес. Франция пікір білдіру бостандығын, инновациялар мен кәсіпкерлікті қолдау ұстанымын берік ұстанады және әрдайым солай болып қала береді", – деді Макрон.

Ол Дуровтың тұтқындалуына қатысты ақырғы шешімді заң мен судьялар шешетінін ескертті. Билікке оппозициялылығымен белгілі француз соттары оны босатып жіберуі де мүмкін. Reuters француз полициясындағы дереккөзіне сілтеме жасап, Дуровқа 12 қылмыс бойынша айып тағылғанын мәлім етті. Оның үстінен қылмыстық іс биылғы 8 шілдеде ашылыпты. Тергеуді киберқылмыстармен күрес бөлімі жүргізуде. Павел Дуров әзірге қамауда отыр. Тергеу соты оны қамауды 48 сағатқа ғана ұзартты. Егер осы уақыт ішінде Дуровқа нақты дәйектелген айып тағылып, оны сот қолдамаса, онда Телеграмның 39 жасар бас директоры 28 тамызда бостандыққа шығады: сол күні қамау мерзімі аяқталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу