Ресми мәлімдеме алдағы айларда БҰҰ Бас Ассамблеясының жаңа сессиясында жасалмақ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ВВС-ге сілтеме жасап.
– Таяу Шығыста әділетті әрі берік бейбітшілікті қамтамасыз ету жөніндегі тарихи міндетімізге берік бола отырып, мен Францияның Палестина мемлекетін тану туралы шешім қабылдадым, – деп жазды Эммануэль Макрон.
Жазбада Палестина автономиясының басшысы Махмұд Аббасқа жолдаған ресми хаты да жарияланған.
Франция президентінің сөзінше, тәуелсіз Палестина мемлекеті Таяу Шығыстағы қауіпсіздікті қамтамасыз ете алады. Бұл үшін Палестина тарапы Израильді толық әрі сөзсіз мойындап, қарулы құрылымдардан бас тартуы керек.
– Қазір ең бастысы – дереу атысты тоқтату, барлық тұтқынды босату және Газа тұрғындарына жаппай гуманитарлық көмек көрсету, – деп қоса кетті Макрон.
Тиісінше, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұл қадамды "террорға берілген марапат" деп бағалаған.
– Мұндай жағдайда Палестина мемлекеті Израильмен бейбіт қатар өмір сүру үшін емес, оны жою үшін плацдармға айналады. Палестиналықтар Израильмен қатар өмір сүретін мемлекет құруды көздемейді, олар Израильдің орнына өз мемлекетін құруды мақсат етеді, – делінген Нетаньяхудың мәлімдемесінде.
Қазіргі уақытта БҰҰ-ға мүше 193 елдің 140-тан астамы Палестинаны егемен мемлекет ретінде мойындап отыр. Бұған дейін, шамамен бір жыл бұрын Ирландия, Испания және Норвегия осындай шешім қабылдады.