Франция парламентінің жоғарғы палатасы – Сенат полиция мен жандармерия қызметкерлерінің атыс қаруын қолдануын заңды деп тану тәртібін белгілейтін заң жобасын түпкілікті қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты TACC басылымына сілтеме жасап.
AFP агенттігінің мәліметінше, заң жобасын орталық-оңшыл бағыттағы "Республиканшылар" партиясының депутаты Эрик Поже ұсынған. Бұған дейін бастаманы парламенттің төменгі палатасы – Ұлттық ассамблея да мақұлдаған. Оны үкімет, центристік күштердің басым бөлігі және оңшыл "Ұлттық бірлестік" партиясы қолдады.
Құжатқа сәйкес, полиция мен жандармерия қызметкерлері атыс қаруын қолданған жағдайда, олардың әрекеті заңға сай деп есептеледі. Яғни, керісінше дәлелденгенге дейін қызметкерлер заң аясында әрекет етті деген қағида қолданылады.
Францияның ішкі істер министрі Лоран Нуньес парламент шешімін құптап, оны полиция мен жандармерия қызметкерлеріне деген сенімнің белгісі деп атады. Оның айтуынша, жаңа заң құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмыс жағдайына сай құқықтық негіз қалыптастырады.
Алайда солшыл партия өкілдері бұл бастамаға үзілді-кесілді қарсы шықты. Олар заңды "адам өлтіруге рұқсат беру" деп бағалады. Сенаттағы социалистер заңның Конституцияға сәйкестігін тексерту және оның күшіне енуіне жол бермеу үшін Францияның Конституциялық кеңесіне жүгінетіндерін мәлімдеді. Заң жобасы Францияда наразылық акциялары жалғасып жатқан тұста қабылданды. Бұған дейінгі шерулер кезінде демонстранттар мен полиция арасында бірнеше рет қақтығыс болған.
Ұлттық ассамблея сайтында жарияланған заң жобасына қарсы петицияға 700 мыңнан астам адам қол қойған. 21 қарашаға жоспарланған жаңа наразылық акцияларында да бұл заңға қарсылық білдіру негізгі талаптардың бірі болуы мүмкін.