Францияда аптап ыстық салдарынан екі атом реакторының жұмысы уақытша тоқтатылды. EDF мемлекеттік энергетикалық компаниясы тиісті шешімді экологиялық талаптармен түсіндіріп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Euronews-ке сілтеме жасап.
Бейсенбі күні өшірілген реакторлар Париждің солтүстігіндегі Сена өзенінің жағасында Ножан-сюр-Сен атом электр станциясында және елдің оңтүстік-шығысындағы Лион қаласына жақын Рона өзенінің бойындағы Бюже станциясында орналасқан. Екі жағдайда да реакторлар жұмысы өзен суы температурасының көтерілуіне байланысты тоқтатылған. EDF компаниясы су температурасын тұрақты бақылап отыруға міндеттелген.
Атом электр станциялары реакторларды салқындату үшін өзен суын пайдаланып, кейін оны өзенге қайта жібереді. Негізінен оның температурасы су алған кездегіден бірнеше градусқа жоғары болады. Қатты ыстықта өзендер де жылынатындықтан, операторлар электр энергиясын өндіру көлемін азайтуға не реакторларды тоқтатуға мәжбүр болады.
Осы аптада Ножан-сюр-Сен АЭС-і реакторларының бірінің қуатын қысқартты. EDF мәліметінше, бұл Сена өзенінен алынған су мен өзенге қайта жіберілетін судың температурасы арасындағы айырмашылықты азайтып, су флорасы мен фаунасын қорғау үшін жасалған. Дүйсенбі күні Францияның оңтүстік-батысындағы Гаронна өзенінде орналасқан Гольфеш атом электр станциясының бір реакторы да тоқтатылды. EDF-тің 57 реактордан тұратын паркіндегі бірнеше нысанда өндіріс көлемі қысқартылды. Былтыр аталмыш станциялар елдегі электр энергиясының 70 пайызға жуығын өндірген.
Елдегі 96 департаменттің жартысынан астамында қызыл деңгейдегі ескерту жарияланды. Ресми деректерге сәйкес, аптап ыстықтан кемінде 18 адам көз жұмған. Сондай-ақ 18 маусымнан бері кемінде 40 адам суға кеткен. Францияның ұлттық метеоқызметі 23 маусымды 1947 жылдан бергі бақылаулар тарихындағы ең ыстық күн деп атады. Синоптиктердің болжамынша, аптап ыстық алдағы күндері Германия, Испания, Португалия және Швейцарияны да қамтиды.
Айта кету керек, бұған дейін Эйфель мұнарасы аптап ыстыққа байланысты уақытша жабылғанын жазғанбыз.