Францияда бұрын-соңды болмаған жағдай тіркелді

249

Сарапшылар арнайы зерттеу жариялады. 

Францияда бұрын-соңды болмаған жағдай тіркелді Фото: canva

2025 жылы Францияда бала туу көрсеткіші 1944 жылдан бергі ең төмен деңгейге түсті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

АЗЕРТАДЖ агенттігінің жазуынша, тиісті деректерді Францияның Ұлттық статистика және экономикалық зерттеулер институты (INSEE) жариялады. Былтыр Еуропа елінде 654 мың бала дүниеге келген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 2,1 пайызға төмен, ал туу деңгейі ең жоғары болған 2010 жылмен салыстырғанда 24 пайызға аз.

Бір әйелге шаққандағы бала санының көрсеткіші де төмендеп отыр. Егер 2024 жылы бұл көрсеткіш 1,61 болса, 2025 жылы 1,56-ға дейін төмендеді. Есепте айтылғандай, бұл –Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін тіркелген ең төмен көрсеткіш.

INSEE мәліметінше, былтыр қайтыс болған адамдар саны дүниеге келгендер санынан асып түскен. Бір жылда 651 мың адам көз жұмған, бұл өткен жылға қарағанда 1,5 пайызға көп. Мамандар бұл 2025 жылдың басында күшейген қысқы тұмау эпидемиясымен байланысты деген пікірде.

Десек те, Франция халқының жалпы саны 69,1 миллион адамға жетті. 2024 жылы елде 68,6 миллион адам болған. Орташа өмір сүру ұзақтығы әйелдер арасында 85,9 жас болса, ерлер арасында бұл көрсеткіш 80,3 жасқа тең.

Haberler агенттігінің жазуынша, бұл көрсеткіштер Франциядағы өмір сүру ұзақтығы Еуропа бойынша орташа деңгейден жоғары екенін көрсетеді. Елде 65 жастан асқан тұрғындардың үлесі шамамен 22,2 пайызға тең және 20 жасқа дейінгі халық көрсеткішіне жақын. Бұл Францияда халықтың қартаю процесі жылдам жүріп жатқанын аңғартса керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу