Француз компаниясы РФ әскерін тамақтандырып, киіндіріп келгені әшкереленді

5546

Ресейде жұмысын жалғастырып жатқан компаниялар қанды қырғынға "өзіндік үлесін" қосуға мәжбүр болмақ.

Француз компаниясы РФ әскерін тамақтандырып, киіндіріп келгені әшкереленді Фото: bulak.kg

Табысынан айрылғысы келмей, сол үшін ар-ұятты аяқасты етіп, Ресейде қалған компаниялар мен брендтерге бір тықыр таянды. Жалпы, батыс ақпарат құралдарында жарияланғандай, қолын қанға малған солтүстік көршіні былтырдан бері шамамен 5000 брендке ие 500 компания не тәрк етіп кеткен, не жұмысын тоқтатқан.

Бірақ РФ билігі бұл деректі растамады. Мемдума төрағасы Вячеслав Володиннің мәліметінше, шетелдік компаниялардың 76%-ға жуығы қалған. Бірақ бұл қатарға жұмысын уақытша доғарғандар қосылып отырса керек. Себебі, ресейліктер киім, азық-түлік, тұрмыстық техника, автокөлік және басқа барлық тауарлар ассортименті күрт азайғанына шағымданады. Голливудтық фильмдердің прокатымен айналысатын компаниялардың бәрі кетіп қалды. Өнеркәсіптік өндіріс саласын ұқсас миграция жайлады.

"Шетелдік компаниялардың 75,9 пайызы Ресейде қалды. Бұл шешімі көп жайттан хабар береді: олар ел экономикасының даму перспективалары жақсы болатынына сенеді. Оларды іскерлік ахуал қанағаттандырады. Ал кетіп қалғандар миллиардтаған шығын шегуде. Олардан босаған орынды тез арада ресейлік өндірушілер баса қойды", – деді В.Володин.

Бірақ РФ-та қалған шетелдік компаниялар оңбайтынға ұқсайды. Заң шығарушы органның басшысы жарылыстан істен шыққан "Солтүстік ағын-1 және 2" құбыр магистралдарының құнын елде қалған шетелдік компаниялардан өндіріп алуды ұсынды.

Бұған қоса, Володин Германияның ресейлік активтерді национализациялауына жауап ретінде федерацияның өз аумағындағы неміс компанияларын тартып алуға құқығы барын жария етті. Оның айтуынша, бұл ескерту РФ қаражаттарын, мүлкін тәркілеп, Украинаға беруді ойластырып отырған барлық елге қатысты. 

Ресей Украинаға басып кіргенде, жылы орнын суытқысы келмей, дүниеқоңыздықты беделден биік қойған пайдакүнем компаниялардың бірі француздық Auchan (Ашан) желісі болатын. Енді оған агрессордың әскерін киіндіріп, тамақтандыруға да тура келіп жатқаны белгілі болды. Бұл туралы француздың "Le Monde" басылымының сараптамасында айтылған.

Аталған деректі зерттеушілер Лукас Минисини (Lucas Minisini), Азия Баллаффье (Asia Balluffier), Артур Вейл-Рабо (Arthur Weil-Rabaud) және Bellingcat зерттеу тобының бұрынғы атқарушы директоры Христо Грозев төл тергеулері барысында анықтапты. Олардың байламынша, Украинаны қанға бөккен Ресейдің аумағындағы қызметін жалғастыруға ұйғарған француз компаниясы Путин армиясына тегін тауарлар жеткізуге міндеттелген. Компаниялар тобының басшылығы мұны жоққа шығарды.

"Алайда мұны қолымызға түскен құжаттар растайды. Сонымен, Ресейде "Ашан" супермаркеттер желісінің тек бейбіт халықты ғана асырап отырмағаны білініп қалды. "Қызметкерлерімізді, олардың отбасыларын және төл клиенттерімізді тағдыр тауқыметіне тастамаймыз, бұл біз жасаған таңдау" деп мәлімдеген болатын аталған бренд 2022 жылғы 27 наурыздағы баспасөз хабарламасында. Яғни, оккупанттың аумағындағы қызметін жалғастыруын сонымен ақтады. Бұл содан бірнеше күн бұрын Франция компанияларын ресейлік нарықтан кетуге шақырған Владимир Зеленскийге жауабы болатын. Енді қолға түскен құжаттарға жүгінсек, Францияда байлығы жөнінен сегізінші орында тұрған Мюллие (Mulliez) отбасына тиесілі бөлшек сауда компаниялар тобы алғашқы күннен бастап дерлік, Ресейдің соғыс машинасын қоректендіріп отырғанға ұқсайды", – деп жазды Le Monde.

Auchan басқармасының бақылаушысы Наталья З. 2022 жылғы 15 наурызда Петербордағы бірнеше дүкендердің қызметкерлеріне "гуманитарлық көмек жинау" қажеттігі туралы электронды хат жолдайды.

Жалпы қайырымдылық деген қай кезде де ізгі іс. Сондықтан компаниялар өздері істейтін кез келген елде жетімханаларға, қарттар үйлеріне, осал топтарға гуманитарлық көмек көрсетіп тұрады. Алайда содан кейін "Ашанның" тізім бойынша жинаған "гуманитарлық көмегін" даралайтын бір ерекшелігі көрініп қалған. Зерттеушілердің назарын да осы жайт аударыпты. Оның арасында не әйелдерге, не қарттарға, не балаларға қажетті тауар болмаған.

Excel бағдарламасында терілген кестеден белгілі болғандай, француз компаниялар тобы жинауға кіріскен тауарлар тек қана ерлерге арналыпты. Жай ғана ерлер емес, солдаттарға. Оның ішінде мерзімді қызметін өтеуші жауынгерлерге емес, майдан даласында қан төккен оккупанттарға.

Француз басылымы ол тауарлар тізімінен үзінді келтірген. Етіктер, мыңдаған қорап темекі, үлкен 43 немесе 44 мөлшерлі жүн шұлықтар, далада пайдалануға арналған газ плиталары, шошқа етінен жасалған, консервіленген бұқтырылған еттер, балталар мен шегелер және басқасы. Барлығы да қолданылған емес, тура қоймадан тасылған су-жаңа тауарлар.

Оның бәрін әр дүкеннің қызметкерлері өз қоймаларында мұқият бөліп, қораптаған. Содан соң әр жақтан орталық дүкеннің үлкен қоймасына жеткізілген. Сонда тиісті штамптар қойылыпты.

"Бүкіл тауарды Ашан тегін берді", – деп хабарлаған Христо Грозевке аталған операцияға өзі қатысқан қызметкерлердің бірі.

"Гуманитарлық көмекті" тасуға жолданған алып жүк көліктерінің бірінің жүргізушісі Алексей Р. менеджер Наталья З.-дан осынша көп көмектің кімге арналғанын сұрастырады. Әйел "онда шаруаң болмасын" деген ауанда жауап береді. Бірақ Алексей нені кімге тасымалдайтынын білу үшін табандайды. Сонда Наталья жәшіктердің бәрі "арнайы операциядағыларға" жолданатынын нақтылаған.

Зерттеушілер РФ армиясын тылдық қамтамасыз ететін жергілікті 2 компанияның өкілдерінен де сыр суыртпақтады, олар да француз компаниясының ресейлік қарулы күштерді азық-түлік, киім-кешек және өзге керек-жарақпен қамтып отырғанын жасырмады.

Бұл ақпарат Украинаға да, оның қарулас серіктесі Францияға да жайсыз тиді. Киев Ашанды "ресейлік агрессияның толыққанды қаруы" деп айыптады. Ал Еуропада француз дистрибьюторы журналистер мен қоғам өкілдерінің қатаң сынының нысанасына айналды. Олар Auchan брендін барлық жерде бойкоттауға шақырды.

"Өткен жылы біз Ресейден кетпегені және салығымен әскери қылмыстарды қаржыландыруын тоқтатпағаны үшін әлем жұртшылығын Auchan супермаркеттеріне бойкот жариялауға шақырғанбыз. Алайда өмір шындығы одан да нашар болып шықты: Ашан соғыстың бастапқы кезеңінен бері ресейлік агрессияның толыққанды қаруына айналып кеткен. Біз бұл жағдайды осылай қалдырмаймыз. Мен бұл мәселені француз әріптесіммен мұқият талқылауға ниеттімін", – деп қатаң ескерту жасады украиналық дипломатияның басшысы Дмитрий Кулеба.

Auchan басшылығы бұл айыпты, әрине, мойындамауға ұмтылды және жария етілген тергеудің нәтижелеріне "қатты қайран қалғандарын" мәлімдеді.

"Auchan Retail зерттеуде келтірілген фактілерді және олардың интерпретациясын үзілді-кесілді жоққа шығарады. Бұл деректер ішкі тергеу нәтижелерімен расталмады: оның қорытындысы топтың қолданыстағы қағидаларын қатаң сақталып отырғанын көрсетті. Зерттеуде алға тартылған мәліметтер 2022 жылдың наурызына қатысты болып келеді. Яғни қақтығыстың басталғанына бірнеше апта ғана өткен. Бұл жерде әңгіме соғыс басталардан бұрын әлдебір ұйымдардың орналастырған тапсырысын орындау туралы ғана болуы мүмкін. Біз РФ әскерін ерікті және белсенді түрде қаржыландырмаймыз, оған қаражат жинауға қатыспаймыз", – деп жалтарды Auchan француз компанияларының тобы. 

Ғажабы сол, Ашан супермаркеттер желісі Украинада да біршама кең таралған. Компаниялар тобының украиналық бөлімі Facebook-те арнайы мәлімдемесін жария етті. Онда "бұл хабар естен тандыра жаздағаны" ("шокированы"), сондықтан компания түсініктеме алу үшін Франциядағы басшылықпен дереу байланысқаны айтылған. Бас кеңсенің мәлімдемесі әлгіндей.

Өз кезегінде "Ашан Украина" соғыс басталғалы бейбіт украиналықтарға 60 млн гривна (немесе 1,5 млн еуро) көмек көрсеткенін мәлімдеді. Бұл компания өз табысының үлкен бір бөлігін Украинадан тауып отыр. Сондықтан ол нарықтан айрылса, дағдарысқа тап болуы ықтимал.

Бірақ Ресей нарығына да таскенедей жабысып отыр. Өйткені бұрынғы бейбіт жылдары оған тамыр жайып алды. AFP агенттігінің дерегінше, 2022 жылғы 30 маусымдағы қаржылық құжаттамаларында жазылғандай, Ресейде Ашанның 230 супермаркеті болыпты. Ал Украинада 42 супермаркеті жұмыс істейді. Құжатта осы екі ел 3,6 млрд еуро немесе компаниялар тобының бүкіл жаһандық айналымының 12%-ын әкеліп отырғаны жазылған.

Auchan Retail тобы "Auchan Ukraine жүзеге асыратын қолдау жобаларын қамтамасыз ететін халықаралық ынтымақтастық қорын" өз қаржысына құрғанын, оған 5,5 млн еуро, сондай-ақ  2300 тонна қайырымдылық көмегі бағытталғанын хабарлады.

Егер француз компаниясының агрессор әскеріне көмектескені расталса, ол санкцияға тап болып, құрып тынуы немесе халықаралық емес, ресейлік ішкі сауда желісіне дейін ұсақталуы ғажап емес.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу