Қазақстандық фристайлшы Жанбота Алдабергенова спорттық мансабын аяқтағанын мәлімдеді.
Спортшының мұндай шешім қабылдауына 2023 жылдың желтоқсанында Әлем кубогы кезеңіне дайындық барысында алған ауыр жарақаты – жамбас буынының шығуы себеп болды.
"Әрбір бастау бар жерде оның соңы да болады. FREESTYLE, саған шексіз алғысымды білдіремін! Сен маған әуеде қалықтаудың керемет сезімін сыйладың. Бұл сезімді қатты сағынатын боламын! Маған әлемді көруге мүмкіндік бергенің үшін рақмет. Күшті рухты, ерекше жандармен таныстырғаның үшін алғыс айтамын. Маған әрдайым қолдау көрсеткен, еңбектенген командама және менімен бірге спорттық жолды бірге өткен барлық жанға үлкен рақмет!", – деді фристайлшы өз парақшасында.
Өз мәлімдемесінде Жанбота спорттың берген мүмкіндіктері үшін алғысын білдіріп, Олимпиада медалін жеңе алмаса да, Қазақстандағы фристайлдың дамуына қосқан үлесімен мақтанатынын айтты.
Ол болашақта елде осы спорт түрінен Олимпиада чемпионы пайда болады деген үмітін жеткізді.
Өкінішке қарай, Олимпиада ойындарында медаль бұйырмады. Демек Қазақстанда мұндай тарихи жетістікке жететін спортшы мен емес болғаным ғой. Соған қарамастан елімізде фристайл-акробатиканың дамуына үлес қосқаныма өте қуаныштымын және қазіргі уақытта біздің спортта ешкім қол жеткізбеген нәтижеге жеткенімді мақтан тұтамын. Қазақстаннан Олимпиада чемпионы шығатынына сенемін. Мансабымды аяқтауымның басты сесбебі, өткен маусымда желтоқсан айында алған жарақатым. Денсаулық мен үшін бәрінен де маңызды", – деп қоса кетті Жанбота.
Мансабында Алдабергенова әртүрлі деңгейдегі 125 жарысқа қатысты. Оның ішінде үш қысқы Олимпиада ойындарына (Сочи 2014 – 6-орын, Пхёнчхан 2018 – 13-орын, Бейжің 2022 – 13-орын), сегіз әлем чемпионатына және 54 Әлем кубогы кезеңіне қатысты. Ол 14 рет жеңіске жетіп, 33 мәрте жүлделі орыннан көрінді.