ФРЖ, Ұлттық банк және санкциялар

Татьяна Батищева Татьяна Батищева
3948

Теңгенің долларға шаққандағы бағамына қазір қандай факторлар әсер етпек.

ФРЖ, Ұлттық банк және санкциялар

9 тамызда Қазақстанның қор биржасында (KASE) таңертеңгі валюта сессиясында доллардың бағамы 353,53 теңгеге күрт өсіп шыға келді. Сауда жабылған сәтте бір доллар 354,5 теңге болып, саудада мәміле көлемі да артқан.

Бүгін таңертеңгілік саудада доллардың теңгеге шаққандағы бағамның шарықтауына бірнеше фактор әсер етті деп санайды KASE-нің басқарма төрағасының орынбасары Андрей Цалюк. Оның түсіндіруінше, доллардың өсуіне демалыс кезеңі және айырбастау пунктерінде сұраныстың артуы себеп. Шілдеде доллардың күш алуына жергілікті қаржы нарығында шетелдік инвесторлардың теңгенің әлсіреуіне байланысты теңгелей активтерден құтылуы әсер еткен еді. Ұлттық банктің мәліметі бойынша, резидент емес актив иелерінің ноттардағы көлемі 900 млн долларға дейін азайған. Бұл ұлттық валютаға әжептеуір салмақ салды.

"Ноттарға кірген кэрри-трейдерлер теңгелей жылдық 8% мөлшерлемеге қол жеткізіп отырды. Долларға шаққанда теңге нығайған тұста, мысалы долларлай жылдық 2,5 пайыз ұсынып келген трежери-вилдспен салстырғанда, олар жақсы пайда көрді. Ал теңгенің долларға шаққандағы бағамы әлсірей бастаған сәтте инвесторлар ноттарын жаппай сатуға жанталасты немесе, әдеттегідей олардың өтелуін күтті. Ноттарды сатқаннан түскен теңгені инвесторлар долларға айырбастап, осылайша қосымша сұраныс тудырды. Әрине теңгенің құлдырай жөнелуіне басты себеп бұл да емес, дегенмен осынау сұраныс теңге мен доллар бағамына айтарлықтай әсер етті", – деп түсіндіреді Андрей Цалюк.

Доллар бағамы кезекті рет шарықтаған 3 тамызда Ұлттық банк теңгенің әлсіреуін АҚШ-тың ФРЖ шешімінен кейін дамушы елдер валюталары әлсірей бастайтын әлемдік тенденциямен ұстастырған еді. Естеріңізге сала кетейік, биыл ФРЖ пайыздық мөлшерлемені жылдық 1,75-2%-ға дейін көтеріп, бұл доллардың өсуіне, осы арқылы дамушы елдер валюталарына жағымсыз әсер еткен болатын. Инвесторлар болса ФРЖ ақша-кредит саясатын қатайтуда мұнымен тоқтап қалмайды және мөлшерлемені кемінде тағы бір рет көтереді деп отыр. Жыл соңында пайыздық мөлшерлеме 2,375%-дық орташа деңгейге көтерілуі мүмкін.

Теңге жыл басынан бері нығайып келген болса, (әрине, оған carry trade операциялары жақсы әсер етті), ФРЖ мөлшерлемені көтеруі, ал Ұлттық банктің оларды төмендетуге тырысуы еліміздің нарығында carry trade өз тартымдылығын жоғалтуына алып келмек. Бұл теңгені өсуге деген ұмтылыстан айырып, сонымен қатар нарық еркін айналымдағы валюта саясаты тек жақсы ғана емес, сонымен қатар нашар нәтиже көрсете бастайтын жағдайға тап болады. Шетелдік инвесторлардың алыпсатарлық жедел ақшалары жергілікті нарықтарға айтарлықтай құбылмалықты қоса-қабат алып келетіні заңдылық. Егер бұған дейін ФРЖ мөлшерлемесі қазақстандық нарыққа айтарлықтай әсер етпеген болса, ал қазір жағдай өзгере бастады. Қазақстан жаһандық Euroclear және Clearstream жүйелеріне қосылған соң шетелдік инвесторлардың қазақстандық активтерге АХҚО және Ұлттық банк желілері арқылы қолжетімділігі кеңейіп, бұл сыртқы жағдай өзгерген жағдайда валюта нарығында қосымша құбылмалықты тудырады.

Мұнай және рубль
Доллардың бүгінгі көтерілуіне әсер еткен факторлар туралы айтқанда, әлемдік мұнай бағасының төмендегенін атап кеткен жөн. Көптеген сарапшы теңге мұнай бағасына "тәуелді" болудан қалған деп айтқанына қарамастан, шикізат факторы күшін жоймайды. Соңғы күндері осы дәстүрлі фактор да теңгеге жағымсыз болып, мұнай бағасы бір баррель үшін 75 доллардан 72 долларға дейін төмендеді.

Сондай-ақ мұнай тақырыбына АҚШ пен Қытай арасындағы үзаққа созылған сауда соғысының да қатысы бар, өйткені ол шикізат бағасына әсер етеді. Шілде айының қорытындысы бойынша KASE-де теңгенің юаньға қатысты бағамы 1,6 пайызға нығайған, әрі доллардың юаньға қатысты бағамының арақатынасында да айырмашылық бары байқалған. Ол сауда соғысы факторымен және жағдайдың құбылмалығымен түсіндіріледі.

Доллардың өсуіне тағы бір әсер ететін фактор – бұл қазір шекара маңындағы сауда Қытайдың ұсынуымен юаньмен емес, доллармен жасалып жатыр, ал бұл долларға деген сұранысты және оның бағасын өсіреді.

Алайда теңгенің бүгінгі құлдырауына инвесторлардың Ресейге қарсы санкциялардан күткен болжамдары да себеп болды. Санкциялар есебінен рубль қатты төмендейді.

Сәрсенбі, 8 тамыз күні рубльдің долларға қатысты бағамы 65,2 рубльге дейін түсіп, осыдан екі жыл бұрынғы шамаға жетті.

"Сол себепті теңгенің долларға қатысты бүгінгі саудасының нәтижесі алдында болжанғанға сай болып отыр. Бізде бағам еркін айналымда жүр", – деп атап кетті Андрей Цалюк

Бүгін, 9 тамызда, сауда басталғаннан кейін АҚШ Ресейге қарсы жаңа санкция дайындап жатыр деген хабарлама шыққасын рубльдің төмендеуі жалғасты. Мәскеу биржасының мәліметіне сәйкес, сағат 10.01-де ашық саудада доллардың бағамы 66,25 рубль болып, алдағы сауда сессиясы жабылғандағы бағамнан 71 тиынға жоғары болды. KASE өкілі нарық соңғы жаңалықтарға қатты мән беріп отырғанын атап кетті. Жаңа санкция рубльге пайда әкелмейді. Ресей Қазақстанның сауда серіктесі болғандықтан, теңге де төмендеген рубльмен қатар әлсірейді. Ұлттық банктің алтын валюта қоры теңгенің нығайтуға жетеді, алайда 2015 жылғы тәжірибені қайталау керек емес.

Шілдеде теңгенің рубльге қатысты бағамы бір рубль үшін 5,5 теңге шамасына жақын болды. 9 тамызда таңғы сессия қорытындысы бойынша инвесторлар бір рубльді 5,29 теңге шамасына келтірді.

 Айтқандарды қорытындылай келе теңге жоғары құбылмалық кезеңіне тап болды және алдағы уақытта одан әрі әлсіреуі мүмкін деуге болады. Теңгенің әлсіреуі, импорттың үлесі жоғары болуынан бағаның өсуіне және монитарлық емес инфляцияға әкелуі мүмкін болғандықтан, Ұлттық банк теңге бағамын реттеу үшін валюталық интервенция жасауы әбден мүмкін.

Гүлназ Ермағанбетова, Татьяна Батищева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу