Фульсанг былтырғы жетістігін қайталай алмады

1542

"Астана Про Тим" шабандоздары Әлемдік тур аясында өткен классикалық жарыста бақ сынады. 

Фульсанг былтырғы жетістігін қайталай алмады

Әлемдік Тур аясында өткен біркүндік "Страде Бьянка" веложарысында қазақстандық "Астана Про Тим" командасының капитаны Якоб Фульсанг 5-орынға ие болды. 

Аптап ыстықта өткен италиялық  классикалық сайыс шабандоздар үшін өте ауырға соқты. Жарыс жолының финалдық бөлігінде, мәреге 50 шақырым қалғанда алты шабандоздан құралған көшбасшы топ арасынан Якоб Фульсанг шабуылға шығып, жүлделі орын үшін таласқа түсті. Нәтижесінде, финишке 10 шақырым қалғанда шабуылға шыққан Ваут Ван Арт жарыс жеңімпазы атанса, Фульсанг 5-орынға ие болды.

"Жарыс жолына қайта шыққаныма өте қуаныштымын. Күн ыстық болғандықтан соңғы 50 шақырым жолды жүріп өту маған оңайға соқпады. Денем қызып кеткендіктен өзім жоспарлағандай жұмыс жасай алмадым. Бірақ, велодода жақсы өтті. Командадағы әріптестерім маған қолдау көрсетті. Кезең басталысымен Алафилипп бірінші болып шабуылға шықты. Мен көшбасшылар тобына қосылып үлгердім. Сайыс бойы алдыңғы қатарда болдым. Алайда құлдиға жеткенде жылдамдығымды азайтып алдым. Сондықтан тек 5-орынға ие болдым", - деді Якоб Фульсанг.

1-тамыз күні атақты италиялық "Страде Бьянка" біркүндік классикалық жарысы 14-мәрте ұйымдастырылды. Шабандоздар 185 шақырымдық жарыс жолын бағындырып, 11 тастақты аймақты жүріп өткеннен кейін велодода Сиенада, Пьяцца дель Кампо алаңында аяқталды. Бірнеше мәрте орын алған шабуылдардан соң пелотонда шабандоздар сейіле бастады. Алға озған топ арасында бірден "Астана Про Тимнің" 3 шабандозы бар болатын. Олар Алексей Луценко, Якоб Фульсанг және Горка Исагирре. Исагирре жаңа шабуылға ілесіп, шағын топқа барып қосылды. Кейінірек ол топты пелотон қуып жеткеннен соң Фульсанг алға озды. Ал Луценко оның ізімен жүріп отырды. Нәтижесінде алдыңғы қатарда 9 шабандоздан тұратын жаңа топ құрылды.

Шамамен финишке 50 шақырым қалғанда тастақты аймаққа жеткенде Якоб Фульсанг жекелей шабуылға шықты. Оны кейінгі топ тек 10 минуттан соң ғана қуып жетті. Осыдан кейін алдыңғы қатарда небәрі 6 шабандоз қалып, жарыс тағдыры финалда шешілді.

Соңғы 10 шақырымда Ваут Ван Арт алға озды. Бірақ бұл жолы Якоб Фульсанг оған ілесе алмады. "Астана Про Тим" шабандоздарынан Горка Исагирре 17-нәтиже, ал Уго Уль 29-нәтиже көрсетті.

Ермұхамед Мәулен

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу