Фульсанг күміс жүлдегер атанды

1637

Astana Pro Team велокомандасының шабандозы Якоб Фульсанг виртуалды "Джиро д'Италия" жарысының 5-кезеңінде 2-орынға ие болды.

Фульсанг күміс жүлдегер атанды

Гранд-Турдың компьютерлік баламасының 5-кезеңінде қазақстандық команда атынан Якоб Фульсанг пен Йон Исагирре сынға түсті. Шабандоздар компьютерге қосылған велотренажерларда жарысты. Яғни олар нағыз сайыс кезеңдерінің бірінің виртуалды баламасын жүріп өтті.

5-кезеңде велесебедшілер 30 шақырымды бағындырып, "Team Jumbo-Visma" командасының өкілі голландиялық  Стивен Крейсвейк жеңіске жетті. Астана Про Тим шабандозы Якоб Фульсанг 2-орынға ие болды және бұл жүлде виртуалды жарыста қазақстандық команда жеңіп алған бесінші медаль. Ал атақты италиялық көпкүндіктің екі дүркін жеңімпазы Иван Бассо қола жүлдені қанағат тұтты. Елордалық команданың тағы бір шабандозы Йон Исагирре 6-нәтиже көрсетті. Кезекті жүлделі орыннан соң Астана Про Тим жалпыкомандалық көрсеткіш бойынша көш бастап тұр.

Естеріңізге сала кетсек, виртуалды Джироға қатысып жатқан қазақстандық шабандоздар арасынан осыған дейін алғашқы кезеңде Алексей Луценко жеңіске жетсе, Давиде Мартинелли 3-кезеңде қола жүлдегер атанған. Сонымен қатар Омар Фрайле 2-кезеңде, Горка Исагирре 4-кезеңде 2-орын жеңіп алған болатын. Ерлер арасында өтіп жатқан виртуалды Джироға Astana Pro Team, Movistar Team, Team Bahrain-Mclaren, Team Jumbo – Visma, Androni Giocattoli – Sidermec, Bardiani Csf Faizanè, Vini Zabù Ktm және Италияның велоспорттан ұлттық құрамасы қатысуда.

Әйелдер арасында Astana Women’s Team, Movistar Team Women, Trek–Segafredo және Италия ұлттық құрамасы өзара сынға түсіп жатыр. Виртуалды велокөпкүндік 18 сәуірде басталған. Сайыс 10 мамыр мәресіне жетпек.     

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу