Фульсанг "Ломбардия Турында" жеңіске жетті

1171

Италияда өткен біркүндік классикалық "Ломбардия Туры" веложарысында қазақстандық "Астана Про Тим" тамаша өнер көрсетті. Команда капитаны Якоб Фульсанг жеңіске жетсе, ал Александр Власов 3-орынға ие болды. Фульсанг үшін бұл спорттық мансабында монументальді классикалық жарыстағы екінші жеңісі. Ол былтыр "Льеж – Бастонь – Льеж" велододасында жеңіске жеткен болатын.

Фульсанг "Ломбардия Турында" жеңіске жетті

Бергамо қаласынан басталған "Ломбардия Туры" 231 шақырымнан кейін Комо қаласында мәресіне жетті. Дәстүр бойынша  классикалық жарыс бағытында Чивильо немесе Муро ди Сормано асулары сияқты бірнеше қиын асулар орналасқан болатын. Жарыс басталған соң 11 шабандоз көшбасшы топ құрып, алға озды. Алайда пелотон көшбасшыларды бақылауда ұстап отырды. Мадонна дель Гисалло асуына жеткенде негізгі топ талға озғандарды қуып жетті. Сол сәттен бастап "Астана Про Тим" пелотондағы жағдайды өз бақылауына алды. Ал Харольд Техада мен Александр Власов Якоб Фульсангқа көмек көрсетті.

Муро ди Сормано асуына таяу алдыңғы шепте шағын көшбасшылар тобы құрылды. Олардың арасында Фульсанг пен Власов та бар еді.  Топ арасынан "Астана" капитаны шабуылға шығып, оның соңынан тек екі шабандоз - Александр Власов пен таяуда өткен "Гран Пьемонте" веложарысының жеңімпазы Джордж Беннетт жүріп отырды.

Власов Фульсангқа қолдау көрсетіп, Якоб тағы да шабуылға шықты. Алайда бұл жолы Беннетт оның соңынан ілесе алмады. Нәтижесінде қазақстандық команданың капитаны жекелей көш бастап, тамаша жеңіске қол жеткізді. Беннетт мәреге 2-болып келді. Ал Власов үздік үштіктің қатарын толықтырды.   

"Жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Жетістіктерімнің тізіміне тағы бір жеңіс қосылды. Бұл сондай тамаша! Осы жарысқа жақсы дайындықпен келдім. Жеңіске жететінімді сезгендеймін. Бірақ жеңіске жеткеннен гөрі  жеңіс туралы айту оңайырақ. Команда күні бойы керемет жұмыс атқарды. Әсіресе Власов өте мықты екенін көрсетті. Ол жарыстың соңғы шақырымдарына дейін менің жанымда болды. Спринтте Беннентті жеңетінімді білдім. Бірақ жағдайды қиындатып, спринтке дейін жеткізбеуді жөн санадым. Сондықтан соңғы асуға жеткенде басымдылығымды арттыруға күш салдым. Бұл жоспарым іске асып, нәтижесінде жеңіске қол жеткіздім. Мен бақыттымын! Жарыстың бейнежазбасын көргеннен соң көпірден кейін Эвенепулдың құлап қалғанын көрдім. Жарыс жолына қайта оралған шығар деп ойлағанмын. Жағдайы жақсы деп үміттенемін", - деді Якоб Фульсанг.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу