"Әр маусымды біз белгілі бір жарыс жоспарынан бастаймыз. Бірақ кейде жағдайға байланысты өзгерістер енгізуге тура келеді. Екі шабандозбен де сөйлескеннен кейін, Якоб Фульсанг пен Алексей Луценко да биыл "Фландрия турына" қатыспайды деп шештік. "Арденн классикасы" көшбасшыларымыздың маңызды мақсаттарының бірі болғандықтан, біз "Баск елдерінің туры" оларға барынша жақсы дайындалуға мүмкіндік береді деп сенеміз. Сонымен қатар, "Париж-Ниццада" құлағаннан кейін қайта бабына келіп жатқан Алексей туралы айтатын болсақ, онда біз тастақты жолда өтетін ең қиын классикалық жарыста оның денсаулығына қауіп төндірмеуді жөн деп санадық", - деді команданың спорт директоры Александр Винокуров.
Ал команданың басқараушы директоры Яна Зель спорттық ерекшеліктерінен басқа, COVID-19 хаттамасымен байланысты шектеулерге байланысты "Фландрия турынан" кейін "Баск елдерінің турына" қатысу қиындық туғызатынын атап өтті.
"Логистикалық тұрғыдан Бельгиядағы жарысқа қатысып, келесі күні "Баск елдерінің турының" жарыс жолына шығу өте қиын. Қөптеген шабандоздар өткен жылдары дәл солай жасаған болатын. COVID-19 пандемиясына байланысты қазіргі жағдай адамдардың бір жерден екінші жерге баруын шектеді. Өйткені білгілі бір ережелерді сақтау қажет. Сондықтан шабандоздардың күнтізбесіне өзгерістер енгізу туралы шешім өте дұрыс. "Фландрия туры" - бұл кез-келген Әлемдік тур командасы үшін маңызды жарыс. Сондықтан біз өзімізді осы "классикада" жас әрі жігерлі шабандоздар ретінде көрсетуге тырысамыз", - деп түсіндірді басқарушы директор Яна Зель.
Якоб Фульсанг 2019-жылдың көктемінде көрсеткен нәтижесін қайталауды жоспарлап отыр. Ол "Баск елдерінің турын" төртінші болып аяқтады. Содан кейін "Льеж-Бастонь-Льежде" жеңіске жетіп, "Амстел Голд Рэйс" пен "Флеш Валлоньды" жеңіс тұғырында аяқтады.
"Мен өзімнің мансабымда екінші рет "Фландрия турына" қатысамын деп ойлағаныма қарамастан, біз Бельгияда және келесі күні "Баск елдерінің турында" өнер көрсету тым өршіл идея деп шештік. Қазіргі уақытта COVID-19 протоколдарына байланысты қозғалыс өте қиындады. Сондықтан біз тәуекелге барғымыз келмейді. Болашақта мен "Фландрия турына" 100% дайындала алсам, тастақты жолға қайта ораламын. "Баск елдері туры" - веложарыстар күнтізбесіндегі ең қиын көпкүндік жарыстардың бірі. Сондықтан "Арденн классикасына" дайындалудың бұдан артық жақсы әдісі жоқ. 2019-жылы бұл мен үшін бельгиялық классикалық жарыстарға дейінгі тамаша бастама болды. Мен "Баск елдерінде" өтетін қиын жарыс аптасының маған көп көмегін тигізетінін білемін", - деді Якоб Фульсанг.
"Париж-Ниццада" құлағаннан кейін қазіргі таңда өзімді әлдеқайда жақсы сезінемін. Мен әлі де бабыма келудемін. Бірақ өзімді жақсы сезінемін және жарысқа қайта оралғаныма қуаныштымын. "Мигель Индурайн Гран-приіне" қатысқаннан кейін "Баск елдерінің" турында өнер көрсетемін. Біріншіден, мен өзімнің қалпына келуімнің қалай жүріп жатқанын және жарыс жағдайында өзімді қалай сезінетінімді тексергім келеді. "Арденн классикасы" қарсаңында бұл мен үшін өте маңызды жарыс болады. Сондықтан мүмкіндігінше жақсы дайындалу үшін "Баск елдерінің турына" бара жатырмын. Мен жарыста күннен күнге жақсы нәтиже көрсетуге тырысамын. Бәлкім менде кезеңде жеңіске жету мүмкіндігі болатын шығар. Әрине, жалпы есеп үшін күресетін командаластарыма көмектесуге дайынмын", - деп қоса кетті Алексей Луценко.
Ермұхамед Мәулен