"Астана Про Тим" командасының капитаны соңғы айналымда шабуылдап, алдыңғы қатарға шықты. Фульсанг финишке дейін басымдылығын сақтап қалды. 3-кезең қорытындысынан кейін Якоб испаниялық көпкүндіктің бас классификациясында көшбасшылығын одан әрі нығайтты.
- Жарыстың алғашқы екі сағаты өте қиынға соқты. Бірақ, әріптестерім жарыс бойы керемет жұмыс атқарды. Финалда шабуылдар өте көп болды. Алайда біз қарсы шабуылға шығып отырдық. Соңғы айналымда бұрылыстағы мүмкіндікті пайдаланып, нәтижесінде жеңіске жеттім. Ертең бізді тағы бір ауыр кезең күтіп тұр. Сары жейдені сақтап қаламыз деген ойдамын. Әрине, көптеген командалар жарысты барынша қиындатуға тырысады. Жексенбі күні өтетін жекелей уақытқа арналған жарыс қиын болатын сияқты. Дегенмен, менің біраз басымдылығым бар. Сол көмектеседі деп ойлаймын, - деді Якоб Фульсанг екінші жеңісінен кейін.
"Андалусия Вуэльтасының" 3-кезеңі шабандоздар үшін нағыз сынақ болды. Олар Хаэн мен Убеда арасын жалғаған 177 шақырымдық жарыс жолын жүріп өтті. Кезең барысында бірнеше мәрте көшбасшы топтар құрылды. Бірақ, әрбір алға озған топты "Астана Про Тим", сәл кейінірек басқа командалар да қуып жетіп отырды. Убеда қаласының көшелерінде, техникалық тұрғыдан аса қиынға соққан финалда "Астана" Якоб Фульсангты алдыңғы шепке шығарды. Нәтижесінде екінші мәрте жеңіске жеткен Якоб Фульсанг жалпы есепте Микель Ландадан 14 секунд басымдылыққа ие болды. Ал Йон бұрынғысынша 5-орында тұр.
"Андалусия Вуэльтасының" 4-кезеңі ертең Вильянуэва Месиядан басталып, 125 шақырымнан кейін Гранадада аяқталады.
Ермұхамед Мәулен