Фульсанг техникалық қиындыққа тап болды

1155

"Астана" велокомандасының капитаны Якоб Фульсанг техникалық қиындықтарға қарамастан бас классификацияда 7-орынды сақтап қалды.

Фульсанг техникалық қиындыққа тап болды

"Джиро д'Италияның" сегізінші кезеңінің жарыс жолын екіге бөлуге болады: бірінші бөлігі толығымен жазық аймақта өтсе, ал екіншісі Вьестедегі мәреге дейін таулы аймақта өтті. Алты шабандоз топ құрып, 10 минуттан аса басымдылыққа ие болды. Нәтижесінде сол көшбасшы топ кезеңдегі жеңіс үшін таласқа түсті. Жекелей шабуылға шыққан британиялық велошабандоз Алекс Даусетт кезең жеңімпазы атанды.

Мәреге шамамен 70 шақырымдай қалғанда "Астана Про Тимнің" капитаны Якоб Фульсангтың велесебедінің дөңгелегі тесіліп қалды. Сол себепті ол тоқтауға мәжбүр болды. Осындай уақытта команда мінсіз жұмыс атқарып, капитанды қайта пелотонға қосты. Нәтижесінде Фульсанг еш қиындықсыз, жалпы топпен бірге кезеңді аяқтады және өзінің басты қарсыластарымен салыстырғанда уақыт жоғалтқан жоқ.

8-кезеңде "Джиро д’Италияның" бас классификациясында ешқандай өзгерістер орын алған жоқ. Жоао Алмейда көшбасшының қызғылт жейдесін сақтап қалса, Якоб Фульсанг 7-орында тұрақтап қалды (+1.19).

"Бүгін қызықты жағдайлар болған жоқ. Көшбасшы топ алға озып кетті. Ал, қалған шабандоздар үшін жарыс күні бірқалыпты өтті. Менің велесебедімнің дөңгелегі тесіліп қалды. Даунхиллда пелотон бірнеше топқа бөлініп кетті. Бірақ, одан басқа ешқандай жағдай орын алған жоқ. Ертең таулы кезеңде барлығы да басқаша өтеді. Бізді жалпы есептегі жеңіс үшін тартысты күн күтіп тұр, - деді Якоб Фульсанг.

"Джиро д’Италияның" 9-кезеңі бүгін өтуде. Пелотон Сан Салводан қиындығы 1-дәрежелі Роккарасодағы шыңға дейін 208 шақырым жолды жүріп өтеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу