Футбол: Боруссия боратқан голдар немесе 16 жастағы шабуылшы Кин

2674

Чемпиондар лигасының шешуші кезеңдерінің бірі аяқталып, тағы да плей-оффқа шыққан командалар алдын ала анықталып қойды. Олардың бірі – Реал корольдік клубы. Рафаэль Варан мен Карим Бензема португалиялық Сппортингтің қақпасына бір-бір голдан соқса, алаң иелері жалғыз голмен ғана жауап қата алды.

Футбол: Боруссия боратқан голдар немесе 16 жастағы шабуылшы Кин

Айта кету керек, Спортинг 64-ші минуттан бастап 10 ойыншымен қалды. Жоау Перейро алаңнан қуылды. Осылайша Реал 2:1 есебімен жеңіске жетіп, плей-оффқа жолдаманы қанжығасына байлады.

Осы F тобындағы тағы бір ойын дортмундық Боруссия мен Польшаның Легия командалары арасында өтті. Бұл ойында жалпы 12 доп соғылып, жанкүйерлер голға қарық болды. Есеп 8:4, сөйтіп немістер осы топтағы 1-ші орнын сақтап қана қоймай, 3 бірдей рекордтты жаңартып жіберді.

Бұл көрсеткіш Чемпиондар лигасы тарихындағы жаңа рекорд ретінде тіркеліп отыр. Бұған дейін 2003 жылы ең ірі есеп франциялық Монако мен испандық Депортиво арасындағы матчта тіркелген болатын, ол ойын 8:3 есебімен аяқталған еді.

Және тарихта тұңғыш рет Боруссия-Легия ойыны кезінде бірінші таймда 7 гол соғылды.

Тағы бір рекорд, ол Боруссияның 16 минут ішінде қарсылас қақпасына 5 гол соғуы. Мұндай көрсеткіштер бұрын-соңды Чемпиондар Лигасында болған емес.

Сөйтіп Боруссияда 13 ұпай, Реалда – 11, Спортингте – 3 және Легия 1 ұпаймен соңғы орында қалды.

Ресейлік клуб ЦСКА-ның биыл жолы болмады. Германияның Байерімен өз алаңында 1:1 есебімен тең ойнап, плей-оффқа өте алмады.

Бұл ойында немістер бірінші есеп ашқан болатын, 16-шы минутта Кевин Фолланд көзге түсті, ал 76-шы минутта әскери клуб тырысып жатып, әрең дегенде пенальтиден есепті теңестірді, голдың авторы – Бибрас Натхо. Бұл израильдік жартылай қорғаушының осы биылғы маусымдағы кіргізген алғашқы голы.

Қақпашы Игорь Акинфеев өзінің ЦСКА құрамындағы 100-ші ойынында да қақпасын аман алып қала алмады. Осымен 42 ойын қатарынан гол жіберіп алып антирекордын жаңартып отыр. Онымен қоса алаңнан тыс тәртіп бұзғаны үшін өзінің биылғы маусымдағы алғашқы сары қағазына да ие болғанын айта кету керек.

Осылайша ЦСКА плей-оффқа шыға алмады, дегенмен Еуропа Лигасына баруға әлі де мүмкіндігі бар, егер 3-ші орын алып жатса.

Ювентус сырт алаңда испандық Севильяны 3:1 есебімен ұтып, 1/8-ші финалға жолдама күн бұрын алып қойды. Айта кету керек осы матчқа тұңғыш рет небәрі 16 жастағы Ювентус шабуылшысы алаңға шықты. Оның аты – Мойзе Кин. Ол 84-ші минутта алмасып кірген болатын.

Осы топтағы тағы бір ойын франциялық Лион мен алаң иелері загребтік Динамо арасында өтіп, 1:0 есебімен франциялық клуб жеңіске жетті.

Сөйтіп Ювентуста – 11, Севильяда – 10, Лионда – 7, ал Динамо Загреб бұл топта бір де бір ұпай ала алмай, соңғы орынды місе тұтты.

Ал бәрінен бұрын жолдама алып қойған ағылшындық Лестер Сити болса, 2:1 есебімен Брюггені ұтып, жеңіс жолын жалғастырды. Копенгаген мен Порту тең түсті 0:0. Монако Тоттенхэмнен басым түсті 2:1.

Е тобындағы Монакода –11 ұпай, Байерде – 7, Тоттенхэмде – 4, ЦСКА-да 3 ұпай.

G тобы: Лестер – 13, Порту – 8, Копенгаген – 6, Брюгге – 0

Бүгін Ростов-Бавария, Бешикташ-Бенфика алаңға шығады. Сондай-ақ, Арсенал-ПСЖ, Лудогорец-Базель, Наполи-Динамо К, Селтик-Барселона, Боруссия М-Манчестер Сити, Атлетико М-ПСВ Эйндховен.

Жанат Қалықов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу