25 сәуір Қазақстанда бейресми түрде футбол күні аталып өтеді. Бұл күн тек спорттық жетістіктерге арналмаған, сонымен қатар футболдың елдің әлеуметтік және мәдени өміріндегі рөлі жайлы ойлануға себеп болады. Қазіргі таңда футбол жай ғана ойын емес. Бұл – әлеуметтік үдерістердің көрінісі, инфрақұрылым деңгейінің көрсеткіші, жастармен жұмыстың бағдары және спорт саласындағы мемлекеттік саясаттың маңызды құралы.
Футбол Қазақстанда ең танымал спорт түрлерінің бірі. Оны көреді, талқылайды, мектеп алаңдарынан бастап кәсіби стадиондарға дейін ойнайды. Дегенмен, танымалдық даму кепілі емес. Соңғы жылдары Қазақстан футболы айқындаушы кезеңде. Бір жағынан инвестициялар өсуде, академиялар дамып жатыр, клубтар еурокубоктерге қатысып жүр. Екінші жағынан лигалар сапасы, кадр тапшылығы және жүйелі тәсілдердің жетіспеушілігі мәселесі өткір тұр.
Ал, ұлттық құрамамыз көпшіліктің назарында болатын басты нысан. Еуро және әлем чемпионаттарына іріктеу ойындары әрдайым үміт пен көңілімізге қаяу түсіретін сезімдермен өтеді. Соңғы 5 жылда ұлттық құраманың ойыны жақсарғанын мойындау керек: құрылым қалыптасқан, жаттықтырушылар тұрақтылық танытуда, жаңа ойыншылардың келуі бәсекені арттыруда.
Дегенмен, ірі турнирлердің финалдық кезеңіне шыға алмау – ұлттық құраманың кемшіл тұсы болып тұр. Бұл көбіне терең жүйелік мәселелерге байланысты, яғни футболдың бұқаралылығы мен резерв дайындау жағдайлары арасындағы алшақтық.
Сондай-ақ Қазақстан Премьер-лигасы оң тенденцияларды көрсетіп келеді. Клубтар инфрақұрылыммен жұмыс істеуде, маркетингтік стратегиялар қалыптасып жатыр, легионерлер мен инвесторлар тартыла бастады. Астана, Алматы, Шымкент және басқа өңірлердің командалары еурокубоктық аренада бой көрсетіп, кейде айтарлықтай нәтижелерге де қол жеткізуде.
Алайда чемпионат құрылымы әлсіз күйде қалып отыр. Бірінші лигадағы бәсекенің төмен деңгейі, өңірлік қаржыландыруға тәуелділік, лицензиялау жүйесінің әлсіздігі мен білікті мамандардың жетіспеушілігі жоғары деңгейге көшуге кедергі болуда.
Футбол дамуының негізі балалар мен жасөспірімдер футболы. Бұл бағытта Қазақстанда белгілі бір қадамдар жасалып жатыр.Алаңдар салынып, академиялар ашылуда, бағдарламалар енгізілуде. Алайда жас футболшыларды дайындау сапасы халықаралық стандарттарға толық сай емес. Мұның басты себептері – білікті жаттықтырушылардың тапшылығы, скаутинг жүйесінің дамымауы және көптеген өңірлерде ұзақмерзімді стратегияның жоқтығы.
Қазіргі таңда кішігірім "алаңқайлардағы" футболдан бастап ұлттық құрамаларға дейінгі вертикальды жүйе толық құрылмаған. Бұл талантты ойыншылардың жоғалуына, нақтырақ айтсақ жас талантты футболшыларымыздың жоғарғы деңгейге дейін жете алмауы және кәсіби спорттағы тұрақты кадр тапшылығына әкелуде.
Қазақстандағы футбол біртіндеп тек ерлер спорты деген шеңберден шығып келеді. Әйелдер командаларына қолдау көбейіп, қыздардың футболға қызығушылығы артып жатыр. Бұл қызығушылықты тұрақты үрдіске айналдыру үшін мемлекет және ҚФФ тарапынан жүйелі қолдау көрсетуде. Сонымен қатар футболды білім беру мекемелеріне, оның ішінде мектептерден бастап университеттерге дейін кеңінен енгізу маңызды.
Әуесқой футбол да қарқынды дамып жатыр: корпоративтік лигалар, аула командалары арасындағы турнирлер, фестивальдер мен флешмобтар қала мәдениетінің бір бөлігіне айналуда. Сондықтан бұл спорт түрі әлеуметтік бірігудің және салауатты өмір салтын насихаттаудың зор әлеуеті.
Қазақстан футболының болашағы тек таблодағы есеп емес. Бұл мектептердегі, спортзалдардағы, жаттықтырушылар бөлмелеріндегі еңбектің нәтижесі. Ал бүгін осының бәрі туралы ойлануға таптырмас күн.