Сенаттың жалпы отырысында Дархан Қыдырәлі депутаттық сауалын Үкімет басшысы мен Бас прокурорға жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
"Әлем чемпионатында төрелік ететін бір төреші шығара алмадық" деген ол федерацияның бейқамдығына алаңдаулы.
– Соңғы кездері қазақ футболы төңірегінде дау көбейіп кеткені белгілі. Биылғы ел чемпионаты ел тәуелсіздігі жылдарындағы ең даулы маусымның бірі ретінде тарихта қалатын сияқты. Мысалы, соңғы минуттарда белгіленген пенальти арқылы тағдыры шешілген "Атырау" - "Ақтөбе", "Атырау" - "Астана" футбол клубтары арасындағы матчтар қоғамда үлкен резонанс тудырды. Әйтсе де, жанкүйерлердің ашу-ызасын тудырған төрешілер туралы шешім қабылданғанын көрмедік. Селт еткен федерацияны да байқамадық. Мұнда жең ұшынан жалғасқан сыбайластық жатқан жоқ па?
Қазіргі таңда федерация аясындағы матчтарға 155 төреші қызмет етеді екен. Алайда, оларды оқыту бағытындағы жұмыстар көңіл көншітпейді. Әлем чемпионатында төрелік ететін бір төреші шығара алмауымыз – соның көрінісі, - деп ашынды Д.Қыдырәлі.