Футболдағы жалақы азайды

1739

Премьер-лигада жанжал туындауы бек мүмкін.

Футболдағы жалақы азайды

Келесі маусымнан бастап ойыншылар мен бапкерлердің жалақыларын чемпионаттың деңгейіне сәйкес төмендетуі мүмкін. Қазақстан Республикасының Президентінің кәсіби спортты мемлекеттік және квазимемлекеттік компаниялардан қаржыландыруды қысқарту туралы бұйрығынан кейін бюджетті қысқарту әдістері қарастырылды.

Сонымен, футбол және хоккей клубтарын қосқанда бір кәсіби клубқа мемлекеттен қаржыландыру 800 миллион теңгені құрайды. Оған қоса бапкерлер мен ойыншыларға жалақы шегін енгізу ұсынылды. Бұл айына бір миллион теңгені құрайды.

Салыстыру үшін, Кипрлік БАҚ-тың хабарлауынша, шабуылшы Пьерос Сотириудың "Астанадағы" жалақысы жылына 700 мың еуроны құрайды. Сондай-ақ, бразилиялық Вагнер Лавтың алматылық "Қайраттағы" жалақысы жылына 1,2 миллион еуроны құрайтыны туралы хабарланды. Осы сомалардан бөлек еліміздің ортаңқол клубтарындағы жалақы мөлшері де шамадан тыс артық. Мысалы орташа есеппен алғанда еліміздегі көп футболшы 2 миллион теңгеге жуық жалақы алып жүр. Алайда, клубтарымыздың көрсетіп жүрген өнері мардымсыз. Біз оны әсіресе еурокубок ойындарынан байқай аламыз.

Жалпы алғанда клубтардың мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру мәселесі қазір күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Министр Ақтоты Райымқұлова осы мәселені көтеріп, кәсіпқой клубтарға бөлінетін қаржыны азайтудың жолдарын қарастыру қажет екенін айтты. Бұл мәселеге байланысты футбол клубтарының да тарапынан пікірлер айтылып жатыр. Мысалы, біздің сайтымызға сұқбат берген "Каспий" футбол клубының директоры Санжар Сейтқазинов клубтарға бөлінетін қаржыны бірден азайту құрдымға әкеп тірейтінін айтты. Оның ойынша қаржыны біртіндеп азайтып, қойылатын талаптарды барған сайын күшейту қажет. Сонымен бірге, жас функционердің ойы бойынша клубтар ең алдымен жеке инфроқұрылымдарын күшейтуі тиіс. Сонда ғана 5-7 жыл аралығында бюджеттен бөлінетін қаржыға қатты тәуелді болмай-ақ қызмет етуге болады екен.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу