5 желтоқсанда АҚШ, Канада және Мексика бірлесіп қабылдайтын 2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңіне арналған ресми жеребе тарту рәсімі өтті.
Алдағы мундиальдың топтары анықталды. Мбаппе мен Холланд бір топқа түсті, ал Өзбекстан құрамасына Криштиану Роналдумен кездесуге тура келеді.
2026 жылғы әлем чемпионатының алғашқы матчы 11 маусымда өтеді. Егер турнирлік жол сәтті тоғысса, ширек финалда-ақ біз Аргентина мен Португалия құрамаларының тартысты кездесуін тамашалай аламыз.
Бұл ХХІ ғасырдың екі ұлы футболшысы Лионель Месси мен Криштиану Роналду арасындағы тарихи дуэль болмақ.
Топтық кезеңнің өзіне келсек, бұл кезеңдегі матчтардың басым бөлігі аса қиын емес. Дегенмен көрермен назарын өзіне ерекше аударатын кездесулер бар: Англия мен Хорватия, Франция мен Норвегия, Бразилия мен Марокко және Испания мен Уругвай.
2026 жылғы наурыз айында әлем чемпионатына қатысатын құрамалардың толық тізімі белгілі болады. Қазіргі таңда 48 құраманың 42-сі анықталды. 48 құрама 4 командадан тұратын 12 топқа бөлінген.
2026 жылғы әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне әр топтан екі үздік команда, сондай-ақ үшінші орын алған 8 үздік құрама жолдама алады. Барлығы 32 құрама 1/16 финалдан бастап сынға түседі.
А тобы: Мексика, ОАР, Корея, Еуропа аймағы іріктеуіндегі D тобы плей-офф матчтарының жеңімпазы (Чехия, Дания, Солтүстік Македония, Ирландия)
B тобы: Канада, Еуропа аймағы іріктеуіндегі A тобы плей-офф матчтарының жеңімпазы (Босния және Герцеговина, Италия, Солтүстік Ирландия немесе Уэльс), Қатар, Швейцария
C тобы: Бразилия, Марокко, Гаити, Шотландия
D тобы: АҚШ, Парагвай, Аустралия, Еуропа аймағы іріктеуіндегі C тобы плей-офф матчтарының жеңімпазы (Косово, Румыния, Словакия немесе Түркия)
E тобы: Германия, Кюрасао, Кот-д’Ивуар, Эквадор
F тобы: Нидерланды, Жапония, Еуропа аймағы іріктеуіндегі B тобы плей-офф матчтарының жеңімпазы (Албания, Польша, Швеция немесе Украина), Тунис
G тобы: Бельгия, Мысыр, Иран, Жаңа Зеландия
H тобы: Испания, Кабо-Верде, Сауд Арабиясы, Уругвай
I тобы: Франция, Сенегал, құрлықаралық плей-офф турнирінің жеңімпазы (Боливия, Ирак немесе Суринам), Норвегия
J тобы: Аргентина, Алжир, Аустрия, Иордания
K тобы: Португалия, құрлықаралық плей-офф турнирінің жеңімпазы (Конго Демократиялық Республикасы, Ямайка немесе Жаңа Каледония), Өзбекстан, Колумбия
L тобы: Англия, Хорватия, Гана, Панама