Футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері ауысты

2006

Еліміздің бас командасының жаттықтырушысы Қазақстан футбол үйінде таныстырылды.

Футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері ауысты

Қазақстан құрамасын отандық танымал маман Талғат Байсуфинов басқаратын болды. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі хабарлады. Талғат Маруаұлы бұған дейін де ұлттық құраманы басқарып, 2018 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне қатысқан болатын. Білікті бапкер әр уақытта Петропавлдың "Есіл-Богатырь", Павлодардың "Ақсу", "Ертіс", Оралдың "Ақжайық" футбол клубтарында жұмыс істеді.

Келесі көктемде Қазақстан құрамасы 2022 жылғы Әлем чемпионатына іріктеуді бастайды. Топтық кезеңде Франция, Украина, Финляндия, сонымен қатар Босния және Герцеговина құрамалары қарсылас болмақ.

Сонымен қатар бүгін еліміздің жастар құрамасының аға жаттықтырушысы да таныстырылды. Жаңа іріктеу кезеңінде жастар құрамасын Қайрат Нұрдәулетов басқаратын болды.

Қайрат Нұрдәулетов қызылжарлық "Есіл-Богатырь", алматылық "Қайрат", қостанайлық "Тобыл", елордалық "Астана", қызылордалық "Қайсар" командаларының намысын қорғады. 2003-2013 жылдар аралығында Қазақстан ұлттық құрамасында 35 матч өткізіп, ұзақ уақыт капитан болып сайланды.

Өткен жылдары Қазақстан футбол федерациясында қызмет атқарды. Ең алдымен жастар құрамасы аға жаттықтырушысының көмекшісі, кейін ҚФФ құрама командалары департаментінің директоры болып еңбек етті.

Сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясының штаб-пәтерінде Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері таныстырылды. Команданы тәжірибелі болгариялық маманы Калоян Петков жаттықтырады. Ол Шымкенттің "БИІК-Қазығұрт" әйелдер футбол клубын ұзақ жылдары жаттықтырып келеді. Сонымен қатар, Петков 2012-2016 жылдар аралығында Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері қызметін атқарған. "БИІК-Қазығұртты" жаттықтырған Калоян Петков Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы атанып, сонымен қатар ел кубогы мен ел суперкубогында топ жарды.

Ұлттық құрама бапкерілерінен бөлек Ұлттық командалар департаментінің жаңа директоры да таныстырылды. Жетекші қызметке беделді қазақстандық маман Игорь Авдеев шақырылды.

Игорь Авдеев әр жылдары жамбылдық "Тараз", ақтаулық "Мұнайшы", қызылжарлық "Есіл-Богатырь", елордалық "Жеңіс" пен "Локомотив", қарағандылық "Шахтер", алматылық ЦСКА және "Қайрат", өскемендік "Восток" пен көкшетаулық "Оқжетпес" командаларында ойнады. Сонымен қатар, ресейлік "Ротор" (Волгоград), "Алания" (Владикавказ) және "Локомотив" (Нижний Новгород) командаларында доп тепті. Қазақстан құрамасының намысын қорғап, 26 матч өткізді.

2013 жылдан 2018 жылға дейін Алматының "Қайрат" жүйесінде жаттықтырушы болып жұмыс істеп, кейін "Таразда" футбол клубына бапкерлік қызметке ауысты.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу