Алматылық "Қайрат" футзалдан франциялық Этуальға қарсы ойында 4:2 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бірінші таймда испаниялық маман Марлон Веласко жаттықтыратын "Қайраттың" (капитаны Біржан Оразов) ойыншылары бірден шабуылға шықты. 2-минутта әдемі ұйымдастырылған шабуылдан кейін Эдсонның пасынан соң Денер Родриго есеп ашты. 9-минутта Эдсонның өзі есепті 2:0-ге жеткізді.
Екінші кезеңде 26-минутта "Этуаль" сапынан Суфиан Эль-Месрар көзге түсті. Дегенмен 31-минутта Жулио Занотто қақырата тепкен доп қақпада тулап жатты — 3:1. 37-минутта "Қайрат" ойыншыларының қателігін Абдессамад Мохаммед пайдаланғанымен, Кевин Арриета қарымта гол соқты — 4:2.
Чемпиондар лигасының элиталық кезеңінде әр топтан бір ғана команда келесі турға жолдама алады.