G-20 Ресейді қатаң айыптайтын декларация әзірлеп жатыр

2048

Индонезияның Балиінде дүниенің ең ірі жиырма экономикасының лидерлері бас қосты. Олардың көбі Мәскеуден Украина аумағындағы әскерді толық және сөзсіз шығаруды талап етуі мүмкін.

G-20 Ресейді қатаң айыптайтын декларация әзірлеп жатыр Фото: SAUL LOEB

Президент Джо Байден мен дүниенің 20 жетекші экономикасының басшылары Индонезияның Бали қаласында ашылған саммитте әлемдегі ең өзекті мәселелерді талқылап жатыр.

Бұл жиын сейсенбіде COVID-19 пандемиясынан және оның экономикалық зардаптарынан кейін "бірге қалпына келтіреміз, күшейеміз" деген үмітті тақырыппен басталды. Дегенмен, Ресейдің Украинаға басып кіруінен туындаған шиеленіс қабылдаушы ел - Индонезияның климаттың өзгеруімен күрес, азық-түлік қауіпсіздігін жақсарту, мықтырақ денсаулық сақтау жүйесін құру, инфляцияны жеңу сияқты мәселелер бойынша консенсусқа жету әрекеттерін қиындатып отыр.

G20 мен оның биылғы кездесуінің қысқаша сипаты төмендегідей:

G20 дегеніміз не?

19 ірі ұлттық экономика мен Еуропа одағын біріктіретін бұл форум қаржылық тұрақтылық, климаттың өзгеруі, тұрақты экономикалық өсім тәрізді жаһандық мәселелер бойынша ынтымақтастық пен үйлесімді ынталандыру мақсатында құрылды. G20-ға өнеркәсібі дамыған және дамушы елдер кіреді. Бұл мемлекеттерге дүниежүзіндегі экономикалық белсенділіктің 80 пайызы мен әлем халқының үштен екі бөлігі тиесілі. "Жиырмалыққа" мүше мемлекеттер: Аргентина, Австралия, Бразилия, Канада, Қытай, Франция, Германия, Үндістан, Индонезия, Италия, Жапония, Оңтүстік Корея, Мексика, Ресей, Сауд Арабиясы, Оңтүстік Африка, Түркия, Ұлыбритания және АҚШ. 

Бали саммитіне Ресей президенті Владимир Путиннен басқасының бәрі қатысып жатыр. Кездесуге шақырылған мүше еместер арасында Украина президенті Владимир Зеленский бар. Ол виртуалдық режимде мәлімдеме жасап, "Ресейдің соғысын БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық негізінде тоқтататын кез келгенін" атап өтті. Тағы бір шақырылған мейман - Камбоджа премьер-министрі Хун Сен коронавирус жұқтырғандықтан, үйіне оралуға мәжбүр болды.

Украина және Ресей

Қабылдашы ел - Индонезия президенті Джоко Видодо Украинадағы соғысқа байланысты G-20 шеңберіндегі келіспеушіліктерді еңсеруге әрекеттеніп отыр. 2-күндік кездесуде көтерілетін негізгі мәселелердің бірі - БҰҰ-ның Қара теңіз астық бастамасының мерзімін қарашаның 19-нан кейін әрі қарай ұзарту. Алайда, бұған Ресей келісе қоя ма?

Соғыстан Украина қалалары қирап, халқы қырғынға ұшырағаны өз алдына, Ресей басқыншылығы мұнай, табиғи газ және астық саудасын тоқтатып, бағаны шарықтатып, саммиттің назарын азық-түлік пен энергетикалық қауіпсіздікке көбірек аударып отыр. Сонымен қатар, Украинадағы жағдайға байланысты талай елде инфляция соңғы онжылдықтағы ең жоғары деңгейге көтеріліп, пандемиядан кейінгі қалпына келу үрдісін қиындатып, көптеген экономикалар үшін рецессия қаупін арттырды. 

Декларация жобасы

Әлемнің ең ірі экономикалары жетекшілерінің Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты пікірі әлі де екіге жарылып отыр. Дегенмен, олар Мәскеуді Украинадағы соғыс үшін айыптауға дайын тәрізді. 

Associated Press агенттігінің хабарлауынша, әзірге талқыланып жатқан декларация жобасында  "Ресей Федерациясының агрессиясы үзілді-кесілді айыпталып, РФ әскерін Украина аумағынан толық және сөзсіз шығару" талап етіліп отыр. 

Дегенмен, 16-беттік жобада Ресейге қарсы санкциялар жайлы әртүрлі көзқарастар бар екені ескеріліп, G-20-ның қауіпсіздік мәселелерін шешуге арналмаған форум еместігі де айтылған.

Басқа негізгі мәселелер

Саммиттің ресми тақырыптары – қаржылық тұрақтылық, денсаулық, тұрақты энергия және цифрлық трансформация. G-20 аясындағы іскерлік саммитте Индонезия тұрақты энергия мен инновацияға, әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге және неғұрлым әділ өсімге көбірек назар аударды. Және де бұл іс-шаралар тропикалық, көркем Балиді туристік бағыт ретінде көрсетуге де мүмкіндік беріп отыр.

G-20-ның бастапқы миссиясы экономикалық қиындықтарды еңсеру еді. Бірақ, бүгінде ол терроризмнен, ақша жылыстатудан бастап денсаулық сақтау бастамалары мен климаттың өзгеруіне дейінгі көптеген мәселелерді қамтиды. Лидерлер кездесулері алдындағы келіссөздерде денсаулық сақтау және қаржы министрлері жаңа пандемияларға дайындық пен оған қарсы әрекеттерді қаржыландыруға көмектесетін қор құруға келіскен. Мұны Индонезия шенеуніктері сенбі күні кешке мәлімдеді. 

Қытай факторы

G-20 алаңында президент Джо Байден мемлекет басшысы ретінде  Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен алғаш рет кездесті. Әлемнің ең алып екі экономикасы арасындағы қатынастар технология мен саудадағы сенімсіздіктен және Ресейдің Украинаға басқыншылығына байланысты келіспеушіліктен нашарлап кетті. 

Балидегі келіссөздер барысында Байден екі жаһандық держава "бәсекелестігінің жанжалға ұласып кетуіне жол бермеу" тәсілдерін іздейтінін айтты. Ал, Си "Қытай-АҚШ қатынастарының дұрыс бағыты белгіленетініне" үміт білдірді. 

Кең ауқымды мәселелерді шешу жолында ынтымақтастық өте маңызды. АҚШ пен оның Еуропа мен Азиядағы одақтастары барған сайын күшейіп келе жатқан Қытаймен күресіп жатқан шақта, G-20 құрамындағы Үндістан, Бразилия және Индонезия тәрізді елдер бұл державалармен арада баланс сақтауға тырысып келеді.

Әрі қарай не?

Бали саммиті Біріккен Ұлттар Ұйымының Мысырда өткен климаттық конференциясынан кейін іле-шала ашылды. Сонымен қатар, бұған дейін Байден мен G-20-ның кейбір елдерінің жетекшілері Камбоджада ұйымдастырылған Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығының саммитіне қатысты. Балиден кейін Си мен басқа лидерлер  Бангкокта өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастық форумына жол тартпақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу