G-7 саммиті: Кімдер қатысып, не талқыланады?

1655

Әлемнің ең қуатты жеті демократиялық мемлекетінің басшылары әлемдегі алғашқы атом бомбасы тасталған Хиросимада "Жетілік тобының" саммитін өткізеді. 

G-7 саммиті: Кімдер қатысып, не талқыланады? Фото: google.com

Жұмадам басталып, үш күнге созылатын саммитке қатысты негізгі сауалдардың жауабына тоқталсақ, олардың қысқаша сипаты төмендегідей:

G-7 саммиті дегеніміз не?

"Үлкен жетілік" – жетекші индустриялдық елдердің бейресми тобы. Оған Канада, Франция, Германия, Италия, Жапония, Ұлыбритания, АҚШ кіреді.

Биыл Жапонияның қабылдау кезегі. Бірақ G-7 саммиттерінің төрағалығы жеті мүшенің арасында өтеді. Ал оның жиындарына Еуроодақ өзінің екі өкілін жіберіп тұрады. Сонымен қатар, топ сессияларына G-7-ге кірмейтін кейбір елдер мен халықаралық ұйымдардың басшылары да шақырылады.

Фото: google.com

Лидердер кең ауқымды мәселелерді, соның ішінде экономикалық саясат, қауіпсіздік, климаттың өзгеруі, энергетика және гендерлік мәселелерді талқылайды.

Топтың бірінші саммиті 1975 жылы Францияда "алтылық" жетекшілерінің қатысуымен өтіп, онда араб мұнай эмбаргосынан кейінгі құлдыраумен күресу мәселелерін талқыланды. Арада бір жыл өткенде бұл ұйымға  Канада жетінші мүше болып тіркелді. Ал 1998 жылы Ресей қосылғанда, "Үлкен жетілік" G-8 деп атала бастады. Бірақ Мәскеу 2014 жылы Қырымды аннексиялағаннан кейін РФ индустриалдық мемлекеттер қатарынан аластатылды.

Саммитке тағы кімдер барады?

Биыл оған Австралия, Бразилия, Комор аралдары, Кук аралдары, Үндістан, Индонезия, Оңтүстік Корея және Вьетнам басшылары шақырылды. Өйткені Жапония премьер-министрі Фумио Кисида "Жаһандық Оңтүстік" пен АҚШ одақтастығы мен серіктестігі аясында дамушы елдермен байланысты нығайту маңызды деп есептейді.

G-7 елдерінің жаһандық экономикалық белсенділіктегі үлесі қырық жыл бұрынғы шамамен 50%-дан 30%-ға дейін қысқарды. Себебі Қытай, Үндістан, Бразилия сияқты дамушы экономикалар үлкен табыстарға қол жеткізіп отыр. Бұл жағдай G-7-нің өзектілігі мен оның әлем экономикасын басқарудағы рөлін күн тәртібіне шығарып отыр.

Сондай-ақ "Үлкен жетілік" саммиттеріне Біріккен Ұлттар Ұйымының, Халықаралық энергетика агенттігінің, Халықаралық валюта қорының, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының, Дүниежүзілік банктің, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының және Дүниежүзілік сауда ұйымының басшылары да шақырылады.

Неліктен Хиросима?

Хиросима – Кисиданың туған қаласы. Оның бұл жерді таңдауы биылғы саммиттің күн тәртібіне ядролық қарусыздану мен сол арсеналды таратпау мәселесі енетінін көрсетеді.

Фото: news.myseldon.com

Ядролық қарусыздануға апаратын жол Ресейдің Украинада жаппай қырып жоятын құралдарды қолдану қаупінен, Қытай мен Солтүстік Кореяның атомдық және зымырандық бағдарламаларды дамыту әрекеттерімен қиындап тұр.

Жапония АҚШ-тың атомдық қолшатырының аясында. Сондықтан Күн Шығыс елінің ядролық қарусыздану туралы уәделері бос сөз деген сыни пікір бар.  

Кисида жұма күні "Жетілік" лидерлерін Хиросима Бейбітшілік саябағында қарсы алады. Сонымен қатар, Жапония үкіметінің жетекшісі ядролық мемлекеттер басшыларын атом бомбасы мұражайына алып баруды жоспарлап отыр. Бұған қоса, шетелдік президенттер мен премьер-министрлер Американың ядролық шабуылынан аман қалғандармен кездесуі мүмкін.

"Менің ойымша, ядролық қарусыздануға алғашқы қадам атом бомбасының салдарымен жеке танысудан және сол шындықты көз алдымызға келтіруден басталса керек", – деді Кисида сенбі күні саммитке дайындықты бақылау үшін Хиросимаға барғанда.

Талқыланатын негізгі мәселелер

G-7 басшылары Украинаға қолдауды жалғастыруға уәде етіп, Ресейдің Украинадағы соғысын қатаң айыптамақ. Сессияға президент Владимир Зеленский интернет арқылы қатысады.

Сонымен қатар, саммитте Бейжіңнің Тайваньға қарсы күшейіп келе жатқан қауіп-қатерлеріне, Батыс демократияларының Қытайға экономикалық тұрғыдан тәуелділігін азайту жолдарына да назар аударылады.

Фото: yandex.kz

Жаһандық оңтүстік елдерінің, соның ішінде бүгінде Ресеймен, Қытаймен байланыстарын түрлі деңгейге жеткізген бұрынғы батыс колонияларына денсаулық сақтау, азық-түлік қауіпсіздігі және инфрақұрылым мәселелері бойынша көмек көрсету арқылы олардың "Үлкен жетілікпен" байланыстарын нығайту жолдары қарастырылады.

Тағы не болады?

Саммит аясында Кисида президент Джо Байденмен және Оңтүстік Корея президенті Юн Сук Ёлмен кездесіп, қауіпсіздік саласындағы тығыз ынтымақтастықты талқылайды. Сонымен қатар, үш елдің жетекшілері  ядролық қауіпті тежеу проблемасын да қозғауы мүмкін.

Фото: yandex.kz

1910-1945 жылдары Корей түбегінде Жапонияның отаршыл билігі үстемдік етті. Қазір Сеул мен Токио сол заманнан қалған дауларды шешіп, қатынастарын жақсартуға күш салып жатыр. Өзара сенімді нығайтудың символы ретінде Кисида мен Юн Хиросимадағы мемориалға барып, атом бомбасы құрбандарының рухына тағзым етпек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу