G7 кездесуі: Ресей төңірегіндегі дау және Трампқа жасалған тосынсый

3646

Дүйсенбіде G7 елдері басшыларының саммитінің үшінші, соңғы күні Францияның Биарриц курорттық қаласында өтеді.  

G7 кездесуі: Ресей төңірегіндегі дау және Трампқа жасалған тосынсый

Жексенбіде америкалық делегация үшін күтпеген жағдай болды: Иранның сыртқы істер министрі Мұхаммад Джавад Зариф биылғы күтпеген жерден саммитке келді. Ал сенбіде Ресейдің "Үлкен жетілікке" қайтадан қосылу-қосылмау мәселесі дамыған елдер клубының қызу талқылауын тудырды. 

26 тамызда G7 көшбасшылары Амазонка ормандарын сөндіруде техникалық және қаржылық көмек көрсету жоспарын сөз етеді. Франция президенті Макронның айтуынша, Бразилиядағы қазіргі жағдай көңіл көншітіп отырған жоқ, елдегі апат халықаралық дағдарыс деңгейіне жеткен. 

Euronews басылымының хабарлауынша, биылғы саммит алғаш рет қорытынды коммюникеге әлем көшбасшыларының қол қоюынсыз өтейін деп тұр. Бұл дегеніңіз жеті экономикалық алпауыт арасында келіспеушіліктің бар екенін білдіреді. 

Ресейге әлі ерте

Ресейдің "жетілікке" кіруін тек Трамп пен Макрон ғана қолдап отыр. Мәскеуді қайтару туралы бірінші болып Ақ үй басшысы айтқан болатын.
"Ресейдің оралуын қалайтын адамдар бар. Менің ойымша, бірқатар мәселені шешуге пайдасын тигізер еді. Менімен келісетіндер де бар. Қандай шешім  қабылдайтынымызды білмеймін. Бірақ біз Ресейді жетілікке оралуға шақыру мәселесін талқыладық",-деді Дональд Трамп. 

G7 елдерінің қалған көшбасшылары Ресейге клубқа оралу әлі ерте деген пікірде. Айта кететін жайт, Мәскеу Қырым аннексиясы және Украинаның оңтүстік-шығысындағы шиеленістерден кейін саммитке шақырылмай тасталған болатын, деп хабарлайды BBC басылымы. Еуропалық кеңес басшысы Дональд Туск америкалық президенттің ойымен келіспейтінін білдірді. 

Ал Дональд Трамп болса, ресейлік президентті 2020 жылы АҚШ-та өтетін бас қосуға қонақ ретінде шақырып қалу мүмкін екенін жасырмады. 

"Менің "сегіздікке" қатысты айтарым: біз іс жүзінде жоқ ұйымға қалай орала аламыз? Бүгінгі таңда "жетілік" тек жеті ел көшбасшыларының кездесуі ретінде қалып отыр. Егер де алдағы уақытта бізді шақыратын болса, біз ұсыныстан бас тартпаймыз. Бірақ халықаралық аренадағы шешуші рөл атқаратын өзге де халықаралық ұйымдар бар. Мысалы, үлкен жиырмалық",-деді Владимир Путин. 

Трампқа жасалған күтпеген сый

G7 аясында өткен отырыстардың біріне жексенбі күні Иранның Сыртқы істер министрі Мұхаммед Джавад Зариф қатысып, Дональд Трамптың біраз ашуын  келтірген. Кей ақпарат құралдары Зарифті шақырған Францияның Сыртқы істер министрі деп жариялап отыр. Макрон бастаған еуропалық көшбасшылар Тегеранның ядролық бағдарлама бойынша міндеттемелерді орындауының орнына Трампты санкцияларды жеңілдетуге көндіруге тырысуда. Трамп Макронға сеніп отырған жоқ. Дегенмен түптеп келгенде Вашингтон Иран мәселесін шешу үшін өзіне одақтастар іздеуге мәжбүр.
Иранның Сыртқы істер министрі Мұхаммед Джавад Зариф отырыстың жемісті өткенін айтып, өзінің Твиттердегі парақшасына "күрмеуі қиын түйткілдердің көп екенін, бірақ оларды шешуге тырысатынын" жариялады. 

Тегеран мен Вашингтон қарым-қатынасы АҚШ-тың 2015 жылы ирандық ядролық бағдарламадан шығып кеткенінен кейін күрт нашарлаған еді.

Құрамына Франция, Германия, Ұлыбритания, Италия, Канада, АҚШ және Жапония кіретін "Үлкен жетілік" саммиті Францияның Биарицце қаласында 24-26 тамыз күндері аралығында өтеді.  

Кездесудің күн тәртібінде Brexit, Амазонка ормандарындағы өрт, Иран мәселесі мен халықаралық сауда мәселелері тұр. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу