Ғабидолла Әбдірахымовтың сот төрағасына пәтер сыйлағаны рас па?

3771

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, 2017 жылы сол кездегі ОҚО сотының төрағасы қызметіне тағайындалған Талғат Баратбековке жалпы алаңы 380 шаршы метрлік 7 бөлмелі қызметтік пәтер берген.  

Ғабидолла Әбдірахымовтың сот төрағасына пәтер сыйлағаны рас па?

Бұл жөнінде "С-информ" газетінің редакторы, қоғам белсендісі Амангелді Батырбеков, өзінің "Фэйсбук" әлеуметтік желісіндегі парақшасында "Халықты құлаққа теппе зың-зың" деген тақырыпта постында жазды.

Постың толық мәтінін назарларыңызға ұсынамыз, "Ғабидолла Әбдірахымов Шымкентке алғаш әкім болып келгенде, жұмысқа белсебетпен барып, қол астындағыларды түгел қызмет мәшинелерінен автобусқа отырғызғанда, бәріміз әкім "зың" екен деп, аузымызды ашып, көзімізді жұмған едік қой!

Содан оның аяқ-қолын жерге тигізбей, бүкіл ел "зың әкім" деп кетті!

Сөйтсек "зың әкім" Зауытбек Тұрысбеков айтпақшы "Тәшкен көрген" екен!

Әсіресе, құлаққа тепкенде "зыңылдатады" екен!

Өткен айда осы ФБ парақшамыз бен газетімізде "Ет сасыса тұз себесің, тұз сасыса не себесің немесе Түркістан облыстық сотының төрағасы Талғат Баратбековтің өзі коррупционер ме?" атты мақаламыз жарық көрген еді.

Содан бері редакциямызға облыстық соттың төрағасы Талғат Баратбеков туралы инфо өзен болып аға жөнелді.

Соның ішіндегі мынау инфо "зың" екен!

Осыдан екі жыл бұрын облыстық соттың төрағасы Нұрсерік Шәріпов кетіп, оның орнына төраға болып осы Талғат Баратбеков тағайындалып келген.

Нұрсерік Шәріповті де кезінде "сүтке тиген мысықтай" қылдық-ау!

Сол Нұрекең 5 жыл бойы мемлекеттің берген Байтұрсынов көшесіндегі №58 үйдің №91-ші пәтеріндегі 3 бөлмені қанағат тұтып, "қыңқ" етпестен, қызметін атқарып кеткен екен.

Талғат Баратбеков 2017 жылдың маусымында тағайындалып келгенде Шәріпов тұрған пәтерді көрсеткен екен, ол бірден ондай пәтерге тұрудан бас тартыпты.

Не деген тәкаппарлық десейші?!

Сөйтіп "зың әкім" Ғабидолла, "төраға ашуланып кетіп қалады" деді ме, қаланың "северо-восток" жағынан 7 бөлмеден тұратын, жалпы алаңы 380 шаршы метрлік хан сарайындай қызметтік үй тауып беріпті.

Шіркін, не деген жомарттық десейші?!

Келесі 2018 жылы жазда қала тұрғындарының саны 1 миллионға жетіп, "Шымкент мегаполис ретінде өз алдына дербес қала болып қалсын, ал облыс бұдан былай Түркістан болып аталып, орталық қаласы Түркіcтанға көшірілсін" деген Елбасының жарлығы бұрқ ете қалады.

Бүкіл облыстық басқармалар мен департаменттер түгел Түркістанға көшеді.

Облыстық соттағылар да көшеді, бірақ төраға Талғат Баратбеков көшпей Шымқалада қалып қояды. Өзі емес, үйі қалып кетеді.

Төраға Баратбеков, міне бір жылдан бері, газды бір басқанда бір шелек бензин жағып жіберетін, кеңдігі "бір бөлмелі пәтердей", 001 CS деген "блатной" нөмірі бар аппақ қызметік джипіне жалғыз өзі отырып алып, жұмыстан кейін Шымкенттегі хан сарайына қайқайып, таңертең кері қайтатын көрінеді!

Не деген ысырап десейші?!

Ал "зың әкім" Ғабидолла бүгінгі таңға дейін, төраға Талғат Баратбековтен "үйді қайтар ол қала халқынікі!" деп сұрамаған екен!

Не деген "мәрттік" десейші?!

Шымкент халқы мен прокуроры бұны әлі білмесе керек

Сондықтан "зың әкім", осы жарты жылдықтағы қала халқына беретін есебінде, облыстық соттың төрағасы Талғат Баратбековті үймен негізсіз қамтамасыз еткенге бюджеттен қанша қаржы кетті және оны кім қайтаратыны туралы бір есеп беріп қойса дұрыс болар еді, құлаққа тебе бермей! Аууу, антикоррупция ояныңдар", - деп жазады ол.

Батырбековтың айтуынша, Т.Баратбеков мырза бүгінде Түркістан облыстық сотының төрағасы болса да, Шымкент қаласындағы пәтерін әкімдікке әлі күнге қайтармаған. Осы мәселенің анық-қанығын білу мақсатында, біз Шымкент қаласы әкімдігіне хат жолдайтын боламыз.

Арай Есенбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу