Оңтүстік Американың бірқатар университеттерінің ғалымдары 2000-2022 жылдар аралығындағы 156 елдің деректерін саралап, климаттың жылынуының физикалық белсенділікке әсеріне зерттеу жүргізді.
Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, жаһандық жылыну салдарынан ауа температурасының көтерілуі адамдардың физикалық белсенділігін төмендетіп, 2050 жылға қарай жүздеген мың қосымша өлімге әкелуі мүмкін, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Орташа температура 27,8°C-тан асатын айларда әлем бойынша физикалық енжарлық деңгейі орта есеппен 1,44%-ға артатыны анықталды. Бұл үрдіс табысы төмен және орта деңгейдегі елдерде айқын байқалады.
Шамадан тыс ыстық физикалық белсенділікті азайтып, адам денсаулығына кері әсер етеді. Салдарынан 2050 жылға қарай қосымша 470-700 мыңға дейін өлім жағдайы тіркелуі мүмкін. Бұдан бөлек, ғалымдар бұл жағдай жыл сайын еңбек өнімділігінің 2,4-3,68 миллиард доллар көлемінде төмендеуіне әкелуі ықтимал екенін айтады.
Зерттеу авторларының айтуынша, денсаулық пен экономикаға түсетін жүктемені азайту үшін парниктік газдар шығарындыларын қысқарту қажет.
Сонымен қатар климатқа бейімделген қалалық жоспарлауды дамыту, климаттық бақылауы бар спорт нысандарын қолдау және халықты аптап ыстықтың қаупі туралы кеңінен ақпараттандыру керек. Зерттеу қорытындысы The Lancet ғылыми журналында жарияланды.