Галина Вишневская үздік төрттікте

1897

Галина Вишневская Қазақстан құрамасында бұрын-соңды болмаған ең үздік нәтиже көрсетті.

Галина Вишневская үздік төрттікте Фото: liter.kz

Германияның Оберхоф демалыс орнында әлем кубогының төртінші кезеңінде қыздар масс-стартқа шықты. 12,5 шақырымдық жарыс бастала сала, біздің Галина Вишневская алдыңғы ондыққа кіріп алды да лидерлерден қалыспай жүрді. Ату алаңына биатлоншымыз тоғызыншы болып жетті. Алайда Галя мергендігімен көзге түсіп, жылдамдықты арттырып, ату алаңынан төрт спортшыдан бұрын шықты. Нәтижесінде 5-орынға көтерілді.

Ату алаңында алда келе жатқандардың арасынан чехиялық Габриэла Коукалова, неміс қызы Лаура Дальмайер және франциялық Жюстин Брезна нысананың бәріне дәл тигізді, тек италиялық Доротея Вирер екі айып айналым жасады, ал финляндиялық Кайса Микяряйненге айып алаңын төрт рет айналып өтуге тура келді. Украиналық Елена Пидгрушная мен Беларусь қызы Надежда Скардино да нысанаға дәл тигізді.

Бұл кезде алдымызда франциялық Мари Дорен-Абер мен ресейлік шебер Татьяна Акимова келе жатты. Алайда тұрып ату кезінде бұл екі спортшы да мүлт кетіп, айып алаңын айналып өтуге мәжбүр болды. Ал Вишневская ату алаңына 7-ші болып келді. Оның тек соңғы айналымдағы бір оғы ғана тимей, қалғанында мергендік танытып, мәреге жеткенше оппоненттерінің бәрін басып озып, 4-орынды жеңіп алды.

Осылайша 22 жасар Галина Вишневская бәрін таңғалдырып, күтпеген жерден үздіктер қатарынан көрінді. Жарысты теледидардан қарап отырсаңыз, Қазақстан спортшыларын әдетте тек жарыс жолына шыққанда ғана бір рет көресің, ал қалған уақытта тек алдыңғы қатардағы спортшыларды ғана көрсететіні мәлім.

Бұл жолы біздің Галина жарады. Талай мықты спортшыны шаң қаптырды. Бірінші орынды чехиялық Габриэла Коукалова жеңіп алды. Оның көрсеткіші 37 минут 20.5 секунд. Екінші орынды жергілікті спортшы неміс қызы Лаура Дальмайер иеленді. Ол лидерден 31.5 секундқа қалып қойды. 45.4 секундқа кешігіп жеткен тағы бір чехиялық биатлоншы Ева Пускарчикова қола жүлдегер атанды.

Ал Галина Вишневская Коукаловадан 1 минут 11.6 секундқа қалып, 4-орынмен рекорд жасап отыр.

Естеріңізге саламыз, бұған дейін Қазақстан спортшыларынан тек Марина Лебедева ғана 2010/2011 жылғы маусымда осы Оберхофта 21-ші нәтиже көрсеткен болатын. Ал Вишневскаяның ең үздік көрсеткіші 2015/2016 жылғы маусымда Норвегиядағы әлем чемпионатында 22-орынды алғаны есімізде. Және осы маусымда Чехияның Нове-Место қалашығында масс-стартта да 22-ші болып мәреге жеткен.

1. Габриэла Коукалова (Чехия) — 37:20.5 (0+0+0+0)

2. Лаура Далмайер (Германия) — +31.5 (0+0+1+0)

3. Ева Пускарчикова (Чехия) — +45.4 (0+0+0+0)

4. Галина Вишневская (Қазақстан) — +1:11.6 (0+0+0+1)

 

Қазақстан биатлоншысы Галина Вишневская әлем кубогының жалпы есебінде 218 ұпаймен 18-орынға көтерілді. Ал бұл бәсекеде чехиялық Габриэла Коукалова алдына жан салар емес, ол 479 баллмен осы рейтигтің көш басында тұр.

1. Чехия – Габриэла Коукалова – 479

2. Германия – Лаура Дальмайер – 464

3. Финляндия – Кайса Мякяряйнен – 448

4. Франция – Мари Дорен-Абер – 426

5. Италия – Доротея Вирер – 356

6. Германия – Франциска Хильдебранд – 305

7. Франция – Жюстин Бреза – 299

8. Ресей – Татьяна Акимова – 285

9. Чехия – Ева Пускарчикова – 280

10. Норвегия – Марте Олсбу – 270

18. Қазақстан – Галина Вишневская – 218

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу