Ғалымбек Кенжебаев: "Олимпиадаға дайындықты күшейттік"

2192

Төртжылдықтың басты додасы – Олимпиада ойындарының басталуына аз ғана уақыт қалды. Осыған орай Ғалымбек  Кенжебаев бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының жоспарларын жариялады. Дайындық қызу жүріп жатыр.

Ғалымбек Кенжебаев: "Олимпиадаға дайындықты күшейттік"

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев 2021-жылдың алғашқы бөлігіне арналған жоспарларымен бөлісті. Ол жарысты өткізу туралы әзірге нақты бір мақсаттар болмағандықтан, боксшылардың басым бөлігі кәсіпқой бокс кештеріне қатысуды жалғастыратынын атап өтті. Жалпы, команда биылғы жылға ауыстырылған Токиода өтетін Олимпиада ойындарына дайындықты күшейтетінін мәлімдеді.

"Қазіргі уақытта боксшылар демалыста. Жаттығу жиындары сәл кейінірек басталады. Атап айтқанда бірнеше күннен кейін. Біз бірнеше оқу-жаттығу жиындарын жоспарлап отырмыз. Сондықтан спортшыларды топ-топқа бөліп (санитарлық ережелер бойынша), құраманың барлық боксшыларын жаттығуға шақыруға болады.

Халықаралық жарыстардың кестесі туралы нақты ештеңе айта алмаймын. Біз ол сайыстарға қатысуды жоспарлап отырмыз. Алайда өзгертулер мен толықтырулар әлі де болса енгізілуі мүмкін. Біз сондай-ақ кәсіпқой бокс кештеріне қатысу тәжірибесін жалғастырамыз. Жалпы, қазіргі басты мақсат - Токио Олимпиадасына дайындықты күшейту. Алты ай ғана уақыт қалды", - деді Кенжебаев.

Естеріңізге сала кетсек, бокстан Қазақстан құрамасы Токиодағы ойындарға тоғыз лицензия жеңіп алды. Оның сегізі ерлер болса, біреуі әйелдер арасында. Ер адамдардан лицензия алғандар: Сәкен Бибосынов (52 келіге дейін), Серік Теміржанов (57 келіге дейін), Зәкір Сафиуллин (63 келіге дейін), Абылайхан Жүсіпов (69 келіге дейін), Әбілхан Аманқұл (75 келіге дейін), Бекзад Нұрдәулетов (81 келіге дейін), Василий Левит (91 келіге дейін) және Қамшыбек Коңқабаев (91 келіден жоғары). Әйелдер арасындағы жалғыз жолдаманы 19 жастағы Надежда Рябец (75 келіге дейін) жеңіп алды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу