Ғалымбек Кенжебаев: "Токиода оңай қарсылас жоқ"

2069

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев Олимпиада ойындарындағы жеребе нәтижелеріне баға бере кетті.

Ғалымбек Кенжебаев: "Токиода оңай қарсылас жоқ"

Ғалымбек Кенжебаевтың айтуынша, боксшыларымыздың барлығына оңай қарсылас түскен жоқ.

"Біреудің жолы болды біреудің жолы болмады деп айта алмаймын. Негізінде барлық жігіттер дайын. Бірақ жеребеде мықты қарсыластар түсті.  Тіпті жарысты екінші айналымнан бастайтын боксшылардың да қарсыластары осал емес. Мысалы, Василий Левиттің қарсыласы кубадан шыққан Испания өкілі. Егер оны жеңетін болса, Ла Круспен кездеседі. Жалпы алғанда, Василийдің дайындығы жақсы. Барлығын да рингте көре жаармыз.

Қамшыбекке тоқталар болсам, өзбекстандық Баходир Жалоловпен өткен соңғы кездесуде жеңіліп қалды. Аса ауыр салмақта бәрі де мүмкін. Ең әуелі финалға дейін жету керек. Олимпиада чемпионы болу үшін бірінші не істеу керек? Ең алдымен алғашқы кездесуде жеңіске жету қажет. Бірақ финалға дейін де бірнеше жекпе-жек бар. Болжам жасаудың қажеті жоқ. Әрбір жекпе-жекті жіті бақылап, жақсы өткізуіміз керек. Десе де, біз Қамшыбекке сенеміз. Ол өте көп жұмыс жасады.

Қарсыластан үнемі тосынсый мен күтпеген жауаптар болуы мүмкін. Бірақ біз дайынбыз. Қазір жаттығудың соңғы кезеңін өткізудеміз. Команда мүшелерінің жағдайы жақсы, климатқа, елге бейімделді. Алғашқы жаттығуды таза ауада өткізуіміздің де басты себебі осы. 

Күн сайын ПТР тест тапсырамыз, денсаулық жағдайы туралы анкетаны толтырамыз. Бәрінен бұрын спортшылар мен делегация өкілдерінің денінің саулығы қуантады", - деді бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев.

Естеріңізге сала кетейік, Күншығыс елінде өтетін төртжылдықтың басты додасына біздің елдің атынан 9 былғары қолғап шебері қатысады. Бұл Сәкен Бибосынов, Серік Теміржанов, Зәкір Сафиуллин, Аблайхан Жүсіпов, Әбілхан Аманқұл, Бекзад Нұрдәулетов, Василий Левит, Қамшыбек Коңқабаев және Надежда Рябец.

Рингке бірінші болып Серік Теміржанов шығады (57 келіге дейін). 24-шілдеде ол Ролан Галоспен (Венгрия) жұдырықтасады. Зәкір Сафиуллин (63 келіге дейін) Перуден келген Леодан Песомен күш сынасады. Жекпе-жек 25-шілдеге жоспарланған. Келесі күні Сәкен Бибосынов (52 келіге дейін) Янкиел Риверамен (Пуэрто-Рико) жұдырықтасады.

Василий Левит (91 келіге дейін) алғашқы жекпе-жегін 27-шілдеде Эммануэль Рейеске (Испания) қарсы өткізеді.

Команда капитаны Қамшыбек Коңқабаев (91 келіден жоғары) Эзри Рез Мустафаға (Египет) қарсы рингке шығады. Кездесу 29 шілдеде өтеді.

Надежда Рябец (75 келіге дейін) алғашқы жекпе-жегін 28-шілдеде Канада өкілі Тамара Тибелтке қарсы өткізеді.

Абылайхан Жүсіпов (69 келіге дейін), Әбілхан Аманқұл (75 келіге дейін) және Бекзад Нұрдәулетовтердің (81 келіге дейін) қарсыластары сәл кейінірек анықталады. Боксшылар арасындағы сайыс 24-шілде мен 8-тамыз аралығында Токиода  "Кокугикан" аренасында өтеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу