Ғалымдар Аралдың түбінен қорқынышты құбылысты байқап қалды

12448

Шетелдік ғалымдар тұтас теңіздің жойылуына планетаның сұрапыл реакциясы басталғанын анықтады.

Ғалымдар Аралдың түбінен қорқынышты құбылысты байқап қалды Фото: in-space.ru

АҚШ пен Қытай ғалымдарынан тұратын халықаралық топ тосын құбылысты тіркеді. Арал теңізінің түбі ашыған қамыр сияқты біртіндеп күмпиіп, көтеріле бастады. Бұған себеп – үлкен ауқымдағы судың ұзақ уақытқа жоғалуына Жер мантиясының реакциясы.

Арал теңізінің таязданып, екіге ыдырауы 1986 жылы болды және 2020 жылы оның ең ірі бөлігі түпкілікті құрғады. Миллиондаған жыл "төбесінен" жаншыған ұландария су мен жоғарғы қысым жойылған соң жерасты жыныстары оның орнын толтырып, өзі өтеуге тырысуда.

Зерттеу көрсеткендей, осы шағын теңіз жоғалтқан судың көлемі шамамен 1,1 миллиард тоннадан асады. Бұл әлемдегі ең ірі Хеопс пирамидаларының кем дегенде 150 бірлігінің салмағына тең.

Геофизиктердің түсіндіруінше, мантия жыныстары күмпиген қамырды елестетеді, "еңсесін" езген су жойыла салысымен, олар ақырындап жоғары көтеріліп, жердің беткі қабығын сыртқа "тебе" бастады.

Ғалымдар кезінде 70 мың шаршы шақырымды алып жатқан Арал теңізінің құрғаған табаны 2016-2020 жылдар аралығында орта есеппен жыл сайын 7 миллиметрге биіктегенін анықтады.

Бұл құбылыс Қазақстан мен Өзбекстан территориясындағы геологиялық тұрақтылыққа кері әсер етуі, мысалы, жер сілкіністері көбеюі мүмкін.

Сонымен бірге, бұл өзгерістердің тоқтаусыз жалғасуы – бүкіл адамзатты алаңдатуға тиіс сигнал екені мәлімделді. Өйткені Жер қалыбы өзгеруде.

Зерттеушілер тобының жетекшілерінің бірі, Қытайдағы Бейжің университетінің ғалымы Ван Тэн Арал теңізіндегі экологиялық апаттың тек Орталық Азия үшін ғана емес, бүкіл планета үшін салдары барын дәйектеген кітапты оқыған соң бұл мәселеге қызығушылық білдіріпті.

"Өңірдегі алып су айдынының құрғауы Жердің терең қабаттарының "үн қатысын" тудыратынын түсіндім. Бұл теорияны дәлелдеу үшін ғылыми топ құрып, мұқият зерттеулер жүргізуге бел будық. Осы мақсатта спутниктік өлшемдер пайдаланылды. Аралдың беткі қабатындағы биіктіктердің, төбелердің тіпті мардымсыз өзгерістеріне дейін бақыладық. Аралдың астындағы мантияның моделін қолданып, түп-тұңғиықта қандай өзгерістер болып жатқаны зерделенді. Осындай егжей-тегжейлі жұмыстың нәтижесінде Арал теңізінің беті көтеріле бастағаны, тереңдікте ғаламат реакция жүріп жатқаны анықталды", – деді ғалым.

Ғалымдар тобы ұқсас өзгерістер мұздықтардың еріп кетуі кезінде де бақыланатынын айтады. Алайда Калифорния университетінің профессоры Роланд Бюргманның нақтылауынша, Арал теңізінің құрғауына қатысты Жер мантиясының реакциясы – планетаның қойнауындағы өзгерістердің ең қуаттысының бірі саналады.

Бюргманн Аралдағы құбылыстар бүкіл ғаламшардағы жанартаулардың атқылауына серпін беретінін дәйектеді. Кейінгі онжылдықтарда жанартаулардың оянуы жиілеген. Дәл осы жайт халықаралық топтың мазасын кетіріпті. Яғни, адамзат өз қызметімен климатты өзгертіп, Жер қалыбын бұзып, отты жанартаулардың атқылауының көбеюіне ұрынды.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы Арал теңізінің өзіне тиесілі бөлігін (Кіші немесе Солтүстік Аралды) толтырудың қамын жасады, осы мақсатта "Көкарал" бөгені салынды. Алайда сарапшылардың айтуынша, ұзаққа шыдамаған әрі төмен болған бөген суды толық сақтап қала алмады.

Мамандар біраз жылдан бері жаңа бөген салу қажеттігін айтып, Үкіметке ұсыныс енгізіп келеді. Бастама Солтүстік Арал теңізінде бір деңгейлі, әлде екі деңгейлі бөген салу, яғни, теңізді біртұтас етіп қалдыру, әлде екіге бөліп тастау жөніндегі пікірталастан аса алмаған.

Бұған дейін, бұрынғы сайланымдағы депутаттар Үкіметке тиісті ұсыныстарын жолдаумен болды. Ал, өткен жылдың соңында депутаттар Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев қол қойған хаттан екі деңгейлі нұсқасының қабылданғанын біліпті.

"Бөген бір деңгейлі болса, онда Солтүстік Арал теңізінде 60 миллиард су жиналады, ал, екі деңгейлі болса, яғни, екіге жарып тастаса, бар болғаны 30 миллиард су жиналады. Балықшылар екі деңгейлісіне қарсылығын білдіріп, бізге жүгінді, жанайқайын жеткізді. Өйткені бір деңгейлі болса, 20 мың тонна, ал, екі деңгейлі болса, 14 мың тонна ғана балық ауланатын көрінеді. Осы цифрлардың өзі бір деңгейлі, біртұтас теңіздің өте тиімді екенін көрсетіп отыр. Сонда балық өнімдері де, олардың экспорты да артады", – деді мәжілісмен Мархабат Жайымбетов.

Сондықтан ол депутаттардың Су ресурстары және ирригация министрлігінің ұстанымын түсінбейтінін жеткізді.

"Тағы бір мәселе: 2024 жылғы шілде, тамызда Солтүстік Арал теңізінде болдық, онда 9 зауыт, 24 цех тұр, бәрінде балық жоқ. Сондай-ақ браконьерлер мәселесі ушықты. Мысалы, браконьерлер ұсталған соң сот процесі сегіз-тоғыз айға созылады, сол кезеңде тәркіленген балық шіріп кетеді. Неге сол балықты дереу және тегіс сатып, сол арқылы браконьердің келтірген шығынын өтемеске? Әр сот процесіне бюджеттен 200-300 мың теңге қаржы бөлінеді. Әрбір браконьер 10-20 тонна балықпен ұсталады", – деді Мәжіліс депутаты.

Сонша балық босқа рәсуа болады. Проблеманың нақты шешімін ұсынып, Мәжіліс Үкіметке талай шықты. Дегенмен, әлі күнге мәселе шешілмеген. Жалпы, заңнаманы өзгертіп, түйткілді проблеманың түйінін тарқата салу мәжілісмендердің өз қолындағы іс.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің түсіндіруінше, заң бойынша браконьер қолға түсіп, оның үстінен Ішкі істер министрлігі іс қозғағаннан кейін тәркіленген заттарды бірден сатуға болмайды.

Олар қылмысты дәлелдейтін айғақзат болып табылады. Бірақ қалаулылар қаласа, заңнаманы өзгертіп, ерекшелік (исключение) жасай алады.

Бердалин жалғыз Кіші Аралда ғана емес, Қазақстандағы басқа да ірі су қоймаларында балық жаппай азайып бара жатқанын мәлім етті.

"Балықтың Ресей жағындағы Жайықтан Каспийге өтуі, яғни оның табиғи көбеюі азайып барады. Балықтың бар жерде азаю факторлары бар. Оны үйлестіру кеңесінде қарадық, 2024 жылғы 14 қарашада нақты тапсырма бердік. Енді оны бассейн инспекциялары, ғылыми-зерттеу институты, біздің орталығымыз жіктеп қарайтын болады. Негізі балықтың азаюының табиғи процесі жүріп жатыр", – деді АШМ вице-министрі.

Өз кезегінде Су ресурстары және ирригация министрлігі Солтүстік Аралды сақтаудың екінші кезеңіне кірісті. Бүгінде ведомство ІІ-кезеңге қатысты техникалық-экономикалық негіздемені (ТЭН) әзірлеу жұмыстарын аяқтап қалды. ТЭН-де Көкарал бөгетін қайта жаңғырту және Балтық жүйесі бойынша теңіз деңгейін 44 метрге дейін көтеру, сондай-ақ Қызылорда облысы Арал ауданындағы Ақшатау және Қамыстыбас көлдер жүйелеріндегі су ресурстарын тұрақтандыру үшін Аманөткел ауылы маңында гидроторап салу қарастырылған.

Нәтижесінде, Солтүстік Аралдың су айдынының ауданы 3913 шаршы шақырымға дейін ұлғайып, су көлемі 34 текше шақырымға жетеді. Теңіздің бұл деңгейге дейін толуы үшін тағы 4-5 жыл қажет екен.

"Жобаны іске асырудың бірнеше нұсқасын қарадық. Ең тиімді шешімді табу үшін аймаққа жұмыс сапарым барысында Парламент депутаттарының, жобалаушылардың, су шаруашылығы саласы ардагерлерінің және басқа да мүдделі меморгандардың қатысуымен азаматтармен кездесу өткіздім. Арал ауданы мен Арал қаласының тұрғындарының ұсыныстары тыңдалды. Таңдалған нұсқа мерзім мен нақты жағдайларды, соның ішінде Сырдария өзені бассейнінің жағдайын ескере отырып, ең қолайлы шешім ретінде анықталды", – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Министрлік әзірлеген ТЭН бойынша мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алу 2025 жылғы желтоқсанға жоспарланған.

Жалпы, 2028 жылға дейін судың көлемін 27 миллиард текше метрге дейін жеткізу жоспарлануда. Соның ішінде 2025 жылдың соңына қарай теңіздегі су көлемі 23,4 млрд текшее метрге дейін жетеді деп күтілуде.

Жобаның І-ші кезеңінің нәтижесінде Солтүстік Аралдағы су көлемі 42%-ға артты, теңіз суының тұздылығы шамамен 4 есеге төмендеді.

Сондай-ақ, теңіздің құрғаған табанының 870 шаршы шақырымы суға толып, Солтүстік Арал теңізінің ауданы 3 065 шаршы шақырымға жетті. Бұл 2022 жылдың басындағы көрсеткіштен 111 шаршы шақырымға көп.

Кіші Арал теңізінің көлемінің өсуі судың минералдануын азайтуға және балықтың 22 түрінің популяциясын қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Жыл сайынғы балық аулау көлемі шамамен 8 мың тоннаны құрайды.

Су ресурстары министрлігінің мәліметінше, әзірге "Көкарал бөгетін сақтау және Сырдария өзені сағаларын қалпына келтіру" жобасы аяқталуға жақын.

Бұған дейін "Тәуір" қорғаныс бөгетін салу, Қарашаланкөлі мен Сырдария өзені арасындағы екі учаскедегі бөгеттер мен "Қарашалан-1" каналын және оның бас құрылысын реконструкциялау жұмысы аяқталды.

2025 жыл соңына дейін Солтүстік Арал теңізін Үлкен Аралдан бөлетін Көкарал бөгетін қайта жаңарту жұмысын аяқтау жоспарланып отыр. Жобаны іске асыру Солтүстік Аралдың сақталуына және судың тұздылығын төмендетуге қосымша ықпал етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу