Ғалымдар тірі малды экспорттауға қарсы

3695

Қызылорда облысында өткен "Мал шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері туралы" семинарда ғалымдар тірі малды экспорттауға наразылық білдірді.

Ғалымдар тірі малды экспорттауға қарсы

Қызылорда облыстық ауылшаруашылық басқармасының бастығы Бақытжан Жахановтың айтуынша, өткен жылдың өзінде Иран, БАӘ, Монғолияға, 10,4 мың бас ет бағытындағы тірі қозы экспортқа шығарылған. Көршілес Өзбекстанға бордақыланған 100 бас тірі бұқашық, 285 түйе, БАӘ-ге 81 бас тірі түйелер жөнелтілген. Семинарда белгілі болғандай, түйенің ботасы БАӘ-де 700 мың долларға дейін бағаланады.

Ғалымдар мұндай тірі малды экспортқа шығаруға түбегейлі қарсы. Себебі елдің гендік қорындағы асыл тұқымды мал жоғалады деген пікірді алға тартады.

Халықаралық қаракөл қойын өсірушілер қауымдастығының президенті, академик Хисметолла Үкібаев Кеңес Одағы кезінде 6,5 миллион бас қаракөл қойы болғандығын, оның қаракөл елтірісі 13 грамм алтынға баланғандығын, қазір осы асыл тұқымды ұсақ мал басын жүз мыңға да жеткізе алмай отырған енжарлығымызды алға тартты. Қазіргі таңда Оңтүстік Африкадағы қаракөл елтірісі 500 доллардан бағалануда.

"Жақында Түркістан облысында іссапарда болдым. Өзбек ағайындар көршілес аудандардағы 20-25 мың теңге тұратын қойларды 40-50 мың теңгеден топтап сатып алып жатыр. Сарығашта мал тиеуге кезекте тұрған көліктердің ұшы-қиыры көрінбейді. Бұлай бола берсе, оңтүстік облыстарда ғалымдардың отыз жыл бойы сұрыптаған қаракөл қойларының бірі де қалмайды", – дейді Хисметолла Үкібаев.

Дәтке қуат боларлығы сол, мамыр айында Қызылорда қаласында халықаралық талаптарға сай келетін жылына бес мың тонна етті терең өңдеп вакуумдық қаптамамен өткізетін ет комбинаты құрылысының іргетасы қаланған екен. Болашақ ет комбинаты базасында ет-сүйек ұнын өндіретін, балық жемін шығаратын және тері өңдейтін цехтар ашу жоспарлануда.

Ескендір Ертай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу