Ғалымжан Айтқазин: Ұлттық банк өте маңызды шешім қабылдады

15176

Ресей мен Украина арасындағы соғыстың Қазақстанға тигізуі ықтимал теріс әлеуметтік-экономикалық салдарына қарсы әрекет ету мақсатында Үкімет пен Ұлттық банк бірлескен кешенді іс-қимыл жоспарын жүзеге асыруға кірісті. 

Ғалымжан Айтқазин: Ұлттық банк өте маңызды шешім қабылдады

Стратегиялық жоспар инфляцияның өсуіне жол бермеуге, валюта нарығындағы тұрақтылықты сақтауға, жұмыспен қамтуды қолдауға және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған шараларды қамтиды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Қаржы нарығының тұрақтылығын және теңгедегі депозиттердің тартымдылығын қамтамасыз ету үшін Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, бюджет есебінен ел азаматтарының теңгедегі депозиттеріне 10% өтемақы төлеу туралы шешім қабылдады. Бұл іс "Теңгедегі салымдарды қорғау" бағдарламасы аясында іске асырылатын болды.

Бұған дейін Ұлттық банк валюталық интервенция жасады, базалық мөлшерлемені 10,25%-дан 13,5%-ға көтерді. Қабылданған шараларға қатысты AERC Beta LLP бас директоры Ғалымжан Айтқазин пікір білдірді.

"Біздің ойымызша, Ұлттық банк өте маңызды шешім қабылдады. Бұл шешім жеке тұлғалардың жинағына сыртқы күйзелістің теріс әсерін бәсеңдетеді.

Дегенмен дәл осы тұста қандай депозит иелері "Теңгедегі салымдарды қорғау" бағдарламасына қатыса алады деген мәселені анықтап алу қажет.

Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 759-шы және 760-шы баптарында көрсетілген банктік салымдардың анықтамасы мен жіктеуішіндегі заңнамалық аспектілерді зерделей отырып, біз мынадай қорытындыға келдік: бағдарлама мерзімі бар және сыйақы мөлшерлемесі жылдық 0,1% -дан асатын, теңгемен жинақталған барлық банктік депозитті қамтуы керек. Мұндай депозиттерге Kaspi банктің барлық теңгелік депозиттерін, Halyk Bank АҚ-ның бірқатар депозиттерін жатқызуға болады", – деді бас директор.

Ғалымжан Айтқазиннің айтуынша, теңгемен ашылған депозиттерге өтемақы бюджет қаражаты есебінен, яғни республикалық бюджеттен қарастырылады.

"Өтемақы 2023 жылғы 23 ақпанда клиенттің шотында 2022 жылғы 23 ақпаннан бастап осы кезеңге дейін қосымша толықтыруды есепке алмағандағы депозит сомасына беріледі. Басқаша айтқанда, егер сізде 2022 жылғы 23 ақпандағы жағдай бойынша депозитте 10 млн теңге болса, сіз бір жыл ішінде көрсетілген қаражаттан 7 млн теңге алсаңыз және депозитті жыл соңына дейін тағы 5 млн теңгемен толықтырсаңыз, 10% өтемақы 3 млн теңгеге ғана беріледі. Өтемақы құны 300 мың теңгені құрайды. Депозитке кейін салынған 5 млн теңгеге өтемақы есептелмейді", – деді сарапшы.

Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу