Ғалымжан Кенжебек Словакия чемпионатында гол соқты

138

"Кошице" жартылай қорғаушысы Ғалымжан Кенжебек 32-ші минутта "Слованға" қарсы матчта есеп ашты.

Ғалымжан Кенжебек Словакия чемпионатында гол соқты

44-ші минутта "Слован" пенальтиден таразы басын теңестірді. Гол авторы "Астана" және "Қайсардың" бұрынғы жартылай қорғаушысы Тигран Барсегян. Ал бірінші таймға қосылған төртінші минутта "Слован" алға шықты. Кенжебек үзілісте алмастырылды.

"Кошице" қазір алты командадан тұратын финалдық плей-оффта ойнап, алтыншы орында тұр. Ал "Слован" чемпиондық атағын қорғауда. Биыл күзде "Слованды" "Қайраттың" бұрынғы бапкері Владимир Вайсс басқарған кезде Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнап, барлық матчта жеңіліс тапты. Олардың қарсыластары арасында "Бавария", "Атлетико" және "Милан" сияқты мықты командалар болды.

22 жастағы Ғалымжан Кенжебек "Кошицеге" қаңтар айының ортасында ауысып, 2027 жылдың маусымына дейін келісімшартқа қол қойды. Ол Словакияға Кипрдің екінші лигасындағы "Акритас Хлоракис" сапында 13 матчта бес гол соққаннан кейін ауысып келді.

Қазақстанда Кенжебек түлеп ұшқан клубы "Қайратта", сондай-ақ "Мақтаарал" мен "Жеңісте" ойнаған. Күзде ол Испания жастар құрамасының қақпасына дубль жасап, кейін Қазақстан ұлттық құрамасында дебют жасады. Қазір ол наурыз айындағы матчтарға арналған кеңейтілген құрамға енген.

Словакия чемпионатында Кенжебектің әзірге 4 матчта 1 гол+1 ассисті бар. ал "Слованға" қарсы алғаш рет негізгі құрамда шықты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу