Бірнеше миллиардер мен олар басқаратын компаниялардың пікірінше, ғарышқа ұшатындардың қатары келешекте көбеймек. Олар қарапайым адамдардың да ғарышкерлер сияқты ауасыз кеңістікке аттанатынына сенім білдіріп отыр.
Дегенмен галактиға қызығушылық танытып жүргендер мынаны ескеруі тиіс: әзірге жер бетіндегі адамдардың 1 пайызы ғана, яғни қалтасы қалыңдар ғана Күн жүйесінде ұша алады.
Халықаралық ғарыш станциясында тұрақтау ондаған миллион доллар тұрады. "Ғарыштық оқиғалар" деп аталатын топ ауқатты адамдарға ресейлік зымырандармен осы станцияға ұшуға мүмкіндік беріп отыр. Осы күнге дейін 7 адам бұл мүмкіндікті пайдаланған. Cirque Du Soleil циркінің негізін қалаушы миллиардер Гай Лалиберте ғарыш кеңістігінде екі аптадай уақыт өткізу үшін 35 миллион доллар төлеген. Ал НАСА Халықаралық ғарыш станциясында америкалық бөлімнің ашылатынын хабарлағаннан кейін, Bigelow Aerospace бағаны 52 миллион долларға дейін көтеріп жіберді.
SpaceX алдағы он жыл ішінде өз аппаратын ұшырмақ. Компания жапондық миллиардерден жердің серігіне алып бару үшін қомақты қаражат сұраған.
Суборбитальді ғарыштық саяхатты ұйымдастырумен айналысатын Virgin Galactic компаниясындағы билет бағасы әлдеқайда арзан. 250 000 мың доллар төлеп, атмосфераның ең жоғарғы қабатына 90 минутқа барып келуге болады.
Virgin Galactic клиенттері SpaceShipTwo деп аталатын алты орындық ғарыштық үшаққа отырып, 12 000 мың шақырымдық биіктікке жер бетінен көтеріледі. Бұл деңгей ғарыш кеңістігінің басталатын жері, атмосфераның ең соңғы қабаты саналады.
Компания өкілдерінің айтуынша, ұшуға өтініш тапсырған 600 клиенттің көбісінде 10 миллион доллардан асатын капитал бар. Ал олардың үштен бірінің байлығы 30 миллион долларға дейін жетеді.
Алдағы уақытта компания басшысы Ричард Брэнсон ғылыми-зерттеу жұмыстарына кеткен қаражат қайтарылғаннан кейін бағаны түсіруге уәде етті. Бірақ билет бағасы 90 пайызға арзандаса да, клиенттердің шотында 2 миллион долларға жуық ақша болуы қажет.
Бірқатар сарапшылардың пікірінше, келешекте ғарыш туризмі айтарлықтай арзандауы тиіс.Өйткені қазіргі таңда бірқатар технологиялық жабдықтар, коммерциялық ұшақтар мен теледидарлар құнының төмендеп келе жатқаны байқалады.
Ал ғарышты зерттеумен айналысатын кейбір мамандар қарапайым адамдар Күн жүйесінде емін-еркін саяхаттап, басқа планеталарда жұмыс істейтін күн туады дегенді айтып отыр. Өйткені мұндай мақсатты жүзеге асыру жолында қазір Брэнсон, SpaceX бас директоры Илон Маск және Amazon-ның негізін қалаушы Джефф Безос осы саланы игеруге атсалысып жатыр.
Табиғат Нұрболат