Ғарыштан тек саяхатшылар оралды

3464

Әлемде космостық туризм қызып, бұл салада жекеменшік компаниялардың бәсекесі күшейіп келеді.

Ғарыштан тек саяхатшылар оралды

Төрт ғарыштық турист сенбі күні Атлант мұхитының Флорида жағалауына сәтті қонып, орбитаға саяхатын қауіпсіз аяқтады. Олардың SpaceX капсуласы үш күн бұрын чартерлік рейстері басталған жерден алыс емес мұхит суына күн батар шақта парашютпен түсті. Осылайша, әуесқой экипаж әлемді кәсіби астронавттарсыз бірінші рет айналып шығып, Жерге оралып отыр.

Бұл саяхатқа қанша миллион жұмсағанын жарияламаған миллиардер мен оның үш қонағы орбитаға қарапайым адамдар да өздігінен шыға алатынын дәлелдеді. Ал SpaceX-тің негізін қалаушы Илон Маск азаматтық экипажды компанияға зымыранмен орбитаға самғайтын алғашқы туристер ретінде шақырған.

"Сіздердің осы миссияларыңыз дүние жұртына ғарыштың баршаға ортақ екенін көрсетіп берді", - деп хабарлады SpaceX Mission Control.

Саяхат демеушісі Джаред Исаакман көкжиекке жеке рейстердің көбеюін меңзей отырып: "Бұл біз үшін керемет сапар болды, бәрі енді басталып жатыр", - деді.

SpaceX-тің толық автоматтандырылған Dragon капсуласы сәрсенбіге қараған түні ұшырылып, 585 километр биіктікке үш сағатта көтерілген. Яғни, ол Халықаралық ғарыш станциясынан 160 шақырымға биіктікке асып кетіп, оның жолаушылары капсуланың жоғарғы жағындағы үлкен терезеден Жер көрінісін тамашалады.

Төрт ұшқыш сенбі күні кешкісін атмосфераға қайта оралды. Бұл - 1969 жылы Аполлон 9-дан кейін Атлантикада сапарын тәмамдаған алғашқы ғарыштық саяхатшылар. SpaceX-тің осыған дейінгі екі экипажы (НАСА астронавттары) Мексика шығанағына табан тіреген еді.

Орбитадан Жер атмосферасына енгенде үйкеліс жылуы туындап, капсуланың сыртқы жағындағы температура Фаренгейт өлшемі бойынша 3500 градусқа дейін көтеріледі (Цельсий бойынша - 1927 градус). Осындай шақта кабина қызып кетсе, ғарышкерлердің арнайы желдеткішпен жабдықталған костюмдері олардың бойын салқын ұстауға көмектеседі.

Қонғаннан кейін бірнеше минут өткенде, SpaceX-тің қос қайығы су бетінде тербелген капсуланың қасына жетті. Оның люгі ашылғанда, бірінші болып денсаулық сақтау қызметкері Хейли Аркено күлімдеп және бас бармақтарын көрсетіп сыртқа шықты. Саяхатшылардың барлығы бақытты көрінді. Содан кейін оларды туған-туыстары НАСА-ның Кеннеди ғарыш орталығы маңында күтіп алды.

38 жастағы Исаакман - кәсіпкер және тәжірибелі ұшқыш. Ол Сент-Джудтағы балаларға арналған зерттеу ауруханасына 200 миллион доллар жинауды көздеп, бұл мақсатқа өз қалтасынан 100 миллион доллар сыйға тартқан.

Оған жиырма жыл бұрын Теннесси штатының Мемфис ауруханасында сүйек рагынан емделген дәрігер-ассистент, 29 жастағы Аркено мен конкурс жеңімпаздары - мәліметтерді өңдеуші вашингтондық инженер, 42 жастағы Крис Семброски және аризоналық ғалым, суретші әрі колледж тәрбиешісі, 51 жастағы Сиан Проктор қосылды.

Наурызға дейін бір-бірін танымаған бұл квартет алты ай бойы ұшу кезіндегі төтенше жағдайларға дайындық сынағынан бірге өтті. Ал Inspiration4 деп аталатын космостық саяхат кезінде олар Сент-Джуд ауруханасының пациенттерімен сөйлесіп, өздеріне медициналық тәжірибелер жүргізіп, Нью-Йорк қор биржасының кезекті сессиясы аяқталардағы қоңырау соғу рәсіміне қатысып, түрлі суреттер салды.

 "Мен көпшілігіңіз сияқты қатерлі ісіктен емделген кішкентай қыз едім. Егер бұл менің қолымнан келсе, сіздер де оны жасай аласыздар", - дейді ғарышқа үшқан ең жас әрі бірінші протезді америкалық Аркено.

Оларға, сондай-ақ түсірілім үшін ғарыш станциясына SpaceX-пен аттануға қызығушылық танытқан Том Круз бен U2 рок-тобынан Bono қоңырау шалды.

Туристер үшін ғарыштық мәзір әдеттегідей болмады: олар суық пицца мен бутербродтарды және Болонье мен Жерорта теңізі аймағына тән қой еті тағамдарын пайдаланған.

Дәретхана желдеткіші мен қозғалтқыштағы температура сенсорының нашар жұмыс істегенін айтпағанда, ұшу, жалпы алғанда, өте жақсы өткен. "Бұл басынан аяғына дейін аса таза миссия болды", - дейді SpaceX-тің аға директоры Бенджи Рид.

Ридтің сөзінше, NASA-ның ұшырылымдары арасында SpaceX-пен ғарышқа жылына алты жекеменшік рейс аттандыру көзделіп отыр. Қазірдің өзінде NASA-ның бұрынғы астронавттарымен бірге орбиталық бекетке ақылы клиенттерді жеткізу үшін SpaceX-пен төрт рейске тапсырыс берілген. Бірінші сапарға келер жылдың басында  үш кәсіпкердің әрқайсысы 55 миллион доллар төлемек. Сонымен қатар Ресейде алдағы айда түсірілім үшін космосқа бір актриса мен кинорежиссерді, ал желтоқсанда жапон магнатын апаруды жоспарлап отыр.

Ғарышқа тезірек барып-қайтуды арман еткендер Ричард Брэнсонның Virgin Galactic және Джефф Безостың Blue Origin кемелерінің көмегіне жүгінеді. Екеуі билет сатуды ынталандыру үшін шілде айында ғарыштың шетіне өз зымырандарын жіберді. Бұл саяхаттар 10-15 минутқа ғана созылды.

Ғарышты игерудің 60-жылдық тарихында космосқа немесе оның шетіне 591 адам жеткен екен. Ғарыштық туризм қызған сайын мұндай адамдардың саны шарықтай түседі деген болжам бар.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу