"Газ қоры азайды" – Зайсаннан Қытайға экспорт тоқтатылды

7564

Көгілдір отынның сыртқа шығарылған және іште қалған көлемі қанша? Басқа аудандар қамтыла ма? Газ таусылса, көмірге қайтып орала ма? Жалпы ШҚО Зайсан ауданындағы Сарыбұлақ кенішін игерудегі о бастағы мақсат не? inbusiness.kz тілшісі анықтауға тырысты. 

"Газ қоры азайды" – Зайсаннан Қытайға экспорт тоқтатылды

Қытайға қанша берілді?

Зайсан ауданының әкімі Серік Зайнулдин өңір тілшілерімен онлайн-брифинг өткізді. Сонда 2013 жылдан бері көгілдір отын игеріліп жатқан Сарыбұлақ кенішінен негізгі қор көрші елге жөнелтілгенін мәлімдеді.

"Өздеріңіз білесіздер, қор азайды. Екі елдің үкіметаралық келісіміне сәйкес, осы жеті жыл ішінде Қытай Халық Республикасына 3 млрд 200 млн текше метрден астам газ экспортталды. Көктемдегі Үкімет отырысында оны тоқтату туралы шешім қабылданып, осы 20 желтоқсанда орындалды. Геологиялық есепке сүйенсек, о баста кеніште – бес млрд текше метр, оның ішінде өндіретін газ көлемі 4 млрд текше метр болған. Қазір 450 млн текше метрге жуық қор қалды", – деді Зайнулдин.

Оның айтуынша, аудан бір жылда 25 млн текше метр көгілдір отын тұтынады. Алдағы уақытта 10 ауылға құбыр тартылады деп жоспарланып отыр. Оны есепке алғанда жылдық пайдалану көлемі 31 млн текше метрге жуықтайды.

"Қалған қор біздің ауданға 11-12 жылға жете ме деп отырмыз", – деген болжам айтты әкім.

"Көрші аудандарға газ тарту" туралы

Әкімнің айтуынша, жергілікті халыққа бір текше метр газ 11 теңгеден сатылады. "Бұл – газдың өз құнынан төмен баға", – дейді кенішті игеруші жекеменшік "Тарбағатай Мұнай" компаниясы басшысының бірінші орынбасары Арман Құлжанов. Ол 2020 жылы Forbes.kz басылымына берген сұхбатында газдың жергілікті халыққа арзанға сатылуы – өзекті мәселе екенін айтқан. 

"Газды белгілі бағадан жоғары сата алмаймыз. 2013 жылдан бастап, девальвация мен бағалардың өсуіне қарамастан, газды бір бағамен сатып келеміз. Соның салдарынан коммерциялық мағынасы жоғалып, экономикалық заңдар бұзылды. Әрине, әлеуметтік жүктеме осындай екенін түсінеміз", – деген ол.

Сол жылы (2020 жылы – авт.) кеніштегі газ екі жылдан артық уақытқа жетпейтінін, бұл кеніштен көрші аудандарды газдандыру мүмкін емес екенін мәлімдеген. 

Зайсан ауданы әкімі осы жолғы брифингте көрші аудандарды газдандыру туралы тіс жармады. Оның сөзіне қарағанда Зайсан қаласының өзі газға толық қосылып біткен жоқ. Жаңа жылда оншақты ауылға құбыр тарту үшін республикадан 1 млрд 400 млн теңге сұралып отыр.

"Тарбағатай Мұнай" компаниясының өкілі Құлжанов: "ШҚО-ны газдандыру мәселесін Үкімет стратегиялық деңгейде шешуі керек", – дейді.

Мемлекетке қандай пайда түсірді?

Онлайн брифинг барысында Зайсан әкімі "газ Қытайға қанша теңгеден экспортталғаны" туралы сұрақты жауапсыз қалдырды.

Ал "Тарбағатай Мұнай" өкілі мемлекетке келтірген пайдасын былайша түсіндірген: "Компания 2007 жылдан бастап 2019 жылға дейін бюджетке 139 млн доллар салық төлеген. Облыстың ірі салық төлеушілерінің бестігіне кіреміз және үш жүзден астам адамды  жұмыспен қамтыдық. Оның 90%-ы ШҚО тұрғыны".

Газ таусылса, қайта көмір жаға ма?

Халық, аудан әкімінің әлеуметтік желісінде жазылған пікірлерге қарағанда, газдың негізгі қоры сыртқа кетіп, "саба түбі сарқындысы" өздеріне қалғанына алаңдайды.

Біз ел көкейіндегі сұрақтарды эколог Дәулет Асановқа қойып көрдік. 

"Газды толықтай бұрғылап өндірген Қытай болатын. Келісім бойынша жергілікті әкімшілік жол бойындағы елді мекендерге газ желісін тартуы керек болатын. Бірақ уақытында жасалған жоқ, газ бітердің алдында ғана басталды", – деді маман. 

Бұған дейін біздің порталға сұхбат берген "ҚазТрансГаз Аймақ" мекемесінің жергілікті филиалын басқарып отырған Серік Оразбаевтың пікірі де осыған ұқсас болған.

"Егер Зайсанның аумағында Өскемендегі ҮМЗ, ТМК сияқты үлкен зауыттардың бірі болғанда шығып жатқан газдың көп бөлігі өзімізде тұтынылар еді. Ал қазір әлеуметтік нысандар мен үйлер ғана газ пайдаланып отыр. Өндіріс ошақтарымен салыстырғанда олардың қажеттілігі иненің жасуындай ғана", – деген еді ол.

Экологтың пікірінше, газ таусылса да Шығыста энергия тапшылығы болмайды. Бірақ басқа алаңдарлық жайт бар.

"2030 жылға дейін Шығыс Қазақстанды газдандыру қарастырылмаған. Егер ГЭС электроэнергиясы облысқа берілетін болса, бізде тапшылық болмайды. Одан кейін Өскемен қаласының жылу электр орталығында 16 қазандығы бар жаңа орталық құрылысын салу жоспарланған, Семей қаласында да осындай құрылыс қарастырылып жатыр. Бұдан бөлек Өскеменде қоқыс өртеу зауыты жоспарланғаны белгілі. Бұның барлығы қосымша электр энергиясын береді", – деді Асанов. 

Дегенмен ол осы шешімнің бәрі лас энергия көзі екеніне өкініш білдірді. "Көмір тұтыну тағы ұлғайса, ауа сапасы төмендей береді", – деді.

Ғылымға сүйенсек, көмір қоршаған ортаға газдан да зиянды.

"Бізде қабылданған концепция бойынша, 2030-2050 жылдары ұлттық экономиканың табиғи ресурстардың жаңартылуы мен орнықтылығы қағидаттарында пайдалануды талап ететін "үшінші өнеркәсіптік төңкеріс" деп аталатын қағидаттарға көшуіміз керек. Бірақ өз басым сенбеймін. Себебі алдағы жоспарлар мен өндіріс арзан көмір энергиясына бағытталған. Бізде көмірдің қоры мұнай мен газ қорынан әлдеқайда артық екені анық. Адам денсаулығынан гөрі экономикалық табыс басымдық беріледі", – деді эколог.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу