Мәжіліс бірінші оқылымда газбен жабдықтау және газды үнемдеп тұтыну мәселелеріне арналған заң жобасын мақұлдады.
Түзетулер тұтыну нормаларын енгізуге, сараланған тарифтерді белгілеуге және инфрақұрылымға қойылатын талаптарды күшейтуге бағытталған. Яғни, көгілдір отынды белгіленген лимиттен көп жағатын отбасылар үшін жоғарылатылған тариф енгізіледі.
Жаңа заңға сәйкес, газ тұтыну нормалары өңірдің климаты мен жылыту маусымының ұзақтығына қарай белгіленуі керек. Депутаттардың түсіндіруінше, егер тұтыну көлемі бекітілген квотадан асса, тұтынушы жоғары тарифпен төлем жасауға мәжбүр болады.
Мұндай тәсіл электр энергиясы мен су саласында бұрыннан қолданылып келеді. Енді Парламент пен Үкімет бұл тәжірибені қоғам үшін "сезімтал" саналатын газ секторына да енгізуге ниетті. Заң жобасы сондай-ақ абоненттерді "тұрмыстық" және "өнеркәсіптік" деп бөледі. Бұл өз кезегінде тариф қалыптастыру жүйесіне ықпал етеді.
Заңды әзірлеушілердің сендіруінше, әлеуметтік әділеттілік қағидаты тұрғысынан алғанда, халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғау мен ірі өндіріс орындарының жауапкершілігін арттыру арасындағы тепе-теңдікті табуға талпыныс жасалыпты. Сараланған тариф – тұтыну мәдениетін қалыптастыруға тиіс экономикалық тетік ретінде қолданылады.
"Ақылды" есептегіштер дәуірі
Тұтынушылардың қалтасына тағы бір салмақ түсетін түрі бар. Олардан қарапайым емес, деректерді қашықтан беру функциясы бар ақылды есептегіш орнату талап етіледі. Айта кету керек, елордада да ақылды есептеуші аппараттар орнатылған еді, алайда тұрғындар оператордың бақылаушылары бәрібір келіп тұратынына, өйткені деректерді қашықтан қабылдау жете жолға қойылмағанына шағымданады.
Жаңа заң жобасы қолданыстағы газ есептегіштерін "ақылды" құрылғыларға кезең-кезеңімен ауыстыруды қарастырады. Бұл нақты есеп жүргізуге, заңсыз қосылуларды анықтауға және адами фактордың ықпалын азайтуға мүмкіндік беретіні алға тартылды.
Бірақ бұл істі қаржыландыру міндетін газбен жабдықтаушы компанияларға жүктеу қарастырылады. Ол есептегіштерді ауыстыруға жұмсаған шығынын тариф құрамына жатқызу арқылы өтей алады.
Қазақстан бұрын есептегіш атаулыны негізінен Ресейден таситын. Алайда соғыс пен санкция солтүстік көршінің бұл өндірісінің тоқырауына түрткі болған. Сондықтан Қазақстан осы өнімді өзінде құрастыруға көшті.
Таяуда Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев Алматыға арнайы сапарлап, энергия ресурстарын есепке алу аспаптарын шығаратын отандық кәсіпорындардың қызметіне инспекция жасап қайтты.
NERO компаниялар тобы – "Алатау ИТП" арнайы экономикалық аймағының резиденті. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 1,2 млн электр энергиясын есепке алу аспабын, 1,5 млн су есептегішін, 1 млн газ есептегішін және 25 мыңға дейін жылу энергиясын есепке алу аспаптарын шығаруға мүмкіндік береді. Қызметкерлер саны – 150 адам. Жергілікті қамту деңгейі 70%-ды құрады.
Ал, "SAIMAN корпорациясы" жылына 800 мыңдай электр энергиясын есепке алу аспабын, 600 мың су есептегішін, 300 мың газ есептегішін және 8 мыңға дейін жылу есептегішін өндіруге қауқарлы. Кәсіпорында 210 адам еңбек етеді. Ішкі қосылған құнның орташа үлесі 65%-ға жетеді.
Қанат Бозымбаев энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба отандық тауар өндірушілерді қолдауға арналғанын нықтады. Депутаттар әзірлеген мына заң жобасы да осы кәсіпорындардың мүддесін ілгерілететіні жасырын емес.
Вице-премьер олардың шығарған цифрлық және "ақылды" технологиялары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың барлық секторына енгізілетінін білдірді.
"Оларды ел аумағында кеңінен интеграциялау бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бұл ресурстарды есепке алудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, рәсуәлауды, қаржы шығынын азайтуға, коммуналдық қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді", – деді Қанат Бозымбаев.
Делдалдармен күрес және қос тарифті жою
Жаңа заңмен газ жеткізушілер магистральдық желілерге тікелей қосылуға міндеттеледі. Мұндағы мақсат – орта жолдан килігіп, өз үстемеақыларын қосатын делдалдарды жою және тасымалдаудағы қосарланған тариф тәжірибесін тоқтату. Бірақ бұл талаптар жедел жасалмайды, депутаттар оны көп кейін қалдырды. Асықпай, 2028 жылдың 1 шілдесіне дейін жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, бюджет қаражаты есебінен салынған газ құбырларын ұлттық оператор – QazaqGaz компаниясына тікелей беру рәсімін жеңілдету ұсынылды. Бұл құбырларды беру мерзімін бірнеше жылдан 1 жылға дейін қысқартады. Инфрақұрылымды орталықтандыру – басқару тиімділігін арттырудың алғышарты.
Автогаз құю станцияларына жаңа талап
Түзетулердің жеке блогы автогаз құю станцияларына (АГҚС) қатысты. Жаңа станциялар газ сақтау сыйымдылықтарын жер астына орналастыруға міндеттеледі. Мұнда да инфрақұрылымын 2031 жылдың 1 қаңтарына дейін талаптарға сәйкестендіру үшін уақыт беріледі.
Жергілікті әкімдіктер өңірдегі отын жеткізу көлемі мен сұранысқа қарай АГҚС санын реттеу құқығына ие болады. Яғни, "жетеді" деп, әкім жаңаларын ашуға тыйым сала алады. Бұл бір жағынан, бәсекені де шектеуі мүмкін.
Сонымен бірге арнайы жабдықталған орындардан тыс жерде көлікті де, тұрмыстық баллондарды да газбен толтыруға тыйым салынады. Бұл шаралар қауіпсіздік талаптарын күшейтіп, бейберекет нарықтық әрекеттердің алдын алуға бағытталған.
Депутаттардың мәліметінше, Қазақстанда ішкі газ тұтыну көлемі жылына 21,6 млрд текше метрге жеткен. Содан алдағы жылдары тапшылық туындау қаупі бар. Парламенттегілер тапшылықты лимитпен шектеу арқылы тежеуге тырысуда. Олар "халық үнемді тұтынуға көшпейінше, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қиын болатынын" алға тартады.
Таяуда ғана Президент елдің сұранысы өсіп жатқан жағдайда геологиялық барлау жұмыстары ақсап тұрғанын сынай келе, Энергетика министрлігі мен "Самұрық-Қазына" қорына оны жандандыруды жүктеді.
Мемлекет басшысының байламынша, көмірсутек кен орындарын игеруді және ірі газ өңдеу зауыттарын уақытылы іске қосуды жеделдету керек. Сондықтан "Самұрық-Қазынаға" газдың перспективті кен орындарын игерудің егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеуді тапсырды. Бұған қоса, қорға газ өңдеу жобаларының іске асырылу кестесін қатаң бақылауға міндеттеді.
Газдандыру динамикасы нашарлады
"Бүгінде Қазақстанда 13 млн адам көгілдір отынға қол жеткізді. 2026 жылдың қорытындысында елді газдандыру деңгейі өткен жылдың басындағы 62,4%-бен салыстырғанда 64,3%-ға дейін өсіп, сенімді динамика көрсетті", – деп хабарлады Энергетика министрлігі.
Мұнысы мақтануға татымайды: 2 жыл ішіндегі өсім небәрі – 2 пайыз. Тағы бір тіксінтетін жайт. 2025 жылы көгілдір отын 94 елді мекенге жеткізіліп, 354 мың тұрғынның өмір сүру сапасын жақсартты. Биылғы көрсеткіш пен жоспар бұдан 10 еседен астам аз!
"Биыл Ақтөбе, БҚО, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Ұлытау мен Жетісу облыстарында орналасқан 10 ауылда тағы 32 мың адам көгілдір отынға қосылады", – деп хабарлады ведомство.
Мұнда елордаға ерекше назар аударылуда. Астана газдандырудың мәресіне таяп қалды. Қаладағы 300 мың үйдің 290 мыңы газға қосылған. "Шұбар", "Үркер", "Өндіріс", "Пригородный" және "Garden Village" тұрғын алаптарын қосу арқылы биыл үдеріс толық аяқталуға тиіс екен. Бұл қала экологиясына оң әсерін тигізеді.
2026-2027 жылдары агломерацияға кіретін Қызылсуат, Қаражар және Тайтөбе ауылдарына газ жетіп, 2 жылда тағы 26 мың адам қамтылады.
Әлеуметтік саясат тұрғысынан әрине, бұл – маңызды қадам. Алайда сонымен бірге газға деген сұраныс күрт артады деген сөз.
Артқан сұранысты қамтамасыз ету үшін "Бейнеу – Бозой – Шымкент" газ құбырының екінші желісі салынуда. Оның өткізу қабілеті кезең-кезеңімен 15 млрд текше метрге дейін арттырылады.
Бұл – логистикалық тығырықтан құтқаратын ірі жоба. Бірақ мына бір ащы шындықты естен шығармаған абзал. Құбырдың өзі ресурс өндірмейді, ол тек бар газды қайта бөледі. Ендеше құбырдың жуандығы ішіндегі газдың көлеміне кепілдік бере алмайды.
Ресурстық дилемма
Қазақстанда 2025 жылдың қорытындысында 62,8 млрд текше метр газ өндірілді деген дерек мақтаныш ұялатады. Энергетика министрлігінің мәліметінше, ішкі сұраныстың ауқымы 21,6 млрд текше метр.
Бірақ бұл сандар елде газ бойынша басыартық профицит орнағанын білдірмейді. Өйткені өндірілген газдың басым бөлігі – мұнаймен бірге шығатын ілеспе газ, оның жартысынан көбі қара алтын өндірісін арттыру үшін жер қабатына қайта айдалады немесе экспорттық міндеттемелерді орындау үшін шетелге кетеді.
Жалпы, мұндай өндіріс қарқынымен елдегі барланған бүкіл қор тез түгесілуі де мүмкін. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет геологиялық барлауға 240 млрд теңге бөліп, Шу-Сарысу мен Солтүстік Торғайдан газдың "алып кенін" іздеуге кіріседі.
Премьер-министр Олжас Бектенов 2026 жылы геологиялық барлауға 40,7 млрд теңге бөлу туралы қаулыға қол қойды. 3 жылға шамамен 240 млрд теңге ($500 миллиондай) қарастырылған. Жұмыстар аз зерттелген Шу-Сарысу және Солтүстік Торғай бассейндерін қоса алғанда бірқатар өңірлерді қамтиды, мұнда 2D сейсмикалық барлаудың 6 жобасы жоспарланған. Барлық жобаны 2028 жыл соңына дейін аяқтау көзделген.
Бұл – стратегиялық ставка. Бірақ геология – ұзақсонар процесс. Сейсмикалық барлау мен нақты газдың шығуы арасында жылдар, тіпті ондаған жылдар жатыр. Ал, газ бүгін керек.
Оның үстіне газ тек өнеркәсіп пен тұрмыстық деңгейде ғана тұтынылмайды. Газхимиясы дамып, одан түрлі өнім өндіріле бастады.
Қашаған кен орнында қуаты 1 млрд текше метр газ өңдеу зауыты тұрғызылып жатыр. Жұмыстың 30%-дан астамы ғана орындалған, жабдықтың 95%-ы жеткізілді, іске қосу сол бұрынғы – 2026 жылдың соңы.
UCC Holding-пен 2,5 млрд текше метрлік газды өңдейтін зауыт салу келісім әзірленуде (pre-FEED кезеңі аяқталған). Жалпы, Қазақстанда 2032 жылға қарай тауарлық газ өндірісі жылына 32,3 млрд текше метрге дейін өседі деп күтіледі.
"2025 жылы мұнай-газ химиясында 600 мың тоннадан астам өнім өндірілді. Осы жобаларды іске асыру саланың экспорттық бағдарын қамтамасыз етеді және бір мезгілде елдің ішкі қажеттілігінің 100%-ын өтейді", – деді энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев.
Егер Қазақстан шикізаттық бағыттан жоғары технологиялық өңдеуге толық көше алса, көгілдір отын тек жылу көзі ғана емес, ел экономикасының жаңа драйверіне айналады. Терең өңдеудің экономикалық қисыны мінсіз. Төртінші қайта өңдеу деңгейінде өнім құны шикізатқа қарағанда 20 есеге дейін артады. Алайда мұнда тағы да дилемма туындайды. Ел ішінде өңдеу тереңдеген сайын шикізат ресурсы тапшы бола түседі.