Газбен жүретін көліктердің жабық паркингтерге кіруіне тыйым салынуы мүмкін

3437

Бір апта бұрын inbusiness.kz Ішкі істер министрлігінің кептелістерді азайту үшін жүргізушілерге ерекше құқық беруіне сарапшылардың қарсы екенін сараптап жазған болатын. Осы пікірге ден қойған меморган бастамасын кері қайтарып алды.

Газбен жүретін көліктердің жабық паркингтерге кіруіне тыйым салынуы мүмкін Фото: inbusiness.kz

"Ішкі істер министрлігі қоғамдық талқылау қорытындысы бойынша Жол жүрісі қағидаларында жаяу жүргіншілер туралы ұсынылған түзетуін алып тастады. Бұқаралық ақпарат құралдарында, халық пен сарапшылар қоғамдастығы арасында бұрын "Ашық НҚА" порталында жарияланған Жол жүрісі қағидаларынің 16-тармағына енгізілген түзету жобасы кеңінен талқыланды. Ұсынылған түзетуге сәйкес, реттелетін қозғалыс орындарында реттеушінің немесе бағдаршамның рұқсат беру сигналы қосылғанына қарамастан, жаяу жүргіншілерді бұрын бастаған қозғалыс-маневрін аяқтауы үшін көлік құралдарына жол беруге міндеттеу ұсынылды. Қазіргі уақытта қоғамдық пікірді және сарапшылар қоғамдастығының пікірін ескере отырып, аталған түзету жобадан алынып тасталды", – деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.

Бұл бастамаға қатысты Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха түсініктеме берді.

Оның ұстанымынша, жаяу жүргіншілер жүргізушілерге бастаған маневрін аяқтауға мүмкіндік беруі керек. Бірақ бұл бастамаға қазақстандықтар наразы болып отыр. Ал Ішкі істер министрлігін қызу қолдаған жүргізушілер болмады.

"Шешімді ақылдасып қабылдау үшін де құжаттарды қоғамдық талқылауға шығарамыз. Аталған норманы қоғам талқысына шығардық, көптеген азаматтар мен сарапшылар қарсы болды. Осыны ескере отырып, біз түзетуімізді кері алдық. Жалпы, бұл талап жаяу жүргіншілердің өздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған еді", – деп өкінді Игорь Лепеха.  

Бұған дейін түрлі форумдарда, жиындарда "темір тұлпар" иелері осы тақырыпты көтеріп жүрді.

"Екпінді қозғалған, 1-2 тонна салмағы бар автокөлікке қарағанда, жаяу адамның тез тоқтауы оңай! Машинаның тежегіш жүйесі іске қосылғаннан ол толық тоқтағанша біраз уақыт өтеді, "тежелу жолы" деген де бар. Ендеше жүргіншілерді тоқтауға міндеттеген жөн", – деген сөздер айтылып қалды.

Алайда жеме-жемге келгенде, яғни Әкімшілік полиция комитеті сол ақылға құлақ қойып, жол қозғалысы қағидаларына өзгеріс ретінде ұсынғанда, автоәуесқойлар қауымдастықтары қарсы дәйектемелерін келтіріп, қолдау орнына тым-тырыс қалды. Қоғамдық сынның қуатты екенін байқап, оған қарсы сөйлеп, беделдеріне дақ түсіргісі келмесе керек.

Лепеха мұны "екіұдай жағдай" деп бағалады. Бірақ жүргізушілерге керек емес, ал жүргіншілер наразы түзетуді енгізудің де қажеті жоқ.

Дегенмен, "Жол жүрісі қағидаларын, Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалар бойынша боялуға тиіс жедел және арнайы қызметтер тізбесін бекіту туралы" Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №534 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деген ұзын-сонар атауы бар бұйрық жобасының басқа да даулы тұстары анықталды.

Оларды да Ішкі істер министрлігі түзетіп жатыр. Мәселен, жаңа бұйрық "Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді" толықтырады. Онда "Газбалон құрылғылармен жабдықталған көлік құралдары" деген жаңа белгі пайда болады. Автогазбен жүретін барлық көліктер сол белгіні жапсыруға міндеттелмек.

"Темір тұлпар" иелеріне оның көрінісі ұнамады, жапсырманың сипаты әлеуметтік желіде сынға қалды.

"Газбалон құрылғылармен жабдықталған көлік құралдары" үшін ішінде қара түсті леп белгісі бар және "ГАЗ" сөзі жазылған, жиегі қара түсті, ұшы жоғары қаратылған сары түсті үшбұрыш түрінде болады. Үшбұрыштың ұштары – кемінде 200 миллиметр, жиегінің ені ұштарының 1/10-іне тең. Оны газбалон құрылғылары бар механикалық көлік құралдарының алдына және артына орнату қажет", – деп жазылды бұйрық жобасында.

Көлігі бар азаматтар 20 сантиметрлік жалпиған, аса көлемді жапсырманы тым үлкен, әрі сиықсыз санады.

"Көліктің артқы шынысына бір жапсырма жапсырса да, жеткілікті болады. Жапсырманың көлемін де қайта қарап, азайтқан абзал. Тым баттиып, автомобильдің сыйқын кетіріп тұрады. Көліктің газбалон құрылғысымен жабдықталуы жол қозғалысына әсер етпейді. Сондықтан ол туралы құлақтандыратын белгінің өзге жол жүрісіне қатысушыларға алыстан көрініп тұруы сонша қажет емес. Мұны 15 сантиметрге дейін кемітуге болады", – деді автоәуесқой Әнуар Шангиреев.

Ішкі істер министрлігі жүргізушілердің бұл пікірі ескерілгенін мәлім етті.

"Бұл ұсыныстар назарға алынды. Тиісті норма түзетілді. Жаңа нұсқасына сәйкес, "Газбалон құрылғылармен жабдықталған көлік құралдары" деген белгіше ішінде қара түсті леп белгісі бар және "ГАЗ" сөзі жазылған, жиегі қара түсті, ұшы жоғары қаратылған сары түсті үшбұрыш түрінде болады. Үшбұрыштың ұштары – кемінде 150 миллиметр, жиегінің ені ұштарының 1/10-іне тең болуға тиіс. Оны газбалон құрылғылары бар механикалық көлік құралдарының артына жапсыру қажет", – деп түсіндірді Ішкі істер министрлігі.

Ә.Шангиреев автогазбен жүретін көліктерге жабық, жерасты автотұрақтарына кіруге тыйым салынғалы тұрғанына назар аудартты. Бұл олардың тұрғын үй немесе ғимарат астында жарылмауы үшін жасалмақ.

Өйткені қазақстандықтар бағасы арзандау болғандықтан, көліктерін бензиннен автогазға көшіруін жалғастырды. Өз бетінше жабдықтау түрлі ақаулардың туындауына соқтыруы ғажап емес.

"Бірақ қазіргі кезде дайындаушы зауыттың өзі тек қана газбен жұмыс істейтін арнайы қозғалтқыштармен жабдықтаған машиналар да бар. Мұндай көліктерде бензин багы мүлдем қарастырылмаған. Сондықтан бұл автомобильдерге жеңілдік жасап, олардың жабық паркингтерге кіруіне рұқсат еткен жөн. Себебі, олар қауіпсіздіктің барлық нормалары мен экология талаптарына сәйкес келеді", – деді сарапшы.

Ол Оңтүстік Корея және басқа да озық дамыған елдердің тәжірибесін алға тартты. Оларда көптеген такси қызметі, таксомоторлық парк осындай газды көліктерде жұмыс істейді. Осы арқылы экологиялық тазалық пен сенімділік қамтамасыз етіледі.

Алдыңғы қатарлы елдерде мұндай "тумысынан" газды машиналарға еш шектеу енгізілмепті. Олардың қауіпсіздігін шығарушы зауыттар кепілдендіреді. Сондықтан сарапшы жабық автотұрақтарға қатысты тыйымды тек күмәнді цехтарда, гараждарда газбалонмен жабдықталған бұрынғы бензинді машиналарға қолдануды ұсынады.

Жаңа министрдің командасы жазып жатқан жол қозғалысы ережелері мен көліктерге қатысты қағидалар талай пікірталас тудыратын түрі бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу