Газды Ресейден гөрі өзбекке сатқан пайдалы

3612

Қазақстан әлемдік газ алпауыттарының қатарына қосылуға таяды.

Газды Ресейден гөрі өзбекке сатқан пайдалы

Жыл басынан бері жаһандық қара базарда "көгілдір отын" сатудан еліміздің тапқан пайдасы миллиард доллардан асып отыр.

Әлемдік "газ монополистерінің" бірі – көрші Ресейдің қол-аяғы санкциялармен маталып, өрісінің тарылуымен бірге, Қазақстан үшін жаңа нарықтарды жаулау мүмкіндігі тууда. Осының арқасында мемлекетіміздің бұдан тапқан пайдасы былтырғымен салыстырғанда, бірден төрттен бірге артып шыға келді. Сонымен бірге, газ өндірісі де бір жыл ішінде 6%-ға ұлғайған.

Бұл ретте тек 8 айдың қорытындысы бойынша елімізде 37,3 миллиард текше метр газ өндіріліпті.

Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің дерегінше, осынша көлемнің 90%-дан астамы небары үш өңірдің ғана еншісінде. Атап айтқанда, қазақтың бірінші "газ алыбы" Атырау облысы саналады: ол жыл басталғалы бері 15,6 миллиард текше метр "көгілдір отын" өндіріп, өткен жылғы жетістігін тағы 14,6%-ға жақсартты. Екінші орын Батыс Қазақстанға тиесілі: оның көрсеткіші 13,8 миллиард текше метр және ол 2017 жылы да дәл осы межеде болған. "Үштікті" алдыңғы қос алыбымыздан көп қалып келе жатқан Ақтөбе облысы тұйықтайды. Ол қаңтардан қыркүйекке дейінгі аралықта 4,6 миллиард текше метр газ шығарып, өндірісін былтырғыдан 2,3%-ға жақсартты.

Қалған "көгілдір отын" өндіруші өңірлеріміздің табыстары келесідей: Маңғыстау облысы – 2,1 миллиард, Қызылорда облысы – 0,7 миллиард, Шығыс Қазақстан облысы – 0,4 миллиард, Жамбыл облысы – 0,2 миллиард текше метр.

Егер әр жылдағы өндірісті салыстыра қарасақ, бұл сектордың даму қарқыны үдемелі екенін көруге болады. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан қазір сегіз айда өндіретін газын тек бір жыл ішінде әзер алатын. Нақтырақ айтсақ, 2012 жылы бұл саланың бүкіл өндірісі небары 40,3 миллиард текше метр болды. 2013 жылы бұл көрсеткіш 42,4 миллиард, 2014 жылы 43,4 миллиард, 2015 жылы 45,5 миллиард, 2016 жылы 46,7 миллиард, ал өткен жылы 53,2 миллиард текше метр болды. Биылғы жылы жақсы өсім тіркеледі деп күтілуде.

Айта кету керек, осы көлемнің көбісін жұртымыз өзі тұтынады. Сонымен бірге, экспорт ауқымы да артуда. Биылғы 7 ай қорытындысы бойынша жаһандық нарықтарға 15 миллиард текше метр газ сатылды. Бұл бір жыл бұрынғыдан 1,7%-ға жоғары.

Тапқан пайдаға тоқталсақ, Қазақстанның осы экспорттан тапқан қаражаты 1,03 миллиард долларға жетті. Бұл 2017 жылғы жеті айдағыдан 25,3%-ға көп.

Отандық ең көп газды Қытай тасып әкетуде: қазақстандық экспорттың 35,4%-ы соған бағытталды. Шың елі бұған 363,7 миллион доллар төлепті. Ғажабы сол, бұған дейін Ресей өніміне ден қойып келген шығыс көршіміз Қазақстаннан сатып алатын газы көлемін тек бір жыл ішінде 8 есеге өсірді! Сарапшылардың айтуынша, бұл ҚХР-дың "санкциялар салдарынан улы серіктеске айналған" РФ-дан бойды аулақтау ұстау ниетін паш етеді. 

Отандық "көгілдір отынның" екінші ірі нарығы Украина болып табылады: жыл басынан бері барлық экспортымыздың 28,6%-ын сол тұтынды. Бұл Украинаға 293,5 миллион долларға түскен. Рас, экономикалық қиындықтарды бастан кешіп жатқан бұл ел барлық импортын кемітуде. Соның салқыны газ саласына да тиіп, Қазақстаннан жеткізілімдер өткен жылғыға қарағанда 33,8%-ға азайып кетті.

Бірақ еліміз басқа нарықтар табуда. Атап айтқанда, алғаш рет биыл Қырғызстан бізден 134 миллион текше метр газ сатып алды. Бұл көлем үшін Алатаудың ар жағындағы айыр қалпақты ағайындар 20 миллион доллар аударған. Өзбекстан болса, Қазақстаннан құны 88 миллион долларды құраған 1 миллиард 122 миллион текше метр газ тасымалдады. Бірақ бұл былтырғысынан 2,5 пайызға аздау. Дегенмен, жыл соңына қарай өрістетуі мүмкін.

Қазақстандық "көгілдір отын" қазір Әзербайжанға да жеткізіле бастады: осы жылы олар "бастапқы қадам" ретінде 1 миллион долларға 8 миллион текше метр газға тапсырыс беріпті.

Ресей іргелес жатқан өңірлерін 5 миллиард 941 миллион текше метр қазақстандық газбен қамтамасыз етіп, тұтынысын 13,3%-ға арттырды. Алайда одан елімізге небары 105 миллион доллар пайда түскен. Яғни, Еуразиялық одақтағы ішкі арзан бағамен алатындықтан, газды Ресейге емес, Өзбекстанға өткізу әлдеқайда пайдалы екені байқалады.

Тағы бір салыстыру келтірелік, еліміз жыл басталғалы Швейцарияға әлгінің тек жартысындайды, яғни 2 миллиард 417 миллион текше метр газды сатып, одан 156 миллион доллар табыс көрді.  

Қазақстан әлемдегі бұл аталғандардан басқа елдерге жеткізетін газ көлемін де биыл бірден 32%-ға немесе 4 миллиард 568 миллион текше метрге дейін ұлғайтты: одан жарты миллиард (520 миллион) доллар кіріс құйылды.

Сонымен қатар, сарапшылар шетелдік нарықтардың кеңеюімен бірге, ішкі тұтынушылар үшін газ бағасы қымбаттап бара жатқанына назар аудартады. Ұлттық экономика министрлігінің ресми статистикасы бойынша өз халқымызға құбырлар арқылы жол тартатын "көгілдір отын" бағасы 2018 жылғы бірінші жартыжылдықта өткен жылмен салыстырғанда, 8,6%-ға, ал балондармен тасымалданатын сұйытылған газ бағасы 5,7%-ға өскен.

Және бұл қымбатшылық тоқтаусыз сипатқа ие болуда: 2013 жылы баға құбырдағы газ бойынша 107,8, ал сұйытылған газ бойынша 100,4 пайызға, 2014 жылы тиісінше, 107,8 және 100,6 пайызға, 2015 жылы 102 және 85 пайызға, 2016 жылы 110,8 және 103,1 пайызға өсті. 2017 жыл қорытындысы бойынша желілер арқылы бөлінетін газ елімізде тағы 7,6%-ға, ал сұйытылған газ бірден 14,4%-ға шарықтап шыға келді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу