Газдың бағасы көмірден қымбат болмайды – депутат

11897

Заңнамаға газ мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Газдың бағасы көмірден қымбат болмайды – депутат

Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы Глеб Щегельский парламент мәжілісінің жалпы отырысында "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне газ және газбен жабдықтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР Заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде баяндама жасады.

Баяндамасында экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы осы заң жобасында ұсынылатын өзгерістер мен толықтырулар табиғи газды Қазақстанның ішкі нарығында тиімді пайдалану мақсатында әзірленетіндігін жеткізді. Сондай-ақ, Глеб Щегельский заң жобасы жоғары қосылған құны бар өнімдер өндіру кезінде газ пайдаланушы стратегиялық маңызы бар жобаларға газ бағасын тиімді түрде реттеу бойынша қарым-қатынастар жасауға мүмкіндік беретіндігін айтты.

Мәжіліс депутаты, бұрынғы энергетика министрі Бақтықожа Ізмұхамбетов inbusiness.kz тілшісіне газ және газбен жабдықтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ойымен бөлісті.

"Газбен қамту – күнделікті туындап отырған мәселер бойынша қаралып отырған заң. Ең басты мәселередің бірі – жаңадан іске қосылып жатқан инновациялық жобалар, шағын және орта бизнес, үлкен өндірістік мекемелердің алғашқы кезеңінде экономикасының аяққа тұрып, қалыптасып кетуі үшін кейбір жағдайларда жеңілдіктер қарастырылуы. Екінші жағынан, әлеуметтік мәселер, газды пайдалану жөніндегі қауіпсіздік тәрізді газға байланысты көптеген сұрақтарды жинақталып, заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізіледі",– деді Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Бұрынғы энергетика министрі журналистерге газ бен көмір бағасы туралы ойын білдіріп өтті.

"Ресей мен Қазақстан арасындағы Байқоңырды газбен қамту жөніндегі келісімге байланысты бір заңды қарап жатырмыз. Мұнайдың сұйытылған газының бағасы табиғи газдан бірнеше есе қымбат болып шықты. Ал көп жерлерде көмірдің бағасы газдан қымбат. Бір қарағанда, көмірдің бағасы арзан секілді, ал алты ай қыс болатын астанадағы жеке үйде адамдар 10-12 тонна, үлкенірек үйлер одан да көбірек көмір жағуы мүмкін. Есептей келе белгілі болды – пайдаланатын газдың бағасы көмірден қымбат болмайды. Ол қате түсінік",– деді депутат.

Газ бағасын бүкіл Қазақстан бойынша ортақ ету мүмкіндігі жайында қойылған сұраққа Бақтықожа Ізмұхамбетов ондай баға саясатымен келіспейтіндігін білдірді.

"Әр өңірдің бағасы әр-түрлі. Мысалы, Шымкенттің жүзімі мен Маңғыстаудың жүзімінің бағасы бірдей емес қой. Әр аймақтың өз артықшылықтары мен қиыншылықтары бар. Тарифті барлық аймақтарда бірдей етуге болмайды",– деді депутат.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу