Газет-журналдар қосымша құн салығынан босатылуы мүмкін

Ақпарат комитетінің төрайымы Ләззат Сүйіндік онлайн нұсқасы бар баспа басылымдарды 10 жылға қосымша құн салығынан босатуды ұсынды.

Газет-журналдар қосымша құн салығынан босатылуы мүмкін

Парламент Мәжілісінің депутаттары этникалық бұқаралық ақпарат құралдарын қолдау және дамыту мәселелерін талқылады. Аталмыш жиын барысында баспа басылымдарды қолдау үшін қабылданып жатқан шаралар туралы мәліметтер айтылды. Ақпарат комитетінің төрайымы Ләззат Сүйіндіктің айтуынша, елдегі этносаралық саясатты насихаттауға мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында 18 республикалық БАҚ нысаны тартылған.

"Этносаралық саясат тек этникалық БАҚ арқылы насихатталсын деген талап жоқ. Яғни өзге БАҚ нысандары да бұл іске атсалысып келеді. Қазақстанда 52 этникалық БАҚ тіркелген. Олар 12 тілде ақпарат таратады. Мемлекеттік ақпараттық тапсырысты орындауға солардың бесеуі тартылып отыр. Оларға ақша бөлу республикалық бюджеттік комиссияның шешімімен жүзеге асады", – деген комитет төрайымы БАҚ туралы заңға баспа басылымдарды қолдауға бағытталған өзгертулер мен түзетулер қабылданатынын айтты.

"Ол жобада біз баспа газеттер мен журналдар үшін қосымша құн салығын 0-дік мөлшерме көлемінде белгілеуді ұсынып отырмыз. Бұл мөлшерлеме 2021-2030 жылдар аралығына, яғни 10 жыл мерзімге белгіленіп отыр. Баспа нарығын зерттедік. Сол кезде бірқатар мәселені аңғардық. Баспа басылымдарын сату нүктелері азайған, жарнама берушілердің қызығушылығы төмендеген, газет-журналдардың өз-өзін ақтау қабілеті азайған. Сондықтан осындай түзету енгізіп отырмыз. Қазір республикалық бюджеттік комиссияға тиісті құжаттар пакетін әзірлеп жатырмыз. Бұл жерде этникалық БАҚ өкілдері мән беретін дүние бар. Қосымша құн салығы бойынша 0-дік ставка онлайн-нұсқалары бар  басылымдар үшін ғана қолданылады", – деді Ләззат Сүйіндік.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу